Қызылжар ауданы Долматово елді мекенінің маңында орналасқан Ақ Ирий қалашығында жұмыс істеген археологтар бұған дейін беймәлім болған бірегей құрылымдарды тапты.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, жоғары оқу орнының археологиялық экспедициясы Долматово ауылы маңында қазба жұмысын жүргізген. 1968 жылы белгілі археолог Анатолий Плешаков ашқан Ақ Ирий қалашығындағы далалық лагерьде 50-ге жуық студент ғылыми зерттеумен айналысты. Мұнда қазба жұмыстары тек 36 жылдан кейін ғана жүргізіле бастаған. Ерте темір дәуіріне жататын ежелгі адамдардың бірегей қонысы – ел аумағының солтүстік нүктесінде орналасқан қалашық. Бұрын бекініс ретінде қолданылған. Ол биік үшбұрышты мүйістің үстінде орналасқан, екі жағында жау өте алмайтындай Есіл өзенінің биік жартасы жатса, алдыңғы жағына бекініс салынған екен.
Бастапқыда ғалымдар қалашықтың өзінде қазба жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде тұрмыстық заттар, жануарлардың сүйегі, ыдыс-аяқ сынықтары т.б. жәдігерлер табылды. Қазір археологтар одан шалғай жатқан құрылымдарды зерттеп жатыр.
“Бірінші құрылымда оның аумағы мен күмбезді қабырғалары өте анық көрінеді. Әзірге ескерткіштің қай кезеңге жататынын нақты айту қиын, бірақ кірпіштерге қарағанда бұл орта ғасыр болуы мүмкін. Құрылымның түбіне жету үшін 3 жыл қатарынан қазып жатырмыз. Қазірдің өзінде, мұнда ежелгі адамдардың металл өндірісімен айналысқанын айта аламыз. Сондай-ақ жақын жерден табылған сиыр мен жылқының қалдықтарынан бұл жерде етті ыстау процесі қолданылғанын көруге болады. Яғни нысанды металл балқыту және ет ыстау мақсатында пайдаланған сияқты. Өз басым Еуразия аумағында мұндай құрылымдарды көрген жоқпын. Бұл – ескерткіштің жаңа түрі. Алда ауқымды жұмыс тұр”, – дейді университеттің профессоры Анатолий Плешаков.
Ғылыми зерттеулер Ә. Марғұлан атындағы Археология институты және Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Студенттер үш апта лагерьде тұрып, қазба жұмыстарын жүргізді. Осылайша жастар ежелгі артефактілермен жұмыс істеп, зерттеу дағдыларын қалыптастырды. Болашақ тарихшылардан басқа, олармен бірге астрофизиктер де тәжірибеден өтті. Олар жұлдызды аспанды зерттеп, бақылау және деректерді жинау процесін меңгерді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.