Премьер-министрдің қатысуымен өткен Үкімет отырысында елдегі шомылу маусымына қатысты жағдай талқыланды. Ел бойынша 45 адам суға батып кеткен. Үкімет басшысы барлық облыс әкімдеріне су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін патрульдеуді күшейтуді тапсырды.
Осы ретте өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов суға түсу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша жедел кеңес өткізді. Оған Петропавл қаласы және аудан әкімдері қатысты. Облыста 2000-нан астам көл бар. Дегенмен, шомылуға арналған 60 қана орын белгіленген. Былтыр өңірде суға шомылу маусымында бес қайғылы оқиға тіркелген еді. Өкінішке қарай, бұл жағдай биыл да қайталанды. Облыста шомылу маусымы басталғалы 3 бала суға кетті. Олардың барлығы – кәмелет жасқа толмағандар. Біреуінің денесі әлі табылған жоқ. Өңір басшысы жауапты органдарға бақылау шараларын күшейтуді тапсырды.
– Петропавл қаласында арнайы шомылуға рұқсат берілген тек екі жер бар. Сол себепті бақылауды күшейту керек. Қазір демалыс маусымы басталды. Тұрғындар өзен-көлге жиі барады. Облысымыздың бірқатар аудандарында арнайы шомылу орындары белгіленбеген. Бұл қайғылы жайтқа алып келеді. Сол себепті полиция және төтенше жағдай департаменті мамандары сақтық шараларын күшейтуді және рұқсат берілмеген жерлерге жиі рейд жүргізуді тапсырамын, – деген облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов солтүстікқазақстандықтарға суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы үндеу жариялады.
Жазда қайғылы оқиғалардың негізгі себептері жабдықталмаған жерлерде, мас күйінде суға түсу және балаларды қадағаламау екені белгілі.
Соңғы он жылда қайғылы оқиғалардың барлығы суға түсуге рұқсат етілмеген жерлерде орын алған. Сондықтан өңір басшысы аудандар мен Петропавл қаласының әкімдеріне суға түсу үшін жабдықталмаған қауіпті жерлерге тыйым салатын және ескерту белгілерін орнатуды тапсырды.
Облыстық полиция департаментіне Ұлттық ұланның бөлімшелерімен бірлесе отырып, 6637 әскери бөлімінің жеке құрамының патрульдік маршруттарын су қоймаларындағы көпшілік демалыс орындарына барынша жақындату тапсырылды. Бүгінгі таңда Есіл өзенінің Петропавл қаласы жанынан өтетін бөлігі, Пестрое мен Таранғұл көлдері тәулік бойы күзетіледі.
Сондай-ақ облыс әкімі барлық жауапты мемлекеттік органдарға тұрғындармен алдын-ала жұмысты күшейтуді, профилактикалық ақпаратты хабардар ету және тарату мақсатында WhatsApp топтарымен тұрақты ақпараттық байланыс орнатуды тапсырды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.