«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АДАМНЫҢ АРЫ ТАЗА БОЛУЫ КЕРЕК”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Жарасбай Қабдоллаұлы, сіз санаулы күндерден кейін 75 жастың биігіне көтерілесіз. Адам ғұмырының өлшеуішіне салып қарағанда аз жас емес. Артыңызға бұрылып қарағанда нені көресіз? Жүріп өткен жолыңызға көңіліңіз тола ма? Әлде “әттеген-ай” дейтін тұстар кездесе ме?

– Әдетте әріптестеріміз жасы ұлғайған адамдармен әңгімелескенде осы сауалды алға тартып жатады. Былай алып қарағанда, бұл жан қинамайтын жеңіл сұрақ сияқты көрінеді. Алайда мұның астарында үлкен мән бар. Бұл сауал бүкіл адамның ғұмыр жолының салмағын көтеріп тұрғандай. Өйткені осы сауалға жауап беру үшін қаласаңыз да, қаламасаңыз да өткен өміріңізге ой жүгіртесіз. Қатпар-қатпар жылдардың тасасында қалған талай оқиғаларды жаныңызда жаңғыртып, жауап іздейсіз. Әрине өзімнің өткен өміріме ешқандай ренішім, өкпем жоқ. Ең бастысы мен ата-анамды, бірге туған бауырларымды, ағайын-туғанды, дос-жолдастарымды ренжіткен жоқпын. Сондықтан бұл өмірде маған жамандық ойлайтын адамдардан гөрі жақсылық қалайтын, ниеттес азаматтар көп деп сенемін. Әке-шешемнің айтқанымен жүрдім. Берген ақыл-кеңестерін көңіліме тоқыдым. Әкем марқұм үш мәселені қадап, қайта-қайта айта беруші еді. Мен жас кезімнен ол кісінің қасында көп болдым. Отынға барса да, шөпке барса да, мал бақса да жанындамын. “Балам, оқу оқы, жоғары білім ал, темекі шекпе, жаман әдеттерге жолама”, – дегенді жиі айтатын. Мен көзі тірісінде әкемнің айтқан ақыл-кеңестерінің бәрін орындауға тырыстым. Жоғары білім алып, әскер қатарында борышымды өтедім. Мектепте де жақсы ұстаздардың алдын көрдім. Сол кісілер терең білім берумен бірге, жақсы өмір сүрудің, тәртіпті болудың, тәрбиелі болудың үлгісін көрсетіп кетті. Сейтен Сауытбеков деген ғұлама ұстаз менің жеке басыма көп көңіл бөліп, талай жеке әңгімелер өткізіп, ақыл-кеңесін айтып, өлең жазудың қиындығын, жай-жапсарын түсіндіруші еді. Кейін зейнет демалысына шығып, ауылдан Алматыға көшкенде де сол жақта кездескен сайын маған жақсы сөзін айтып, қанаттандырып, демеп отырды. Мәриям Мырзатаеваның есімі республикаға әйгілі еді. Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі еді марқұм. Сол кісі де мені қолдады. Осындай жандардың тәлімді тәрбиелері мені журналистикаға алып келді. 75 жылдық ғұмыр жолымда осындай асыл жандардың кездескеніне қуанамын.

– “Адамды адам ететін – еңбек” деген сөз ешқашан мағынасын жоғалтпайтын тұжырым. Өз басым сіздің еңбекқорлығыңызға тәнті боламын. Бұл қайдан жұққан қасиет?

– Мен ауылда өстім. Әкем де, шешем де қарапайым жұмыспен айналысқан адамдар болды. Еңбекке үйір болуыма қандай шаруадан болсын үрікпеген әке-шешемнің берген тәрбиесі ықпал етті. Қиын заман. Сол кезеңде өмір сүрген кісілердің еңбектен басқа қызығы болған жоқ. Әкем марқұм мен ес білгеннен бері сенбі, жексенбі демалыс дегенді, болмаса жылына бір айналып келетін еңбек демалысы дегенді білген адам емес. Таң атқаннан кеш батқанға дейін тізе бүкпей, бел жазбай жұмыс істейтін. Ол кісілер үш мезгіл тамағын ішкенде ғана тыныстаған шығар, әйтпесе басқа жағдайларға мойын бұрған жандар емес. Шешем де таңғы бесте тұрып, сиыр сауып, қаймағын алып, шиеттей бала-шағаның таңғы асын әзірлейтін. Ол кезде қазіргідей аста-төк заман емес, әйтеуір дастарқан бос болмайтын, аш болған жоқпыз. Ірімшігі бар, айраны бар, қаймақ, май ара-тұра дастарқанға қант қояды. Бауырсақ пісіреді. Осының бәрін атқаратын анам еді. Ол кісі де күн ұзаққа үйде жүрсе де тізе бүкпейді. Кешке бәріміз жиналып дастарқан басында шай ішіп отырғанда, ол кісінің қалғып кететін кездері болған. Біз баламыз. Анамыздың бұл қылығына күлеміз. Ақылымыз толыса бастаған кезде ата-анамызға көмектескіміз келіп, әкемнің орнына мал бағатынмын. Мектеп бітіргеннен кейін ауылда қалып шопан болдым. Одан екі жыл трактор тізгініне отырдым. Тракторшылардың арасында бірінші орынға ие болған кезім де есімде. Содан кейін аудандық жас мал өсірушілер арасында жеңімпаз атандым. Менің баққан малдарым тәулік сайын 1 килограмм 1200 грамм салмақ қосқан екен. Мұның бәрін ойдан шығарып немесе мақтаныш үшін айтып отырған жоқпын. Біреулерге ой салар деген мақсат қана.

– Кез келген адамның идеалы – әке мен шеше. Сіздің ата-анаңыздың сұрапыл соғыс жылдары қысылған талай жанға демеу болғанын естігенім бар еді. Осы жайтты тарқатып айтып бересіз бе? Жалпы ата мен ананың үмітін ақтай алдым деп ойлайсыз ба?

– Бәріміз әке-шешемізді жақсы көреміз ғой. Олар да балаларын мәпелеп, алақанға салып өсіреді. Менің әке-шешем жоғарыда айтқандай қарапайым адамдар болса да, жүректерінің жылуы мол жандар еді. Екеуі де құдай қосқандай біреуге қамқорлық жасауда, қолындағысын бөліп беруде алдарына жан салмайтын. Колхоз басшылығы әкеме еңбек озаты ретінде ағаш үй сыйлаған екен. Соны әкем өзі алмай “біздің үйіміз бар” деп басқа бір колхоздың мүшесіне сыйлапты. Оны бертінге дейін біздің ауылдың үлкендері айтып жүрді. Тағы бір өзім куә болған жағдай, екі кештің арасында бір топ сығанды ертіп келіп тұр. Шешем “Бұларды қайда жатқызамыз”, деді.

– Енді, ойбай-ау, бұлар да адам ғой, далада жата ма? Келіп қалған екен, қонып кетсін, – деді әкем. Сонда өзіміз сырылып төменге жатып, әлгілерді жоғары, төрге жатқызғаны бар. Біздің ауылда бір үлкен кісі болды, ауырыңқыраушы еді, аяқ астынан үйі күйіп кетті. Ол кезде қазіргідей жедел қимылдайтын қызметтер жоқ. Ешкім ештеңе жасай алмады. Бір-екі дүниесін, жастығын алып шығыпты. Әкем сол кісіге қарай кетті. Қайда, неге бара жатыр, біз оны білмейміз. Үйге алып келді. Біздің үйде бір аптадай болды. Төр үйде жатты. Анам да адамдарға қамқор болды. Біздің әулеттің үлкендері соғысқа бармай қалған. Бірі ауырады, екінші бірінің екі көзі көрмейді, үшіншісі қартайып қалған, соларға бас көз болатын кісі жоқ. Анам өзі сауыншы болып еңбек ете жүріп, әлгі қарттардың бәрін бір үйде ұстап, тамақтарын әзірлеп, кірлерін жуып, күткен екен. Осы оқиғаны біздің ауылдың анаммен бірге өскен адамдары, құрбылары аңыздай қылып айтып отыратын. Біздің де біреуге жақсылық жасағымыз келіп тұрады.

Ата-анам көзі тірісінде адамға тән қуаныштардың бәрін көрді. Ұлдарын үйлендірді, қыздарын тұрмысқа берді, немере сүйді. Үлкен ағам өмір бойы тракторшы болып жұмыс істеді. Еңбек озаты атанды, жолдамамен Австрияға барып, жастар арасында үздік көрінді. Менен кейінгі қарындастарым да жоғары білім, біреуі орта білім алып, еңбек етті. Сәкен деген кенже інім қара жұмыс істегенде жан аямайды. Білегінің күшімен келе жатқан азамат. Жаман аттары шыққан жоқ.

– Қоғамдағы түйткілді тақырыптарға ойыссақ, соңғы кездері қыз-келіншектерге қол көтеру мәселесі жиі көтеріліп жүр. Сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Біздің қоғамда түйткілді мәселелер өте көп. Алдыңғы толқын өкілі болғандықтан жастардың болашағына алаңдаймыз. Олар жақсы өмір сүрсе екен, қызық-қуаныш көрсе екен ғой деп ойлаймыз. Біз жақсы заманда өмір сүрдік. Одан да жақсы заман туды, еліміз тәуелсіздік алды. Өз қолымыз өз аузымызға жетті. Ел болдық, ұлт ретінде әлемге танылып жатырмыз. Осы абыройды асқақтату қазіргі жастардың міндеті. Бірақ жастардың бәрі бірдей осындай жақсы істерге құлшынып тұрған жоқ. Мұның бәрі тәрбиеден. Тәрбие мәселесіне келгенде біз кішкене тізгінді босатып алдық. Біздің жас кезімізде ағайындыларды былай қойғанда, бір ауыл-аймақтың өзі бір отбасыдай тату-тәтті тұратын. Адамгершілік қасиеттерден айрылып бара жатқан сияқтымыз. Жоғарыда отырған басшылармен кездескенде тәрбие, руханият мәселесіне көбірек көңіл бөлу қажеттігін жиі айтамын. Экономикалық өрлеуде, басқа да мәселелерде сана дұрыс болса, адамның ой-ниеті түзу болса, бәрі орнына келеді. Ал енді біз тәрбие мәселесін қолға алмасақ экономикадағы жетістіктеріміздің бәрі бекер болып шығады. Қыз балаларға, әйелдерге қол көтеру ақылға сыймайтын мәселе ғой. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған адам заңмен қорғалуда. Біз ұлттық құндылықтарымызды, ата-салтымызды, қадірімізді білсек мұндай күйге жетпес едік. Анасын да, қызын да сыйлаған, алақанға салып тәрбиелеген халық едік. Қазір неше түрлі жағдайлар орын алып жатыр. Жалпы мен әйелді, қызды былай қойғанда жалпы әлімжеттік деген мәселені түсінбейтін адаммын. Өзімнің балаларымның маңдайынан шерткен емеспін. Оларға нәрестеге қол көтеру дегеннің үлкен қылмыс екенін айтып отырамын.

– Әділетті, жаңа Қазақстанды құру үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз?

– Біз қазір жаңа заманда өмір сүріп жатырмыз. Кеңес заманында біраз жайды көрдік. Кішкене шетқақпайлау қалған кездеріміз де болды. Оның бәрі артта қалды. Қазір жеке мемлекет болып, өзімізді өзіміз билеп жатырмыз. Бірақ әрине атқаратын жұмыстар өте көп. Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әділетті Қазақстан, жаңа Қазақстан құрамыз деп, алдымызға үлкен мақсат қойды. Мен ол кісінің адалдығына, халыққа қызмет ететін азамат екеніне сенемін. Парасатына тәнтімін. Мен оны бүгін ғана айтып отырған жоқпын, ол кісі қызметке келгенде бірден ешкімге жалтақтамай, ешкімге алаңдамай, мұның арты қалай болады екен демей, әлеуметтік желіде, газеттерде де өз ойымды ашық айтқан едім. Әлі де сол пікірдемін. 30 жыл бойы тындырылмаған істерді қалпына келтіру оңай шаруа емес. Бәрін жолға салу үшін уақыт керек. Менің айтатынынм бізге адалдық керек. Біз өз ісімізге, өзіміздің ортамызға, отбасымызға елімізге адал болуымыз керек. Тер төгіп жақсы ниетпен жұмыс істеп, жамандықтан бойды аулақ салып, намысымызды қамшылап өмір сүрсек біз көп мәселелерді шешеміз. Әділетті Қазақстан, жаңа Қазақстан деген ұранды сөздердің астарында үлкен ойлар, үлкен мәселелер жатыр. Дұрыс жол көрсетілді, енді соны ел болып қолдасақ бәрі жақсы болар еді. “Балық басынан шіриді” деген сөз бар. Қолындағы билігін қара басының пайдасы үшін іске жаратып отырған адамдар көп. Олар ұсталып та жатыр, түрмеге тоғытылып та жатыр, бірақ әлі тоқтау жоқ. Неге десеңіз тәрбие көрмеген. Бізге әке-шешеміз күн сайын “біреудің ала жібін аттама”, “біреудің дүниесіне қызықпа”, “ұрлама”, “өз еңбегіңмен ғана күн көр” деп отырушы еді. Қазір жас та, жасамыс та бай болсам екен, ұрлап-жырласам қолына бір мүмкіндік түсіп қалса соны алсам, жесем деген оймен ғана жүреді. Осыдан біз арылуымыз керек. Президентіміз бұл мәселені жиі көтеріп жүр. Абайға жүгінеді. Осыған барлық деңгейдегі басшылар көп мән берсе жақсы болар еді. Адамның ары таза болуы керек, қолы таза болуы керек. Осы жасқа жеткенше жеке басымның мәселесін шешу үшін бір адамға бір тиын беріп көрген жоқпын. Бір адамнан бір тиын алып көрген емеспін. Ар-намысты аялауымыз керек. Елімізді сүюіміз керек, елімізге адал болуымыз керек.Осындай мәселелерді біз шешсек әрине жастар өсіп-өркендейді, халқымыз бақытты өмір сүреді. Бүгінгі аға толқынның да, бүкіл адамзаттың да бар арманы осы ғой. Ұлттың ұйысуы, ұлттың тұтастығы осындай құндылықтарға, адалдыққа байлануы керек.

– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp