Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов өңірде болған жұмыс сапары барысында облыстық полиция департаментінің басшылығымен және жеке құрамымен кездесіп, бірқатар міндеттер қойды.
Олардың қатарында цифрлық технологияларды қолдану аясын кеңейту, қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту, су тасқынынан кейін қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мәселелері бірінші кезекте аталды.
Ведомство басшысы солтүстікқазақстандықтардың жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, су тасқынымен күрес шараларын ұйымшылдықпен әрі белсенділікпен атқарғанына жоғары баға берді.
Министр сондай-ақ заңнамалық өзгерістер шеңберінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін төмендету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға, оған сәйкес бірқатар құқық бұзушылықтар құрамы Әкімшілік кодекстен Қылмыстық кодекске ауыстырылғанына тоқталды. Анықтау органдарының алдына отбасы мен тұрмыс саласындағы ауыр қылмыстардың алдын алу үшін заңнамадағы жаңа өзгерістерді барынша тиімді пайдалану талабы жүктелді.
Сонымен бірге мас күйде жасалатын қылмыстар санын азайту, ол бойынша барлық шараларды мемлекеттік, қоғамдық ұйымдармен үйлестірудің маңыздылығы айтылды. Қызметтік тәртіпті нығайтуға баса назар аударылды.
Кездесу соңында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тәртіп сақшыларын келе жатқан кәсіби мереке – Қазақстан полициясы күнімен құттықтады.
Ержан Сәденов өңірге сапары барысында мамандандырылған түзету мекемесінің құрылысына бөлінген жер учаскесінің жобасымен танысты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.