«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ғибратты ғұмыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазіргі замандастарымыздың көпшілігі мектеп қабырғасында жүргенде газет-журналдардың оқырманы болды десек артық айтқандық бола қоймас. Ол кездері қазіргідей әркімнің қолында ұялы телефон түгіл телевизордың өзі ауылда саусақпен санарлықтай еді. Ауылымыздағы хат тасушы Сапура апайдың екі үлкен сөмкесі болатын. Сол сөмкелеріне газет-журналдарды толтырып алып, мектепке таңертең және түстен кейін келіп, әр отбасының жаздырып алатын басылымдарын балаларына тарататын. Көбі облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетін жаздырып алатын.

Бір ғасырдан астам тарихында өңіріміздегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағына Алаш арыстары Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Әбілқайыр Досов, Мұқан Әйтпенов бастаған отыздан астам адам редакторлық етті. Солардың арасында биыл туғанына 95 жыл толатын Уәп Рақымжановтың өз орны бар. Бұрынғы Көкшетау облысындағы Елтай ауылының тумасы Уәп Әшімұлы “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) газеті редакциясының табалдырығынан аттағанда қырыққа жаңа толған кезі болатын. Қазақ қырықты қамал алар жас деп тегін атамаған ғой, 1952 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін тамамдағаннан кейін еңбек жолын “Көкшетау правдасы” газетінде бөлім меңгерушісі болып бастап, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған Уәкең республикаға танылған қаламы жүйрік журналистердің қатарына қосылып үлгерген еді. Нақ осы жылдары оның ұйымдастырушылық қабілеті де жарқырай көрінгені анық. Соның бір дәлелі Уәп Әшімұлына Еңбекшілдер аудандық газетін басқару сеніп тапсырылады.

1963 жылы республиканың солтүстік өңіріндегі бес облыста (Павлодар, Ақмола, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Қостанай) “таралымы аз, өзін-өзі ақтамайды” деген сылтаумен қазақ тіліндегі газеттер жабылып қалғандықтан, ол Ақтөбе қаласындағы өлкелік газет қызметкерлерінің қатарына қосылады. Мұнда әуелі бөлім меңгерушісі, одан кейін редактордың орынбасары болады. Ал 1968 жылы “Көкшетау правдасы” газетінің редакциясына оралып, жабылып қалғанға дейін атқарған орынбасарлық қызметін жалғастырады. Ал 1969 жылдың күзінде Қазақстан компартиясы орталық комитетінің шешімімен Солтүстік Қазақстан облыстық газетінің редакторлығына тағайындалады. Ол кездері партия қызметкерлері іспетті журналистердің де мансаптық өсуі қатаң бақылауда болатын, басшы қызметтерге тағайындауды орталық билік шешетін.

Бұрын журналистер тек Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде даярланатын. Арман қуып мен де әсем қала Алматыға жол тарттым. Алайда қуанышым ұзаққа бармады. Алатау баурайындағы шаһардың ауа райы жақпай, қан қысымым көтеріліп кеткен соң ауылға оралдым. Бірден Петропавл қаласындағы К.Ушинский атындағы педагогикалық институтқа құжаттарымды тапсырып, физика-математика факультетінің студенті атандым. Осы жоғары оқу орнында оқыған, ауылда мұғалім болған, аудандық партия комитетінде қызмет істеген жылдарымда редакциямен байланысымды үзген жоқпын. Әскер қатарындағы азаматтық борышымды өтеп қайтқан соң ауылда екі аптадай демалғаннан кейін газет редакциясының табалдырығын аттадым.

Бұрындары да редакцияға келіп жүргендіктен, Бақыт Мұстафин, Амандық Жантеміров, Шашубай Малдыбаев, Әмір Қожахметов, Амандық Әбжанов, Болат Қожахметов сынды журналистерді жете білмесем де танитынмын. Ескі танысым Жарасбай Сүлейменовтің кабинетін тауып алдым, ол партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі екен. Елдегі жігіттердің, өзімнің хал-жағдайымды сұрап жатыр. Менің келген мақсатымды білген соң бірден редакторға алып барды.

Үлкен бөлменің төрінде отырған аққұба өңді, дөңгелек жүзді жігіт ағасы орнынан тұрып сәлемімді алды да, ескі таныстардай бірден әңгімеге үйіріп әкетті. Жүзі қандай жылы болса, дауысы да сондай биязы екен.

– Дұрыс, үлкен міндеттен құтылған екенсің, енді қандай жоспарың бар?

– Егер мүмкіндік болса, қызметке тұрайын деп едім, – деп кібіртіктей бердім.

– Сен туралы осындағы жігіттер арқылы хабардармын. Мектепте, партия қызметінде істепсің. Сені әскерден кейін аудандық партия комитетінде тосып отырған жоқ па? Болашағың бар жігіт көрінесің, ондай қызметті тастап кетпе. Менің саған ағалық ақылым, әлі де ойлан. Егер шындап шешсең, бір аптадан кейін келерсің, – деп қолымды алды.

Айтқан уақытта редакцияға оралдым. Редактор қабылдау бөлмесіндегі хатшы келіншекті шақырып алды да “Редакция алқасының мүшелерін жинай қойыңыз”, – деді. Редактор әңгімені көп созған жоқ: “Мына жігітті бәріңіз де білуге тиіссіздер, біздің газетімізге көптен мақала жазып тұрады, әскерден оралыпты, қызметке шақырып отырмын”, – деді. Алқа мүшелерінен бір-екі адам сұрақ қойғандай болды, бірақ ешкім қарсылық білдірген жоқ. Сөйтіп, мәдениет бөлімінде, кейіннен партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкер болып журналистік қызметімді бастадым.

Редактордың ол кезде кім екенін де білмеймін ғой, кейін қол астында қызмет істей жүріп, небір асыл қасиеттеріне қанықтым. Уәп Әшімұлы жас журналистердің тез қанаттанып, аяғынан тік тұрып кетуіне маңдай терін аямай төкті. Ол кездері редакцияда екі мүшелден жаңа асқандар – мен, Құрман Рамазанов, Қошан Қали, марқұм Роза Молдақова болатын. Қалғандары қырық-елудегі тәжірбиелі журналистер еді. Ақыл-парасаты мол, терең білімді, тәжірибесі толысқан, қиялы ұшқыр, қаламы жүрдек, мықты журналист, газет шығарудың қыр-сырын жетік меңгерген іскер басшы бәрімізді жеке үлгісімен алға жетеледі. Уәкең сырт көзге мінезі жұмсақ көрінгенмен ұжымды ұршықша үйіріп басқарды. “Еңбексүйгіштік. Тапсырылған іске жауапкершілік. Тәртіптілік. Міне, осы қасиеттерді Уәкең аса жоғары бағалайтын. Өзі де осы талаптарды өмірінің айнымас қағидаларына айналдырды, қарауындағылардан да осындай мүлтіксіз мінезді қалайтын”, – деп жазды естелігінде кейіннен өзі де редактор болған Бақыт Мұстафин.

Уәкең нағыз редактор еді. Кейбіреулер материалды түзеймін деп күзеп тастаса, ол кез келген материалдың тігісін жатқызып, құлпыртып жіберетін. Жас журналистердің талпыныстарын үнемі қолдап, сенімдеріне қанат байлап отыратын.

Уәкең қарамағындағыларға дауыс көтеріп ұрсуды білмейтін, ішкі мәдениеті өте бай, сезімтал жан еді. Уәкең редакция қызметкерлерінің қай-қайсысын болсын назарынан тыс қалдырмайтын. Жұмыс арасында оларды жеке-жеке қабылдап, жағдайларын біліп отыратын. Ол кезде қаладан пәтер алу өте қиын еді. Редакциядағы адамдардың арасында он-он бес жыл, одан да көп уақыт пәтер кезегінде тұрғандар болған. Бірнеше мәрте облыстық партия комитетінің пленум мүшесі, облыстық кеңестің депутаты болып сайланған Уәп Әшімұлы редакция қызметкерлері үшін бұл мәселенің де ойдағыдай шешілуіне күш салды. Облыс, қала басшылары беделді редактордың сөзін жерге тастаған жоқ. Сөйтіп, айналасы бірнеше жылдың ішінде жас қызметкерлердің өзі пәтерге ие болып шыға келді. Мұндай игіліктен техникалық қызметкерлер де шет қалған жоқ.

Уәкең сан қырлы қаламгер, газет ісінің нағыз білгірі еді. Газеттің безендірілуіне, жанрлардың саналуандығына, оқырмандармен байланыстың нығаюына көп көңіл бөлетін. Өзі де кабинетте қамалып отыра бермей ауылдық жерлерге жиі шығып, кесек-кесек мақалалар жазатын. Іссапардан оралған соң машинисті кабинетіне алдырып, шамалы уақытта дауыстап айтып отырып, көлемді материалдар жазатын. Оның әр мақаласы терең талдауға, нақты деректерге негізделетін. Ол редактор болып тұрған жылдары газет аптасына бес рет жарық көретін, оның үстіне баспахананың материалдық-техникалық мүмкіндіктері қазіргімен салыстырғанда жер мен көктей еді. Журналистердің жазған мақаласы линотип машиналарында қорғасынға құйылатын және арнайы станокта қатталатын. Таңертең басталған жұмыс кейде түн ортасына, ал партия съездері, пленумдары болғанда тіпті таң атқанша созылатын. Курьер (хат тасушы) газеттің дайын беттерін түннің ортасына дейін редактордың үйіне апарып, оқытып әкелетін. Уәкеңнің түзетулерін салғаннан кейін ғана газет басылуға жіберілетін. Осындай тынымсыз еңбектің, үздіксіз ізденістің нәтижесінде “Ленин туы” республикадағы беделді басылымдар қатарына қосылды, “Құрмет белгісі” орденімен марапатталды. Ал 1982 жылы газетіміз Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне қатысып, арнайы дипломға ие болды, бір топ журналиске көрме медальдары тапсырылды.

Уәкеңнің басқа қалаларда белді жұмыс істейтін бірге оқыған достары, тілеулестері көп болатын. Олар Қызылжарға жол түскенде редакцияға соқпай кетпейтін. Ал Уәкең болса, меймандарға бөлмелерді аралатып, қызметкерлермен таныстыруды ұмытпайтын.

Өз ісіне шын берілген білікті басшының, іскер ұйымдастырушының еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол екі мәрте “Құрмет белгісі” орденімен, бірнеше мерейтойлық медальдармен, үш мәрте Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Айта берсек, Уәп Әшімұлының ұлағатты ғұмыр жолында тындырған істері аз емес, артына қалдырған жақсы ізі сайрап жатыр. Ол әркез өз ісіне, туған халқына адал болды, елінің болашағына қалтқысыз қызмет етті. Өкініштісі, ұстазымыздың мәңгілік сапары ерте басталды, зейнеткерлер қатарына қосыла алмай кетті. Тірі болса, нақ осы күндері 95 жастың төріне көтерілер еді. Десек те аяулы азаматтың есімі ұмытылмақ емес. Оның жарқын бейнесі шәкірттерінің, көзін көргендердің жүрегінде ұзақ сақталады.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) У. Рақымжанов.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp