Өңірде өткен аптада үш бала суға кетті. 10 жасар баланың денесі әлі табылған жоқ. 14 маусым күні ол сағат 15:00 шамасында Есіл өзенінің Зайсан шағынауданы маңында суға кеткен. Бала достарымен шомылуға барған екен.
“Іздеу жұмыстарына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 52 адам және 5 техника жұмылдырылды. Іздеуге бір су асты дроны және ұшқышсыз басқарылатын 2 ұшу аппараты қолданылған, оқиға орнында еріктілер мен полиция жұмыс істеп жатыр”, – деді ведомство қызметкері Аман Әуесханов.
16 маусым күні сағат 16:30 шамасында Тайынша ауданында Шағалалы өзеніне шомылуға барған 15 жастағы екі жасөспірім суға кетті. Баланың бірі Тайыншада тұрса, екіншісі Атбасар қаласынан келген. Екеуі де – Тәжікстан Республикасының азаматы.
“Балалардың денесін тауып, судан алып шықтық. Сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Фамилиялары ұқсас, туыс болуы мүмкін. Қазір осы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр”, – деді департаменттің баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.