Ақордада су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы су тасқынымен күрес шараларына белсене атсалысқан ел азаматтарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі. Президент, ең алдымен, бұл бұрын ешқашан болмаған ең жойқын табиғи апат екенін атап өтті. Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Жалпы ел көлемінде 19 мыңнан астам тұрғын үйді су басты.
– Сын сағатта еліміз ырысты ынтымағын танытты. Біз табиғи апат кезінде жұрт болып жұмылдық. Біртұтас ел екенімізді көрсеттік. Құтқарушылар, әскерилер, ішкі істер органдары мен әкімдік қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеді. Олар Отан алдындағы парызын мінсіз атқарды. Бір сөзбен, антқа адал болды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев топан сумен күреске күштік құрылымдардың 63 мыңнан астам қызметкері атсалысқанына назар аударды. Құтқару операциясы барысында 120 мыңнан астам адам, оның ішінде 40 мың бала қауіпсіз жерге көшірілді.
– Бұл – құтқарушылар мен ұшқыштардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әбіш Кекілбаев “Елін сүйген азаматқа ең үлкен қайғы – өз халқының тағдырынан тыс қалу” деп айтқан. Ұлттық еріктілер желісі табиғи апат болған сәттен бастап ерекше белсенді болды. 50 мыңнан астам волонтер көмек керуендерін ұйымдастырды. Олар апат аймақтарына азық-түлік және басқа да қажетті заттарды жеткізуге атсалысты. Қазақстан халқы Ассамблеясының “Жүректен жүрекке” акциясы ортақ іске мол септігін тигізді, – деді Президент.
Президенттің айтуынша, су тасқыны кезінде халқымыз бірлігі бекем, ынтымағы берік ел екенін көрсетті.
– Алапат су тасқындап келіп қалғанда, отандастарымыз табиғат апатымен күресіп жатқан құтқарушыларға көмек қолын созды. Олар су басқан аймақтарда жауапты қызмет мекемелеріне жәрдемдесіп, жанқиярлықпен әрекет етті әрі батылдық танытты. Көбі адамдар мен жануарларды өз көліктерімен қауіпсіз жерге алып шықты. Мыңдаған жанашыр азамат тасқын судан қорғайтын бөген салуға қатысты. Ортақ күш-жігердің арқасында біз жағдайдың ушығып кетуіне жол бермедік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы өздерін нағыз отаншыл әрі жауапты азамат ретінде көрсеткен еріктілердің еңбегін жоғары бағалап, оларды қазіргі заманның батырлары деп атады.
Президент баспанасыз қалған адамдарға “Қазақстан халқына” қорынан тұрғын үй салуға қаражат бөлінгенін айтты. Жалпы 2200-ден астам үй салынады. Сондай-ақ 10 мыңға жуық баспана күрделі жөндеуден өтеді.
– Тасқынның зардабын жоюға бірқатар кәсіпкеріміз қомақты қаражат бөлді. Олар әрдайым туған елімен бірге екенін нақты іспен дәлелдеді. Ұлт мүддесіне сай жауапкершілігі мол кәсіпкерлік дегеніміз – осы. Әрине, қалыс қалған кәсіпкерлер де аз емес, олардың кім екенін де жақсы білеміз. Біз ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Әркім өз таңдауын жасады, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы шараларға белсене атсалысқан бір топ құтқарушыны, волонтерлер мен қоғам белсенділерін, әскери қызметшілер мен дәрігерлерді, қарапайым жұмысшыларды, сондай-ақ кәсіпкерлер мен ірі бизнес өкілдерін марапаттады. Олардың қатарында Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қалия Төренова, Есіл ауданындағы Николаев ауылдық округінің әкімі Далабай Қабдуалиев, электромонтер Еркебұлан Тасжанов, фельдшер Ғабит Мусин, “Тарлан-2023” серіктестігінің операторы Петр Марков пен “Основание” серіктестігінің маманы Владимир Иарин бар.
“Аkorda.kz”.
СУРЕТТЕ: Президент Қ.Тоқаев Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қалия Төренованы марапаттауда.