Жылдағы дәстүрге сай Жамбыл ауданындағы үздік түлектерге биыл да сый-сияпат табысталды. Игі шараның қолдаушысы – жергілікті кәсіпкер Екпін Әбиев. Биыл ол үздік мектеп бітірушілерге “Отбасы” банктің 100 мың теңгелік сертификаттарын сыйлады.
2018 жылдан бастап жыл сайын кәсіпкер мектептердің үздік түлектеріне 100 мың теңгенің сертификатын беріп келеді. Бүгінде бұл игі дәстүрге айналған. Алты жыл ішінде Екпін Әбиев жастардың болашағына жалпы 6 млн. теңгеден астам қаржы салған.
– Бұл менің балаларға берген батам іспетті. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Сондықтан да олардың әр қадамына қолдау білдіріп, демеуіміз керек. Депозитке салынатын қаржы күні ертең жастардың өз жоспарларын жүзеге асыруына жәрдемдеседі, – дейді кәсіпкер.
Биыл Жамбыл ауданында 164 жас мектеп бітірген. Олардың сегізі – “Алтын белгі” иегері. Алтысы білім ордасын үздік аттестатпен тамамдаған.
– Алға қойған үлкен мақсаттарым бар. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ІТ-мамандығына оқуға түскім келеді. ҰБТ-ға мұқият дайындалдым. Нәтижесінде 109 балл жинадым. Өз ата-анама, мұғалімдеріме, бүгінгі шараны ұйымдастырған азаматтарға алғысымды білдіремін, – дейді Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің түлегі Ерасыл Сайран.
Жастарға берілген қаржы банктің “Aqyl” депозитіне салынады. Жылдық мөлшерлемесі 12 пайыздық депозиттегі қаржыны оқу ақысын төлеуге жұмсауға болады.
Игілік РАХМЕТОВ.