Өңірде діни алауыздықты қоздыру фактісі бойынша ұсталған күдікті енді полиция қызметкеріне жұдырық ала жүгіргені үшін де жауап бермек.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары интернет-кеңістікке мониторинг жүргізу барысында діни алауыздықты қоздыру белгілері бар материалды анықтаған. Оны Есіл ауданының тұрғыны жариялаған.
Қазіргі уақытта осы дерек бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Тергеу әрекеттері барысында аудан орталығының тұрғыны мән-жайды анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілді. Тәртіп сақшылары тексеру мақсатымен ер адамнан iPhone14 маркалы ұялы телефонын беруді сұраған. Бірақ жергілікті тұрғын олардың заңды талабын елемей, құрылғыны сындырмақ болған. Полицейлер бұған жол бермепті, бірақ ер адам қызметкерлердің бірінің бетінен ұрған.
“Күдікті ұсталды. Оған қатысты алауыздықты қоздыру және билік өкіліне күш көрсету фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Денсаулыққа келтірілген зиянның дәрежесін сараптама көрсетеді”, – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.