«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кене шаққандар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде 1 сәуірден бастап 350 адамды кене шақты. Десек те, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,3 есеге төмен.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау де­пар­таменті басшысының орын­басары Арман Күшбасовтың айтуынша, былтыр сәуір-мау­сым аралығында 454 адамды кене шаққан. Биыл қансор­ғыштан зардап шеккендердің 29 пайызы, яғни 103-і – 14 жас­қа дейінгі бала.

“Кене шағудың эпидемия­лық маусымы қазан айына дейін жалғасады. Биыл кене эн­цефалиті және Лайм боррелио­зы тіркелмеді. Жалпы кене – кене энцефалиті, кене сүзегі, кене боррелиозы немесе Лайм ауруы, геморрагиялық қызба және тағы басқа көптеген жұқпалы аурулардың қоздыр­ғышы ретінде қауіпті”, – дейді Арман Күшбасов.

Кене энцефалитінің вирусы адамға негізінен иксод кенелер арқылы беріледі. Кенені ез­генде немесе шаққан жерді тырнағанда вирус жұғуы мүмкін.

“Кене шаққан жағдайда оны күшпен жұлып алуға тырыспа­ңыз. Тұмсығы қалып қойып, қатты қабыну реакциясын ту­дыруы мүмкін. Кене шағып тұр­ған жерге этил спиртін немесе одеколон тамызып, кейін жән­дік­тің басы қалып қойматындай пинцетпен немесе қарапайым жіппен тартып алыңыз. Кенені пластик ыдысқа немесе бөтел­кеге салып, екі күн ішінде оны зерт­ханаға апару керек. Орнын йодпен немесе спиртпен өң­деңіз”, – дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, ке­нені алу үшін майды, майлы кремді қолдануға болмайды. Бұл жағдайда ол демала ал­май, сілекей мен қоздыр­ғыш­тарды рефлекторлы түрде қан­ға жібереді, осылайша инфек­ция жұғу қаупін арттырады.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp