«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТА-АНА БОЛУДЫ АНЫҚТАУ ТАЛАПТАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Баланың дүниеге келуі – кез-келген адамның өміріндегі маңызды оқиға. Бұл ата-ана мен бала арасында өмірдің әртүрлі салаларында – құқықтық, мә­дени, әлеуметтік қатынастарда байланыс орнатады. Құқықтық тұрғыдан алғанда, заңды түрде белгіленген балалардың шығу тегі өзара құқықтар мен міндет­тердің пайда болуының негізі болып табылады.

Еліміздің “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Ко­дексіне сәй­кес, бала туғаннан кейін бірден тіркеледі және дүниеге келген кезінен бастап есім және азамат­тық алуға, сон­дай-ақ өз ата-аналарын білуге және олардың қамқорлығында болуға құқылы.

Баланың анасының кім екен­дігін тіркеуші орган баланың медициналық ұйымда туғанын растайтын құжаттардың негізін­де айқындайды. Егер бала меди­циналық ұйымнан тыс жерде туған жағдайда, оның шығу тегін туу фактісін растайтын медици­налық құжаттардың негізінде тіркеуші орган белгілейді, ал олар болмаған жағдайда бала­ның шығу тегі сот тәртібімен анықталады.

Баланың туу туралы куәлігіне баланың ата-анасы неке­де тұрған ерлі-зайыптының кез келгенінің өтініші бойынша жа­зылады және неке қию туралы куәлік осындай жазба үшін негіз болып табылады. Әкеден бала­ның дүниеге келгенін растайтын басқа құжаттар талап етілмейді.

Баланың анасымен заңды некеге тұрмаған азамат жаңа туған нәрестеге әке болу мәрте­бесін алу үшін сәбидің анасы екеуі тіркеуші органға бірлескен өтініш беруге тиіс.

Анасы қайтыс болып, оның тұрған жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайда немесе ата-ана құқығынан айырылса – қор­ғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келісімі ар­қылы баланың әкесінің өтініші негізінде, ал мұндай келісім бол­маған кезде сот шешімі бойынша анықталады.

Кәмелет жасына толған адам­ға әке болу мәртебесін анықтау кәмелетке жеткен аза­маттың келісімімен жүзеге асы­рылады. Ал егер ол әрекетке қабілетсіз деп танылса – оған та­ғайындалған қорғаншысының не­месе қорғаншылық және қам­қоршылық жөніндегі функция­лар­ды жүзеге асыратын орган­ның келісімімен жол беріледі.

Конституцияда және Кодекс­те кепілдік берілген отбасының, баланың шығу тегінің құпиясын сақтау мақсатында мемлекеттік тіркеу бөлімі әке болуды анық­тауды алып тастады. Бұл ретте баланың жеке басы мен ата-анасы туралы деректер туу ту­ралы куәлікте ғана көрсетіледі.

Бұрын әке болуды анықтау кезінде балаға әке болуды анық­тау және туу туралы 2 куәлік бе­рілсе, жаңа өзгерістерге сәйкес балаға тек туу туралы куәлік беріледі.

Әке немесе ана болуды анық­таған кезде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толық­тырулар енгізу үшін ата-аналары немесе олардың біреуі баланың ата-анасының бірлескен өтініші негізінде әке (ана) болуды анық­тау туралы; анасы қайтыс бол­ған, анасы қайтыс болды деп жа­рияланған, анасы хабар-ошар­сыз кетті деп танылған, анасы әрекетке қабілетсіз деп таныл­ған, анасы ата-ана құқықта­ры­нан айырылған не шектелген, ана­сының тұрғылықты жерін анық­тау мүмкін болмаған жағ­дай­ларда өзін баланың әкесі деп таныған адамның әке (ана) екенін анықтау туралы; әке (ана) бо­луды анықтау туралы сот ше­шімі бойынша, сондай-ақ әке болуды тану фактісін және әке болу фактісін кез келген тіркеуші органға баланың анасы немесе басқа да мүдделі адамдар анықтау туралы өтініш береді.

Көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге жүгінген кезде туу туралы акт жаз­басына өзгерістер, толықты­рулар мен түзетулер енгізу үшін мына құжаттар қажет:

1) әке (ана) болуды анықтау туралы, өзін баланың әкесі деп та­нитын адамның өтініші бойын­ша әке (ана) болуды анықтау туралы, сот шешімі бойынша әке (ана) болуды анықтау туралы өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу туралы өтініш;

2) жеке басты куәландыра­тын құжат немесе цифрлық құ­жаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);

3) туу туралы куәлік, жоғал­ған жағдайда оның жоғалғаны туралы көрсету және азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер. Егер әке бо­луды анықтау мемлекеттік тіркеумен бір мезгілде жүргі­зілсе, баланың туу туралы куәлігі талап етілмейді.

4) өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу қажеттігін растайтын құжаттар туралы мәліметтер (бала асырап алу, әке болуды анықтау туралы сот шешімі туралы мәліметтер; бала асырап алудың күшін жою не­месе жарамсыз деп тану туралы сот шешімі туралы мәліметтер; әке болуды анықтау кезінде әкесінің өтінішінде көрсетілген негіздемеге байланысты анасы­ның болмау мән-жайын растай­тын құжаттар: анасының қайтыс болуы туралы азаматтық хал актілерін тіркеу туралы мәлімет­тер (Қазақстан Республикасы­ның аумағында); анасын әрекет­ке қабілетсіз деп тану туралы, оны қайтыс болды деп жариялау туралы, анасын ата-ана құқық­тарынан айыру не шектеу тура­лы сот шешімі туралы мәлімет­тер; анасының тұрғылықты же­рін анықтау мүмкін еместігі ту­ралы анықтама, өзгерістер, тү­зетулер, толықтырулар енгізу туралы, заңды фактіні және т. б. анықтау туралы сот шешімі жөнінде мәліметтер);

5) туу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар мен тү­зетулер енгізу қажеттігін растай­тын, Қазақстан Республика­сы­нан тыс жерлерде берілген, заң­дастырылған немесе апостиль мөртабаны бар, орыс немесе мемлекеттік тілге нотариалды куәландырылған аудармасы бар азаматтық хал актілерін мем­лекеттік тіркеу туралы куәлік­тердің көшірмелері;

6) азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу қызметтері үшін төлемді растайтын құжат немесе Кодекстің 182-бабының 2-тармағына сәйкес төлемнен босату үшін негіз болып табы­латын құжат (оны төлеу қажет болған жағдайда);

7) көрсетілетін қызметті алу­шының өкілі жүгінген жағдайда нотариалды куәландырылған се­німхат. Баланың ата-анасының өкіл арқылы бірлескен өтініші негізінде әке болуды анықтаған кезде тууды мемлекеттік тіркеу туралы актілік жазбаға өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.

Әке болуды анықтауға бай­ланысты тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбаларына өзгерістер, толықтырулар енгізу және әке болуды анықтауға бай­ланысты туу туралы қайталама куәліктер беру мемлекеттік қыз­меті тегін көрсетіледі.

Егер сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адам, сондай-ақ осы әрекетке қабілетсіз адам­ның қорғаншысы өтініш беруші болып табылса, баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толық­тырулар енгізуден бас тарты­лады.

Некені қию, бұзу туралы куә­лікке немесе акт жазбасына, сондай-ақ бала асырап алу, әке болуды анықтау туралы өтінішке сәйкес сот шешімінің негізінде тіркеуші орган баланың әкесі туралы мәліметтерді баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасынан алып тастайды.

Кодексте көзделген тәртіп­пен әке болу анықталған кезде баланың бір-бірімен некеде тұр­ған адамдардан туған баланың ата-аналары мен олардың туыс­тарына қатысты сондай құқық­тары мен міндеттері болады.

Альбина АДИЛОВА,

облыстық әділет департаментінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp