Биылғы жылы өңірдің мәдениет саласында бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ. Өткен айда мәдениет және өнер қызметкерлері күнін атап өту барысында аудандардағы өнер ұжымдары арасында ауқымды байқау өтіп, соның нәтижесінде үздік ауданға автокөлік берілетіні туралы айтылғанды. Бүгінде облыстық халық шығармашылығы және мәдени-бос уақыт қызметі орталығының мамандары іріктеуді бастап кеткен. Осы күнге дейін ұйымдастырушылар 12 ауданда болып, мәдениет үйлерінің шығармашылық әлеуетін бағамдаған.
– Былтырғы байқау Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған еді. Онда Есіл ауданы топ жарып, 3 млн. теңге жүлде еншілеген. Биылғы байқау “Есіл өңірі – ән бесігі” деген тақырыпта өтіп жатыр. Осы жолы жүлде қоры да қомақты. Жеңімпаз ауданға автокөлік беріледі. Аудандардың дайындығы жақсы екенін байқадық. Бірқатар жаңа есімдер бар екенін көрдік. Соның ішінде ұлттық өнерді жанына серік еткен жастар бары қуантады, – дейді облыстық халық шығармашылығы және мәдени-бос уақыт қызметі орталығы директорының орынбасары Сандуғаш Жоламанова.
Аймақтық іріктеуге облыс бойынша 450-ге жуық өнерпаз атсалысқан. Олардың арасында әр жанрда өнер көрсететін өнер ұжымдары, әнші-бишілер, жастар мен балалар бар.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.