Көктемгі су тасқынын еңсеру кезінде ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, ерекше белсенділік танытқан мекемелердің бірі – “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ. Зауыт қызметкерлері алғашқы күннен су тасқынына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел штабқа енгізіліп, кәсіпорынның 200-ден астам мүшесі қорғаныс бөгеттерін салысты. Ойқала шағынауданында еріктілермен, Астанадан, Қарағандыдан көмекке келген әскери күштермен бірге құм салынған қаптардан бекініс жасады. Бас директордың бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Виктор Колесников, бас механиктың орынбасары Сергей Асаенок алғы шептен табылды. Сарбаздарды орналастыруға спортзал мен демалыс орталығы бөлініп, талапқа сай жабдықталды. Асхана қызметкерлері дәмділігі тіл үйіретін ыстық тамақпен үздіксіз қамтамасыз етті.
Жұмыла атқарылған жұмыстардың арқасында 16 шақырымнан астам каналдың аумағы кеңейтіліп, Есіл өзенінің бойымен 15 шақырым бөгет тұрғызылды. Бас директор Арман Құлмағамбетов бастаған басшылық су басқан аумақтарды тынбай аралап шығып, гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Сөйтіп қайықтар, құтқару кеудешелері, су костюмдері, матрастар, көрпелер мен жастықтар, басқа да қажетті киім-кешек түрлері тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға жеткізілді.
Су деңгейін бақылау мақсатында 10-15 шақырым радиусқа дейін қамтиын, фото және видеофиксациясы бар, ықтимал қауіптерді жедел анықтайтын ұшқышсыз ұшу аппараттары іске қосылды. Зауыт қызметкерлері Антон Полуян мен Иван Демин оның көмегімен Заречный кентінің қауіпті учаскесінде қалып қоюы мүмкін адамдарды табу және оларды тиісті жерге жеткізу мақсатында іздеуге кірісті. Су тасқыны кезінде біздің зауытта құрастырылған дрондар өздерінің тиімділігін көрсете алды, яғни, арнайы тепловизорлармен жабдықталғандықтан, қараңғы уақытта 15 адамды тауып, қауіпсіз жерленге көшіруге жәрдемдесті. Айтпақшы, Иванның өзі зардап шеккендердің қатарында болды, ата-анасының және өзінің баспанасын су шайды. Дегенмен Иван көмекке алғашқылардың бірі болып келді. Антон мен Иван зауыт басшысының, ал адамдарды эвакуациялау кезінде қажетті құрал-жабдықтарды алып жүрген Максим Қарабықов облыс әкімінің Алғыс хаттармен марапатталды. Олар “біздің заманымыздың батырлары” деуге әбден лайық азаматтар.
Ринат ШАМШУТДИНОВ,
“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ның баспасөз хатшысы.