Тәуелсіз мемлекеттің шынайы қуаты баршаға мәлім. Әрбір мемлекеттіліктің негізгі саяси құралы – бұл қоғам. Ал қоғам адамдардың жиынтығынан құралғандықтан, елдегі кез келген әлеуметтік-экономикалық үрдіс сол қоғамның бейімділік және әрекет ету қабілетінің жоғары деңгейде болуымен өлшенеді. Бұл кезекте қоғамның дамуына әсер ететін стратегиялық құрал жайлы айтып кеткен жөн.
Идеология – адамзат тарихында көптеген тарихи процестер мен бетбұрысты оқиғаларға қол жеткіздіретін саяси қару түрінде қарастырылады. Дәл осы құралды тиімді пайданаланудың себебінен тарих беттерінде біз бір-біріне ұқсас емес шығармашылық пен дарындылықтың, бетбұрысты революциялық ойлардың, ұлттық сана сезімдердің жандануын, индустрия мен технологиялардың дамуын, әлемдік деңгейдегі өзгерістердің пайда болуын байқай аламыз. Мысалы, ежелгі Қытай елінде б.з.б IV ғ. пайда болған қоғамның бір ортақ идеологиясы – ұлттық бірізділік, халықтың күш-қуаты, бір-біріне көмектескені, ортақтыққа сенуі ғасырлар бойы елдің тірегі болып танылды, бұның нәтижесі ретінде біз бүгінгі таңда қытай халқының шектен тыс еңбекқорлығы, бірізділігі оларға XX ғ. отар елден дамыған индустриалды державаға айналуға көмектескенін айта аламыз. Еуропадағы ежелгі және орта ғасырлар тұсындағы антропоцентризм, шіркеуге, яғни дінге сенушілік, кейін этноцентризм, жағымды тұстағы ұлтшылдық ағылшын, француз, испан, португал қоғамын кейінде әлемге үстемдік етуге мүмкіндік туғызды. Бұл тарихи құбылыс әлі күнге дейін жалғасын тауып, еуропалық ұлттардың индустриалдық прогреске шығуын және әлемдік геосаясатқа ықпал ете алу күштілігін көрсетеді. Азиядағы араб елдерін қарастыратын болсақ, Ислам дініне шын жүрекпен сену қоғамды консолидацияға, яғни бірігіп, қуатты топқа айналдыруға мүмкіндік берді. Дін мәселесін идеологияға жатқызбасақ та, бұл тарихи үрдістегі ақиқатты өзгертпейді. Яғни байқағанымыздай, кез келген тірек, ортақ ой белгілі бір қоғамды әрқашан да дамудың жаңа сатысына көтере алатындығын көреміз.
Ең алдымен кемел қоғамның белгілеріне тоқталып кететін болсақ, олар: көпшілік өз алдына жеке жауапкершілікті ала алады; көпшілік патриотизмді ұлылық идеясымен байланыстыра алады, яғни өзінің қоғамына деген сенімділік, оның күштілігіне сену; көпшілік бір-біріне көмектесуден ұялмайды және жалықпайды, өйткені олар мінсіз қоғам құруға атсалысудың маңыздылығын түсінеді; әлсіздерді кемсіту, зорлық-зомбылық көрсету, жануарларға қысым – мұның барлығын орындамауға келісімнің болуы; қоғамның инновацияға, прогресске ұмтылуы және оның маңыздылығын түсінуі. Соңғы пункт бойынша белгілікті келіспеушіліктер туындауы мүмкін деп ойлаймын. Себебі адамдар мұны дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Шын мәнісінде бүгінгі таңда біздің қоғамның бір бөлшегі инновацияға ұмтылудың қажеттілігін әлі де аңғармаған. Бұл білім деңгейінің, адамның жеке ұмтылыс кешенінің төмен екендігін көрсетеді. Осындай сананың артта қалушылығын түзету мақсатында идеологияны жан-жақты дамыту қажет. Мемлекеттің тірегі жастар келесі тұжырымдаманы аңғаруға тиіс: жаңашылдыққа ұмтылыстың бір қыры мемлекеттік сипатта болуы керек, яғни әрбір біздің прогресс Отанымызды күшейтуге, оның сапасы мен дәрежесін көтеруге қарау керек. Жеке ұмтылыстар тек қана жеке болып қалмауы тиіс. Әрбір алынған тәжірибе, жеңіс, жеңіліс қоғамға, мемлекетке пайдасын беруі қажет. Өзара ықтималды байланыс кейінде мемлекеттің саяси-экономикалық дамуына септігін тигізетініне күмән жоқ. Осы тұста жастардың прогресін шегеретін бір үлкен қауіп бар, ол – жемқорлық. Дәл осы фактор көптеген жастардың ойын бұрмалап, сенімдерін өшіріп, өзге жаққа көшіп кетуіне әкеледі. Алайда жемқорлық бұл – тек қана ақша жымқыру емес. Бұл әлбетте жеке байланыстар, жеке “сенімді” адамдар болғандықтан, біздің жастар осыған қарсы тұруға дайын болуы қажет. Егер де мәселеге қол ұшын созбай, қиындықтан кетіп қалуға мүмкіндік туса, бұл қуатты мемлекет құруға кері әсер етеді. Сондықтан жағымсыз факторлар жастарды тек ынталандыруы керек. Ой-сананың түбінде елге деген жанашырлық, оған көмектесу, дамыту идеялары жоғары тұруға тиіс.
Жастар мемлекетке пайдасын даңқ, инновация, жетістік арқылы келтіруі абзал. Өйткені алдында айтып кеткендей бүгінгі таңдағы бәсекелестік осындай ықтималды қағиданы ұстануға итермелейді. Біз қоғам ретінде Отанымыздың инновациялық дамуына септігімізді тигізуіміз керек. Ол сүйіспеншілік кез келген қауіптерге қарсы тұруға көмек береді. Біз елдің тірегі ретінде күшімізді жаңашылдықтарға ұмтылуға, жаңа технологияларды игеруге, оны мемлекет пайдасына жұмсауға, өзімізді өзгелерге мысал бола алатындай етіп тәрбиелеуге жұмылуымыз керек. Ортақ идея – елді біріктіреді, барлығы бір мақсатқа жұмыс істеудің өзі – елімізде көптеген мәселелерді шешеді. Аумалы-төкпелі заманда бағдарымыздан жаңылмай, жарқын болашаққа бет түзеу үшін алған бағытымыз дұрыс болуы керек.
Сарыхан ДҮЙСЕНБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың тарих мамандығының студенті.