«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘСКЕРИ АКАДЕМИЯ ТҮЛЕКТЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығының бас алаңында Ұлттық ұлан академиясының жас офицерлеріне диплом тапсыру рәсімі өтті. Әскери оқуды аяқтаған түлектерді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Ішкі істер министрі Ержан Сәденов құттықтады.

Өңір басшысы су тасқынымен күресуге және оның зардаптарын жоюға белсене атсалысқан академия курсанттарын ерекше атап өтті.

– Биыл облыс үшін күрделі кезең болды. Академия офицерлері мен курсанттары су тасқыны кезінде батылдық танытты. Табиғи апаттың алғашқы күнінен әскери азаматтар су тасқынымен күре-суге және оның зардаптарын жоюға белсене қатысты. Сарбаздар үйлерді қалпына келтіруге және зардап шеккендердің баспаналарына тез оралуына өз үлестерін қосты. Осының арқасында көптеген адамдардың өмірін сақтап қалдық. Солтүстікқазақстандықтардың атынан сіздерге алғысымды білдіремін. Ер-азаматтар осындай кезде шыңдалады. Алдағы уақытта да нағыз ерлік танытып, абыройлы еңбек етіңіздер. “Елім” дейтін азаматтар көп болсын, – деген өңір басшысы жас офицерлерге алдағы әскери қызметте мансаптық өсу тіледі.

Ал Ішкі істер минстрі Ержан Сәденов Ұлттық ұлан елімізде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететінін атап өтті. “Бұл қызметті көптеген офицерлер мен сержанттар абыроймен атқаруда. Оларға еліміздің тыныштығын сақтау міндеті жүктелген. Сіздер күрделі әскери қызметті адал және жауапкершілікпен орындайды деп сенеміз. Парасатты кәсіпті таңдауына көмектескен, балаларын еліміздің лайықты азаматтары етіп тәрбиелеген ата-аналарға мың да бір алғыс” , – деді Ержан Сәденов.

Биыл ұлттық ұлан академиясын 190 түлек тамамдады. Олардың оны оқуды үздік аяқтады. Оқуды үздік бітірген 4 түлек осыған дейін Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан мерзімінен бұрын лейтенант шенін алған еді. Қазақстандық түлектермен бірге білім алған Тәжікстан Республикасының 7 өкілі де офицер атанды.

Ресми бөлім аяқталғаннан кейін түлектер ақ көйлек киген бойжеткендермен вальс биледі. Курсанттардың бірі сүйген қызына сөз салып, қуанышты еселей түсті.

Жас лейтенанттардың бірі – Бағдаулет Исабек бала кезінен әскери қызметші болуды армандаған. Ол Ұлттық ұлан академиясына Түркістан облысынан келген. Оқу орнын жақсы аяқтаған офицер академия басшылығына алғысын білдірді.

Биыл академия құрылғаннан бергі 24-ші түлектерін қанаттандырды. Осы уақыт аралығында жоғары оқу орнын тамамдаған 4 мыңнан астам офицер еліміздің күштік құрылымдарында абыройлы қызмет етіп жатыр.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp