«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫЛА КҮРЕСКЕН ЖЕҢЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес демократиялық қоғам құрудың құрамдас бөлігі, кез келген мемлекет саясатының басым бағыты болып саналады. Осы себепті түрлі амал-тәсілдер арқылы қоғамдық дертті еңсере білсек, кез келген істің табысты дамуына жол ашылары сөзсіз. Өйткені лауазымдық өкілеттіктерін жеке бас мүддесіне пайдалана отырып, мемлекеттік функцияларды өрескел бұрмалайтын немесе делдалдар арқылы мүліктік игіліктер мен артықшылықтар алуды көздейтін шенеуніктердің жолын кесу өзгелер үшін ащы сабақ болар еді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өзектілігі қазір де өте маңызды сипатқа айналып отыр. Сондықтан қолға алынған шараларды кешенді түрде жүргізудің, бұдан бөлек, азаматтық қоғамның жұмыла атсалысуының мәні айрықша. Елімізде “2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат” тұжырымдамасының қабылдануы түсіндіру-ағартушылық жұмыстарға ерекше дем беріп, “нөлдік төзімділік” мәдениетін қалыптастырды.

Басқармада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылатын іс-шаралар жүйелі сипатқа ие. Мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты әзірленіп, оның негізінде құқық бұзушылық фактілерінің жолы кесіледі, мемлекеттік қызметшіге қатысты жағымсыз ақпарат болған жағдайда, қажетті шешім алынып, уәкілетті мемлекеттік органдар мен жоғары басшылық хабардар етіледі. Заңнаманы бұзу әрекеттері байқалмаса, қызметіне, құқықтары мен заңды мүдделеріне теріс әсер ететін заңсыз қудалаудан қорғалады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіліп, фактілер орын алса, лауазымдар тізбесі жасалады. Басқарма қызметінде, орман шаруашылықтарының ведомстволық бағынысты мекемелерінде мүдделер қақтығысын анықтау бойынша тұрақты мониторинг жүргізіледі. Мамандардың азаматтармен тікелей байланысын жақсартатын және сыбайлас жемқорлық құбылыстарын барынша азайтатын автоматтандырылған жеті мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Саланы ақпараттандырудың басқа да жолдары қарастырылған. Сенім телефондары мен веб-сайт жұмыс істейді. Соңғы кездері мемлекеттік сатып алуды автоматтандыру деңгейі артып, мұның өзі бәсекелестік ортаны қалыптастыруға, бюджет қаражатын тиімді игеруге игі әсерін тигізіп отыр. Маңызды шаралардың бірі – мемлекеттік қызметшілердің кірістерін ғана емес, шығыстарын да декларациялау. Болашақта мұндай декларациялауға бүкіл жұртшылық тартылып, заңдылықтың сақталуына және мемлекеттік қызмет жүйесінде ашықтықты қамтамасыз етуге оң ықпал ететін болады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті жыл басынан бері басқарма бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіп, тоғыз сыбайлас жемқорлық тәуекелін анықтады. Оның екеуі нормативтік құқықтық актілер, қалғаны ұйымдастыру-басқару қызметінде тіркелді. Орын алған олқылықтар дереу түзетілді. Мемлекет қойып отырған басты міндет – адалдық пен сатылмаушылық барлық адамдар үшін мінез-құлық нормасына айналуы тиіс.

Бейбіт ИСМАНОВ,

облыстық табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp