«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТ БАР ЕЛ БАҚЫТЫН ОЙЛАЙТЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақта “тон жағасыз, ел ағасыз болмайды” деген сөз бар. Мен бүгін өмір жолын баяндағалы отырған адам – Ғабит Мүсірепов ауданындағы аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдардың бірі Иманбай Тасмағанбетов. Осы ауданда туып, табан аудармастан еңбек еткен, қажырлы қайраты мен ынтасының арқасында абыройы асқақтаған жан. Жасын да, тәжірибесін де бұлдамай, бәз біреулер секілді ел алдына шығамын деп емпеңдемей-ақ, құрметке бөленуде. Алғаш кездескеннен-ақ қарапайымдылығымен баурап алды.

Иманбай Қақашұлы 1947 жылы бұрынғы Рузаев ауданына қарасты Шұқыркөл ауылында туған. Жалпы бұл ауылдан ғалым да, ақын да, ел билеген әкім де шыққан. Осы жерде туып өскен Еркін Әуелбеков, Айқын Нұрқатов, Нығмет Ғабдуллин, Болат Жалмақанов, Сұлтан Досмағанбетов секілді атпал азаматтарды ел біледі. Тумаса да туғанындай болып кеткен, талай жыл еңбек еткен Байкен Әшімов секілді қазақтың марқасқасының да есімін осы ауылмен байланыстырады. Қай жағынан алсаңыз да құтты, қастерлі мекен.

Қасиетті Шұқыркөлден түлеп ұшқандардың бірі – біздің кейіпкеріміз. Балалық бал дәурені осында өткен. Алайда соғыстан кейінгі заманда туған балаларда қайбір балалық болды дейсің. Әке-шешесі күні-түні жұмыста, өзі де жұмысқа ерте араласып, ерте есейді. Мектепте оқып жүрген күнінен-ақ ептілігі мен тиянақтылығының арқасында көзге түсіп, ауылдастары үлкен үміт күтті. Бірақ тар заманның тұсауы жібермей, 1965 жылы мектеп бітірісімен жұмысқа жегілді. Парижская коммунна кеңшарының бөлімшесінде жұмыс істеп, бір жарым жылдан соң басшылық Қотыркөлдегі зооветтехникумға оқуға аттандырады. 1970 жылы дипломын алғасын елге оралып, еңбек майданына қайта түседі. Оттан да, судан да тайынбай лыпып тұрған жігітті бірден бригада басшылығына тағайындайды. Кішкентайынан қара жұмыстан қашпай, қайта ауырына өзі сұранып тұрған жас маманға артылған үлкен сенім еді. Бұл сынақтан да қаймықпай, білек сыбана кірісті.

Дәл осы жылы өзі сүйген қызбен шаңырақ көтеріп, жауапкершілігі арта түсті. Жұмыста да өзін үлгі тұтқан жастар аз болған жоқ. Қыз-жігіттердің басын қосып, комсомол ұйымының төрағасы болып сайланды. Аудан басшылығы жігерлі жігітке сенім артып, жауапкершілігі мол қызметтерге салды. Қай іс болсын, зерделі жігіт абыроймен атқарды. Соның арқасында Келлеров ауданына ауыстырылып, онда партия ұйымының хатшысы қызметіне кірісті. Кеңес үкіметі кезінде компартияның беделі мықты болғаны жасырын емес, оның абыройын асқақтатуға жігерлі де білімді адамдарды жұмылдыратын. Туған жерден жырақтамас үшін Привольный кеңшарына оралып, онда да партия ұйымының хатшысы қызметін атқарды. Кейін осы және Новоселський ауылындағы ауылдық кеңестің төрағасы болды. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін аудандық аймақаралық инспекцияда басшының орынбасары болып еңбек етті. Зейнетке шыққасын да қарап отыра алмай, жеке шаруашылық құрып, өз ісін дөңгелетті. Бір сөзбен айтқанда, өзгеге үлгі боларлықтай еңбек етті. Аянбай қызмет қылды, қай жерде болмасын жерлестерінің сый-құрметіне бөленіп жүрді.

– Адамды өз ортасында сыйлы қылатын басты қасиеті – еңбегі мен білімі. Өз ісін сүйіп істеген адам ғана жетістікке жете алады. Қасыңдағы әріптестеріңнің, отбасыңның алдындағы жауапкершілігіңді сезініп, соған сай адал қызмет етсең ісің алға басады. Басшылар да, бірге келе жатқан қанаттас жолдастарым да қолдап, үнемі көмектесіп жүрді. Мен де солардың үмітін ақтап, жерге қаратпау үшін шамам келгенше еңбек еттім. Тәубе деймін, бүгінде артыма қарасам, ұялатын оғаш қылығым жоқ екен. Мен ғана емес, менің ұрпағым да елімізге, туған жерімізге аянбай еңбек етіп келеміз, – дейді Иманбай Қақашұлы.

Осы орайда, еңбекқорлық пен білімге қоса, адамның діңін айта кеткен де жөн болар. Кез келген адам өз ата-анасының берген тәрбиесінің жемісі екені өтірік емес. Бала кезінен бойға сіңірген қасиеті де түбі бүр жармай қоймасы анық. Өйткені тектілік тұқым қуалайтын қасиет. Бұлай деуімізге Иманбай ағаның әкесінің қаны, анасының сүтімен дарыған еңбекқорлығы мен мәрттігі себеп. Қазақта тегін жерге терек өспейді деген аталы сөз бар. Иманбайдың әкесі Қақаш та елге сыйлы, сөзі өтімді адам болған. Соңғысын досына жұлып беретін жомарттығымен, тура сөзден таймаған әділдігімен көзге түске екен. Қиын-қыстау замандарда ауылдастарының басын қосып, шаруашылықта аянбай еңбек еткен, сонысымен еліне қадірлі болған. Анасы Ғазиза – он екі құрсақ көтерген аяулы ана. Өкініштісі сегіз бала кішкентай күнінде шетінеп кеткен. Өзі ажарлы, өнерлі адам болған деседі. Суырып салма ақындығы бар, той-думанның көркін қыздырған. Ағайын-туыс арасында беделді, сыйлы жан еді. Иманбай кенжесі болғаннан кейін көз жұмғанша қасында жүрді.

Адамның жолы әрқашан даңғыл бола бермейді. Өмірде сүрінетін, қия басатын сәттер де кездеседі. Әрі әрқашан өзі ойлағандай бола берсе, өмірі тек жарқын сәттерден ғана тұрса, ауыртпалық пен қиындықты көрмесе, жаман мен жақсыны, ащы мен тұщыны қалай айырады? Міне, осындай қысталаң сәттерде мойымауға жігерін жанып, алға ұмтылу тек нағыз ердің ғана қолынан келеді. Тағы бір айта кетерлігі, кеңестік жүйе кезінде қаракөздерімізге қысым жасалғаны өтірік емес. Олардың өсуіне де әркез жағдай бола берген жоқ. Тек білімді, жігерлі дегендері ғана өз еңбегі мен күш-қайратының, білімі мен білігінің арқасында өсті. Осы тұрғыдан алғанда Иманбай Қақашұлының жолы болды. Өз ісіне адалдығының арқасында тасты жарып шыққан емендей қиындықтардан қашпай, ағысқа қарсы жүзді. Ерен еңбегі мен өткір мінезі өз жемісін берді.

– 1997-98 жылдары Иманбай Қақашұлымен қоян-қолтық жұмыс істедік. Аға тұтып, ылғи кеңесіне жүгінетінмін. Өзі де жастарға білгенін айтудан, үйретуден шаршамайтын. Тәжірибесі мол, өмірден түйгені, көргені көп көшелі адам болғасын, жастар да үйір. Жасы кіші деп кеудесін керген емес, адам сыйлауды сол кісіден үйрендік десек те артық болмас. Жас кезінен жауапты жұмыстарды атқарып, тиянақтылығымен көзге түскен, ешкімнің қолдауынсыз өзі өскен азамат қой. Тәжірибесі ұшан теңіз. Қазақстан тарихындағы алғашқы ауыл әкімдерінің бірі. Новоселов ауылдық округін басқарды, кейін ауданда қызмет етті. Қазір де жұмыстан қалған жоқ, қоғамдық кеңестің мүшесі, белсенді адам, – дейді әріптесі Нұрсадық Барақаев ақсақал.

Иманбай Қақашұлының бір қасиеті – көп сөйлей қоймайтын тұйықтығы. Бірақ жұмысқа қатысты, әсіресе халықтың жағдайы туралы мәселе көтеріле қалса, бұғып қалмайтын өжет. Оны қатар жүрген әріпестері де жиі айтады.

– 1997 жылы Көкшетау облысының бірнеше ауданы қосылғасын, ауылдармен танысуға шықтық. Ол кезде ауданды Серік Сүлейменов деген азамат басқарады. Бір ауылдық округке барып едік, Иманбай есімді жігіт қарсы алды. Сол ауылдық округтің әкімі екен. Бұрынғы екі кеңшарды қосып, бір округ жасапты. Аумағы үлкен. Заманның қиын кезі, көлік жоқ, халықтың қатынауы қиын. Иманбай сабырлы, білікті жігіт екен. Партиялық сатылардың барлығынан өткен, ысылған маман екені көрініп тұрды. Ауылдың жағдайын, халықтың тұрмысын, көңіл күйін жақсы біліп отыр. Бірден ауылдық округті бөлу туралы ұсыныс айтты. Жай ғана айтқан жоқ, жіліктеп тұрып түсіндірді. Келіспеске амал қалмады. Сөзін қабыл алып, іске кірістік. Артынан араласып, жақсы жолдас болып кеттік. Ең бастысы, еліне қызмет ететін бала тәрбиеледі. Үш ұлы да елім деген мықты азамат болып өсті. Бәрі қазір абыройлы қызмет етіп жүр, – деп сол жылдары облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып, ауыл шаруашылығы саласына жауапты болған Құдайберген Қалиев еске алды.

Міне осындай қарапайым мысалдар-ақ адамның бойындағы білігі мен туған жерге деген жанашырлығын көрсетсе керек. Еңбегі еленіп, бүгінде ауданның құрметті азаматы атанды. Мемлекеттік наградаларды төсіне қадады. Бірақ оған дандайсып, мен деп кеуде қаққан емес. Керісінше, қарапайым ғана болмысымен, сөзге тоқтайтын парасатымен халқының құрметіне бөленіп жүр.

Иманбай Қақашұлы жар таңдауда қателеспеген. Алтын құрсақ жұбайы үш ұл, екі қыз сыйлаған. Анасы Ғазизаны да бағып-қағып, енесінің батасын алған. Қаз дауысты Қазыбек би: “Жақсы бір болса алғаның, қоғамды болар жан жағың, жаман бір болса алғаның, үйіңнен кетпес жанжалың”, – деген екен. Мәриям Манапқызы – Торғай өңірінің жақсыларының бірі, атағы жер жарған Қарауыл Баржақсы бидің немересі. Торғай өңіріне қонақшылап барған кезде құдаша қызды ұнатып қалып, жар қылып алған. “Әрбір ер адамның жетістігінің артында мықты әйел тұрады”, – деп бекер айтылмаса керек. Азаматтың ел алдында жарқылдап жүруінде жұбайының атқаратын рөлі ерекше. Үйдегі тұрмысқа алаңдамай, ісінің берекелі болуы өмірлік серігінің еңбегі.

– Аллаға тәубе, елу төрт жыл біргеміз. Бес баламыз бар, немере-шөбере сүйіп отырмыз. Мамандығым тарихшы. Қырық бес жыл мектепте еңбек еттім. Енем марқұм жиырма бес жыл қолымызда болды. Салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды ешқашан ұмытқан емеспіз. Біздің үйдің заңы десек те болады, өмір бойы орыс арасында тұрып келе жатсақ та балалардың бәрінің тілі қазақша шықты, – дейді Мәриям апай.

Ол өмір бойы мектепте мұғалім болды, еңбегі еленіп “Қазақстанның білім беру саласының үздігі” атанды. Бірақ бәрінен де аяулы жар, асыл ана деген ат қымбат екенін естен шығармаған. Бүгінде ардақты әже деген мәртебесі бар. Үш ұлы мен екі қызының бәрі де өмірден өз жолын тауып, жемісті еңбек етуде. “Әке көрген оқ жонар” демекші, ұлдарының үшеуі де ата кәсіпті жандандыруда, бәрі де ауыл шаруашылығы саласының мамандары. Үлкені Марат Тасмағанбетов бүгінде облыс әкімінің бірінші орынбасары, оған дейін Ғабит Мүсірепов атындағы аудан мен Петропавл қаласының әкімі қызметін абыроймен атқарды. Самат пен Бауыржан кәсіпкерлік саласында табысты еңбек етуде. Гүлмира анасының жолын қуып, ұстаздықты таңдаса, Динара экономист маман.

Әкеден ұл туса – игі, әке жолын қуса – игі дегендей, балаларының өмірден өз жолын тауып, абырой биігінен көрінуі – ең алдымен тәрбиенің жемісі. Үлкен ұлы Марат Иманбайұлының айтуынша, әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды.

– Үйде бес баламыз ғой, анамыз мұғалім, әкеміз үнемі жұмыста. Бәрімізді де кішкентай күнімізден жұмысқа салды. Мектептен келе сала мал жайлаймыз. Күнделігімізді мұғалім анамызға емес, әкемізге көрсетеміз. Нашар баға алсақ, ойнауға жібермейді. Ең бастысы, біздің білім алуымызға, тәртіпті болуымызға көп көңіл бөлді. Жаман деген аттарыңды шығармаңдар дейтін. Тоқсаныншы жылдардың басында бір үйдің төрт баласы жоғары оқу орнында студент болдық. Заманның қиын кезі, жалақыны айлап бермейді. Әкем мал ұстады, қызметін де ақсатқан жоқ. Соның арқасында бізді оқытты, білім алуымызға жағдай жасады. Бүгінгі жетістіктеріміздің бәрі де – әкеміздің арқасы. Өте талапшыл, еңбекқор адам. Сол қасиеттерін біздің бойымызға сіңірді, – дейді ол.

Бала – тек ұрпақ жалғастырушы ғана емес, ол ата-ана берген тәрбиенің айнасы. Қазақ “сөз келтірмеңдер” деген бірауыз сөзбен ғана ұлдарының жігерлі, намысты болуына ықпал еткен. Обал мен ұят, сауап дегенді кішкентай күнінен бойларына сіңіріп, бүгінде соның жемісін көріп отыр.

– Сөз келмесін деп адал болдық, қатты болдық. Адал адам ғана жетістікке жетеді. Бүгінде заман өзгерді, қоғам өзгерді. Бірақ еңбекке деген адалдық өзгерген жоқ. Табанды, мақсатшыл адам ғана елге сыйлы болады. Өзіне де, өзгеге де талап қоятын адамның жолы ашық. Балаларыма соны ұдайы айтып отырамын, – дейді Иманбай Қақашұлы.

Кейіпкеріміз қарапайымдылығы мен табандылығының арқасында талай белесті бағындырды. Қай жерде болмасын өзінің іскерлігімен көзге түсіп, құрметке бөленді. Бүгінде маңайына шуақ шашып, екеуі де қол ұстасып бірге келеді. Осы орайда ақын Дәмелі Құсайынқызының мына өлең жолдары ойға оралды.

Азамат бар көтеретін ел жүгін,

Соларды әне, дәріптейді ел бүгін.

Тарихта да өткен талай азамат,

Тілеп өткен Отанының елдігін.

Азамат бар ел бақытын ойлайтын,

Азамат бар бейнетке де тоймайтын.

Азамат бар ұрпақ қамын ойлайтын,

Міне, солар ер атанбай қоймайтын.

Елі мен жерінің, ұрпағының қамын ойлаған азаматтар қандай құрметке болса да лайық. Ендеше біздің кейіпкеріміз де халқына қалаулы азамат атанып, сол тұғырдан таймаған қазыналы қарияға айналып отыр.

Сағындық РАХЫМЖАН,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp