«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ ӨЗІМІЗДЕН БАСТАЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде өскелең ұрпақ­ты сөй­леу мәдениетіне, сауатты жазуға тәр­бие­леу жайының түйткілді мәселеге айналып бара жатқаны қынжылтады. Бәрін кінәлаудан аулақ­пыз, дегенмен, жастар­дың көбі теледидар мен әлеуметтік желілердің ықпалында шырма­ты­лып қалғаны талассыз шын­дық.

“Жаман әдет тез жұққыш келеді” демекші, соның салда­рынан тілдік нормаға, қарапа­йым сөйлеу ережесіне үш қайна­са сорпасы қосылмайтын “ботқа тілдің” орныққаны соншалық, қалыпты үрдіс ретінде қа­был­дайтын болдық. Оның бір мы­салы – “жұмыс жасау”. Құлаққа түрпідей тиіп, жүрекке тікендей қадалатын осы қате тіркесті рес­публикалық, жергілікті тележур­налистер эфирде жиі қолда­на­тынын байқау қиын емес. Әлі есімде С.Мұқанов атындағы об­лыстық ғылыми-әмбебап кітап­ханада дұрыс сөйлеп, сауатты жазуға қатысты өткен алқалы бір жиында тиісті ұйым басшылары­ның “Сөйлеу мен жазу мәдение­тін қалыптастыруды қадағалай­мыз. Қате тіркестерді қолдануға жол бермейміз”, – деп сендірген құдайы уәдесі сиырқұйымшақта­нып, құмға сіңген судай жым-жылас болды. Сол жиыннан сабақ ала алмағанымызды республи­калық, жергілікті телеарналар­дың қазақ тілді журналистері мен “жүгіртпе жолдар” арқылы бері­ліп жүрген материалдардың “са­уаттылығынан” жиі көріп жүрміз. Тіл тазалығы сақталмаған ха­бар­лардың күніне бірнеше рет қай­таланатындығына назар ау­дарудың орнына қорытынды шы­ғаруға асықпайтынын қайтерсің? ҰҒА академигі, белгілі термин­танушы Шерубай Құрманбайұлы “БАҚ және сөз мәдениеті” атты еңбегінде “Жұмыс жасамайды, істейді. Жұмыс жасап емес, әде­би тіл нормасына сәйкес “жұмыс істеп жатырмын” деп жазған, сөй­леген жөн” деп қадап айтқанмен, “мал құлағы саңыраудың” кері!

Кейбір “білгіштердің” айтып та, жазып та жүргеніндей туыл­ған күн (туған күн), бара жатыр­ған (бара жатқан) сөз тіркесте­ріне де етіміз әбден үйреніп кеткен секілді. Соңғы кездері “жанұя” сөзін “отбасы” тер­мині­нің баламасы ретінде қолдану белең алғандай. Ғалымның жо­ға­рыда аталған кітабында “жан­ұя – кейінгі жылдары жасалған жасанды сөз. Қазақта отбасы, шаңырақ, үйелмен, үй-іші сияқты сөздер тұрғанда бұл сөзді қол­дану орынсыз”, – деген уәжге құлақ ассақ, кәнеки?

Еліміз егемендік алғаннан бері білім беру министрлері ауысқан сайын жасалатын нә­тижесіз “реформалар” оқушы­ларды сауатсыздандыра түсті десек, қателесе қоймаспыз. Ешқандай мән-мағынасы жоқ нау­қандық сипаттағы “бастама­лар” қазақ тілі оқулықтарының мазмұнын мүлдем қожыратып жіберді. Оқулықты кім көрінген жазып, шетінен кертіп жейтін “майлы тоқашқа” айналдыруы­ның басты себебі, тәжірибелі тіл мамандарының қатыстырыл­мауы, олардың өгей бала құсап шетқақпай қалуы. Бұрын Ы.Ал­тын­са­рин атындағы Ұлттық білім академиясының бекітуі­мен “Мектеп” баспасы ғана шығара­тын оқулықтарды бүгінде оқушы түгіл ата-ананың түсінуі­нің өзі қиын. Қарап отырсақ, ба­қылау­сыз баспалар мен қалам­ақы қуған авторлар жауыннан кейінгі саңырауқұлақ құсап қап­тап кетті. Бұл да – “қойшы көп болса, қой арам өледінің” бір мы­салы. Бү­гінде телеэфирде өзде­рін “жұл­дыз” санайтындар ара­сында жалғау мен шылауды айы­ра білмейтіндер жетіп арты­лады. Тіпті магистратура бітір­ген­дер­дің ішінен де осындай “бі­лімді­лер” кездесіп қалады. Мұ­ның өзі сөздің мағынасына жете мән бермейтіндігін, өздігінен ізден­бей­тіндігін анық аңғартады. Озық ойлы тіл білімі маман­дары­ның еңбектерін оқыса, тер­мин­ком бекіткен шешімдермен та­нысса, мұндай олқылықтарға жол берілмес еді. Сауатты сөй­леп, дұрыс жазамын дейтіндер әлеуметтік желінің мүмкіндікте­рін де пайдалануына болады.

Менің мысалға келтіргенде­рім – тележурналистер қисынсыз қолданып жүрген сөздердің бір парасы. Айтпағым – экран ал­дында отырған, мерзімдік бас­пасөзді оқитын жастарға жұмыс жасамай, жұмыс істеп, үлгі көр­сетсе деген оймақтай ой ғана.

Ежелгі грек мифологиясында ғаламат күш иесі Геракл Элида патшасы Авгийдің әбден ласта­нып кеткен абажадай ат қорала­рын ағысы өте қатты Алфей, Пе­ней өзендерінен су жіберу ар­қылы бір күнде тазартып беріп, алтыншы ерлігін паш еткен кө­рінеді. Содан бері белгілі бір іс­тегі шектен шыққан былық пен салақтықты “Авгийдің ат қорала­рына” теңейтін болған. Осы мәтелді сырлы суреткер Ғабит Мүсірепов өткен ғасырдың 80-шы жылдары Алматының төрін­де ана тілімізге арналған рес­публикалық басқосуда жасаған баяндамасына тақырып (“Авгий­дің ат қорасынан бастайық!”) етіп, “Қазақ тілі – бай тіл, ора­лымды, ырғақты, теңеу-бейнеулері – ерте туған тіл. Поэзияда Абай, Ілияс сияқты, прозада Мұхтар сияқты алыптар туғызған тіл. Мен осындай тілімізді таза ұстайық деймін. “Авгийдің ат қорасынан бастайық” дегендегі айтарым осы ғана”, – деген сал­мақты оймен түйіндеген екен.

Нұрсайын ШӘРІП,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp