Облыс әкімі медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Салтанатты шара Жұмағали Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжінде өтті.
Алдымен өңір басшысы оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты. Қазіргі уақытта медицина колледжінде 6 мамандық бойынша 1200-ден астам студент білім алады. Оқу ордасында 42 оқытушы жұмыс істейді. Ж.Тлеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжінің директоры Айзар Мұқашевтың айтуынша, бес жыл бұрын оқу ордасына жоғары колледж атағы берілген. Қазір мейірбике ісі мамандығы бойынша бакалаврлар даярлайды. 2022 жылы халықаралық аккредитациядан өткен оқу орны биыл да біліктіліктерін сәтті қорғап шығыпты.
Оқу орнында болашақ медицина қызметкерлерін даярлауға тиісті барлық жағдай жасалған. Түрлі заманауи оқу құрылғыларымен, адам ағзасын емдеуге арналған манекендермен қамтылған. Өңір басшысы колледждің материалдық-техникалық базасымен танысқаннан кейін салтанатты шараға жиналған ақ халаттыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Дәрігер – әлемдегі ең қастерлі мамандық. Өйткені адамның денсаулығын қорғау – аса жауапты іс. Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыз ерлікке тең. Ақ халатты абзал жандар күн сайын адамдардың өміріне араша түседі. Адам денсаулығы – әрқашан ең жоғары құндылық. Ал оған қамқорлық жасауды таңдағандар зор құрметке ие, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Кәсіби мерекелеріне орай 70-ке жуық медицина қызметкерінің еңбегі еленді. Солардың бірі – Сымбат Әліпбаева. Ол – көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының гинекология бөлімінің меңгерушісі. Қарағанды медицина университетін тамамдап, еңбек жолын Шал ақын ауданының ауруханасында бастаған Сымбат Өмірбекқызы “Денсаулық сақтау ісінің үздігі” төсбелгімен марапаттады.
– Бала күнімнен дәрігер болуды армандадым. Мақсатыма қол жеткізіп, 12 жылдан бері осы салада еңбек етіп келемін. Медицина мамандығының қиындығы көп. Сондықтан шыдамдылық керек. Мерекеде еңбегімнің ескерілгеніне қуаныштымын, – деді Сымбат Әліпбаева.
Бұл күні еңбегі еленгендердің қатарында 30 жылдық тәжірибесі бар, жоғары санатты офтальмолог дәрігер Әмина Мәдиева да бар. Ол – осы Петропавл медицина училищесінің түлегі. Кейін Алматы қаласындағы медицина университетінде білім алған. Қазіргі уақытта Петропавлдағы “Есіл-Диагностик” офтальмологиялық орталығында жұмыс істейді. Әмина Мәдиеваның айтуынша, дәрігер өз жұмысына жауапты, ал науқастарына құрметпен қарауы керек.
Марапаттау рәсімінен кейін медицина қызметкерлерінің құрметіне ұйымдастырылған концерттік бағдарлама мереке иелерінің көңілінен шықты.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.