Баланың дүниеге келуі – кез-келген адамның өміріндегі маңызды оқиға. Бұл ата-ана мен бала арасында өмірдің әртүрлі салаларында – құқықтық, мәдени, әлеуметтік қатынастарда байланыс орнатады. Құқықтық тұрғыдан алғанда, заңды түрде белгіленген балалардың шығу тегі өзара құқықтар мен міндеттердің пайда болуының негізі болып табылады.
Еліміздің “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Кодексіне сәйкес, бала туғаннан кейін бірден тіркеледі және дүниеге келген кезінен бастап есім және азаматтық алуға, сондай-ақ өз ата-аналарын білуге және олардың қамқорлығында болуға құқылы.
Баланың анасының кім екендігін тіркеуші орган баланың медициналық ұйымда туғанын растайтын құжаттардың негізінде айқындайды. Егер бала медициналық ұйымнан тыс жерде туған жағдайда, оның шығу тегін туу фактісін растайтын медициналық құжаттардың негізінде тіркеуші орган белгілейді, ал олар болмаған жағдайда баланың шығу тегі сот тәртібімен анықталады.
Баланың туу туралы куәлігіне баланың ата-анасы некеде тұрған ерлі-зайыптының кез келгенінің өтініші бойынша жазылады және неке қию туралы куәлік осындай жазба үшін негіз болып табылады. Әкеден баланың дүниеге келгенін растайтын басқа құжаттар талап етілмейді.
Баланың анасымен заңды некеге тұрмаған азамат жаңа туған нәрестеге әке болу мәртебесін алу үшін сәбидің анасы екеуі тіркеуші органға бірлескен өтініш беруге тиіс.
Анасы қайтыс болып, оның тұрған жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайда немесе ата-ана құқығынан айырылса – қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келісімі арқылы баланың әкесінің өтініші негізінде, ал мұндай келісім болмаған кезде сот шешімі бойынша анықталады.
Кәмелет жасына толған адамға әке болу мәртебесін анықтау кәмелетке жеткен азаматтың келісімімен жүзеге асырылады. Ал егер ол әрекетке қабілетсіз деп танылса – оған тағайындалған қорғаншысының немесе қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келісімімен жол беріледі.
Конституцияда және Кодексте кепілдік берілген отбасының, баланың шығу тегінің құпиясын сақтау мақсатында мемлекеттік тіркеу бөлімі әке болуды анықтауды алып тастады. Бұл ретте баланың жеке басы мен ата-анасы туралы деректер туу туралы куәлікте ғана көрсетіледі.
Бұрын әке болуды анықтау кезінде балаға әке болуды анықтау және туу туралы 2 куәлік берілсе, жаңа өзгерістерге сәйкес балаға тек туу туралы куәлік беріледі.
Әке немесе ана болуды анықтаған кезде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар енгізу үшін ата-аналары немесе олардың біреуі баланың ата-анасының бірлескен өтініші негізінде әке (ана) болуды анықтау туралы; анасы қайтыс болған, анасы қайтыс болды деп жарияланған, анасы хабар-ошарсыз кетті деп танылған, анасы әрекетке қабілетсіз деп танылған, анасы ата-ана құқықтарынан айырылған не шектелген, анасының тұрғылықты жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайларда өзін баланың әкесі деп таныған адамның әке (ана) екенін анықтау туралы; әке (ана) болуды анықтау туралы сот шешімі бойынша, сондай-ақ әке болуды тану фактісін және әке болу фактісін кез келген тіркеуші органға баланың анасы немесе басқа да мүдделі адамдар анықтау туралы өтініш береді.
Көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге жүгінген кезде туу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу үшін мына құжаттар қажет:
1) әке (ана) болуды анықтау туралы, өзін баланың әкесі деп танитын адамның өтініші бойынша әке (ана) болуды анықтау туралы, сот шешімі бойынша әке (ана) болуды анықтау туралы өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу туралы өтініш;
2) жеке басты куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
3) туу туралы куәлік, жоғалған жағдайда оның жоғалғаны туралы көрсету және азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер. Егер әке болуды анықтау мемлекеттік тіркеумен бір мезгілде жүргізілсе, баланың туу туралы куәлігі талап етілмейді.
4) өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу қажеттігін растайтын құжаттар туралы мәліметтер (бала асырап алу, әке болуды анықтау туралы сот шешімі туралы мәліметтер; бала асырап алудың күшін жою немесе жарамсыз деп тану туралы сот шешімі туралы мәліметтер; әке болуды анықтау кезінде әкесінің өтінішінде көрсетілген негіздемеге байланысты анасының болмау мән-жайын растайтын құжаттар: анасының қайтыс болуы туралы азаматтық хал актілерін тіркеу туралы мәліметтер (Қазақстан Республикасының аумағында); анасын әрекетке қабілетсіз деп тану туралы, оны қайтыс болды деп жариялау туралы, анасын ата-ана құқықтарынан айыру не шектеу туралы сот шешімі туралы мәліметтер; анасының тұрғылықты жерін анықтау мүмкін еместігі туралы анықтама, өзгерістер, түзетулер, толықтырулар енгізу туралы, заңды фактіні және т. б. анықтау туралы сот шешімі жөнінде мәліметтер);
5) туу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу қажеттігін растайтын, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде берілген, заңдастырылған немесе апостиль мөртабаны бар, орыс немесе мемлекеттік тілге нотариалды куәландырылған аудармасы бар азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің көшірмелері;
6) азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу қызметтері үшін төлемді растайтын құжат немесе Кодекстің 182-бабының 2-тармағына сәйкес төлемнен босату үшін негіз болып табылатын құжат (оны төлеу қажет болған жағдайда);
7) көрсетілетін қызметті алушының өкілі жүгінген жағдайда нотариалды куәландырылған сенімхат. Баланың ата-анасының өкіл арқылы бірлескен өтініші негізінде әке болуды анықтаған кезде тууды мемлекеттік тіркеу туралы актілік жазбаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
Әке болуды анықтауға байланысты тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбаларына өзгерістер, толықтырулар енгізу және әке болуды анықтауға байланысты туу туралы қайталама куәліктер беру мемлекеттік қызметі тегін көрсетіледі.
Егер сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адам, сондай-ақ осы әрекетке қабілетсіз адамның қорғаншысы өтініш беруші болып табылса, баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар енгізуден бас тартылады.
Некені қию, бұзу туралы куәлікке немесе акт жазбасына, сондай-ақ бала асырап алу, әке болуды анықтау туралы өтінішке сәйкес сот шешімінің негізінде тіркеуші орган баланың әкесі туралы мәліметтерді баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасынан алып тастайды.
Кодексте көзделген тәртіппен әке болу анықталған кезде баланың бір-бірімен некеде тұрған адамдардан туған баланың ата-аналары мен олардың туыстарына қатысты сондай құқықтары мен міндеттері болады.
Альбина АДИЛОВА,
облыстық әділет департаментінің бас маманы.