Петропавл тұрғын үй қызметінің басшысы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілігіп, оған қатысты тергеу басталды.
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров хабарлады.
Оның мәлімдеуінше “Петропавл тұрғын үй қызметі” ЖШС-ның бұрынғы басшысы Болат Қажымұратовқа бюджет қаражатын жеке бас пайдасына жаратты деген айып тағылып отыр.
“Лауазымды тұлға кәсіпкерлік субьектілерімен алдын ала сөз байласу арқылы 7,5 млн. теңге бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінді. Бұл қаржы тұрғын үйлерді жылыту және сумен жабдықтау жүйесін жөндеуге бөлінген. Осы факт бойынша тергеу жалғасуда”, – деді агенттіктің ресми өкілі.
Брифингте сондай-ақ облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басқармасы басшысының пара алып, ұсталғаны да айтылды.
Лауазымды тұлға улы химикаттар қоймасына санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны жеделдетіп және кедергісіз беру мақсатымен кәсіпкерлік субьектілерінен 200 мың теңге мөлшерінде алым талап еткен.
Қазіргі уақытта оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бас маманы.