“AMANAT” партиясының аудандық мәслихаттағы депутаттар фракциясы және партиялық бақылау комиссиясының біріккен отырысында “Жол картасы” бағдарламасының орындалуы, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Алқалы басқосуда аудан әкімі Елена Степаненконың бес айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша атқарылған жұмыстар туралы есебі тыңдалды. Баяндамашы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция тарту салаларына жеке-жеке тоқталып өтті. Биыл 4,2 млрд. теңгенің 23 мемлекеттік жобасын іске асыру көзделген. Оның бірқатары дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға, жылу жүйелерін тартуға, мектептерге, медицина, мәдениет мекемелеріне, жолдарға күрделі және орташа жөндеу жүргізуге бағдарланған. Осынау шараларға саяси бірлестіктер мен агро-құрылымдардың үлкен үлес қосып отырғаны атап өтілді.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Дүйсембаев мал азығының берік қоры жасалып жатқанын көктемгі егіс науқаны ұйымшылдықпен аяқталғанын, жеңілдікті дизель отынын сатып алуға электрондық өтініш беру қолданылғанын атап өтті. Ал құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі Қайсар Әмрин бюджеттік ұйымдардың қысқы жылыту маусымына әзірлігі жайына тоқталды.
Елді мекендерді тіршілік нәрімен қамту жергілікті органдардың тұрақты қадағалауына алынған. Былтыр бірнеше ауылға орталықтандырылған су жүйесі жеткізілді. Биыл Покровка мен Дубровное ауылдарында су тарту жұмыстары жалғасып, Афонькино мен Воскресеновка да тіршілік нәрімен қамтамасыз етіледі. Искра мен Щучье бойынша жобалық-сметалық құжаттар рәсімделді. Дачное, Орел, Коваль, Октябрь, Новоандреевка елді мекендерінің жерасты су қоры зерттеліп, 2025 жылға таман блок-модул орнатылатын болады.
Халида ШАГВАЛЕЕВА.
Мамлют ауданы.