«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Екпе — ең тиімді тәсіл

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биылғы жылдың үшінші тоқ­са­нында 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қар­сы вакцина қою басталады. Бұл Қазақстан Республикасы­ның Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сай жүргізіл­мек. Облыста биыл 3638 қызға екпе қойылады деп жоспар­ла­нуда.

Адам папиллома вирусы – сүйелі бар адамдарда болатын вирустардың кең таралған то­бы. Бұл вирустың жүзден астам түрі бар. Олардың көпшілігі қа­уіпсіз, тек 30-ға жуық түрі қатер­лі ісіктің даму қаупін арттыра­ды.

Статистикалық деректер бойынша, орташа есеппен жыл сайын Қазақстанда жатыр мой­ны обырының 1900-ге жуық жа­ңа жағдайы тіркеледі, жылына 600-ден астам әйел осы пато­логиядан қайтыс болады екен. Сол себепті биылдан бастап 11 және бұл жастан асқан қыз­дар­ға вакцина жүргізу жоспарлан­ған. Екпеге дейін бұл вирустан туындаған аурулардың бар-жоғын тексеру міндетті емес.

Облыстық санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау де­пар­таменті аса қауіпті инфек­ция­лар мен туберкулезді эпи­де­миологиялық қадағалау бө­лі­мінің басшысы Юлия Гайси­на­ның айтуынша, иммундауды жүргізудің өз тәртібі бар. Қа­зақстан Республикасының Ұлт­тық профилактикалық егу күн­тіз­бесіне сәйкес, 11 жастағы қыз­­дарға екпе қою екі кезең бойынша жүр­гізіледі. Иммун­дау­дың бі­рінші дозасы медици­налық ұйым тағайындаған күні алы­нады, екінші дозасын – бі­рінші иммундауды алғаннан кейін 6 айдан кейін салады.

Мамандардың айтуынша, адам папиллома вирусынан туындаған қатерлі ісіктің алдын алудың жалғыз жолы бар. Ол – екпе егу. Екпенің тиімділігі 91-100 пайызды құрайды. Егер адам аталмыш вирусты тасы­малдаушымен байланысқа түс­пеген болса, бұл вакцина 15 жасқа дейін пайдалы. Деген­мен, вакцина адам папилло­ма вирусының ағзаға енуінен қорғамайды. Бірақ 16 және 18-типті, яғни жатыр мойны, жұт­қыншақ, сыртқы жыныс мүше­лерінің және тағы басқа қатерлі ісіктің даму қаупін айтарлықтай төмендететін көрінеді.

– 11 жастағы қыздарға вак­цина дәрігердің қарауынан кейін ата-аналарының немесе қамқоршыларының келісімімен қойылады. Егер ешқандай қарсы көрсетілімдер болмаса екпе жүргізу ұсынылады. Вак­цина тегін білім беру ұйымда­рының егу кабинеттерінде қол­жетімді. Сондай-ақ ата-аналардың қа­лауы бойынша тіркелген жері бойынша емханалардан да алуға болады. Қазақстанда АҚШ-тың төрт валентті “Гарда­сил” вакцинасымен адам па­пил­лома вирусына қарсы вак­циналау жүргізу жоспарлануда. Бұл вакцина 6, 11, 16 және 18 типті адам папиллома вирусы­нан туындаған аурулардың ал­дын алуға арналған, – дейді бө­лім басшысы.

Облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының хабарла­уын­ша, 2024-2027 жылдарға республикалық бюджеттен екі дозалық вакцинаны алуға 202459 мың теңге қаражат бөлу жоспарланған.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp