Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихаты МӘМС жүйесіне арналды. Өңір тұрғындарына қандай көлемде медициналық көмек көрсетілгені туралы “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Айнагүл Дәулетшина баяндады.
Бүгінгі таңда өңір тұрғындарына 52 жеткізуші медициналық көмек көрсетеді, оның 28-і – мемлекеттік, ал 24-і – жеке орталықтар.
– Биыл медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуді қаржыландыру көлемі 71,2 млрд. теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,8 млрд. теңгеге артық. Консультациялық-диагностикалық қызметтерді қаржыландыру көлемі 26 пайызға, жоғары технологиялық медициналық қызмет – 60 пайызға, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек 13 пайызға көбейді, – деді маман.
Қордың негізгі мақсатының бірі – кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары. Биыл осы және травматология, пульмонология бағыттары бойынша медициналық мекемелерде 420 мыңға жуық көмек көрсетіліпті.
2019 жылы 90,2 млн. теңгеге небәрі 118 мың (және олар негізінен балалар болса), міндетті медициналық сақтандыруды енгізудің нәтижесінде былтыр тұрғындарға (балалар мен ересектерге) 1 млрд. 538 млн. теңге сомасында 447,4 мың қызмет көрсетілді. Бұл ретте оңалтуды дамыту тек облыс орталығы деңгейінде ғана емес, аудан орталықтарында да жүргізілуде. Үстіміздегі жылдың бес айында 356,8 млн. теңгеге 1361 қызмет көрсетілді. Бірінші тоқсанда 210 адам 41 млн. теңгеге оңалтудан өткен.
Ұлттық статистикалық бюро мамандары Солтүстік Қазақстан облысында 527107 адам тұрады, оның ішінде 423891 адам немесе 80,4 пайызы сақтандырылған, 103216 адам немесе 19,6 пайызы сақтандырылмаған деген дерек келтіреді.
Филиал директорының айтуынша, бүгінде облыста сақтандырылмаған тұлғаларды міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Халықты міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тарту бойынша облыстық және аудандық штабтар құрылып, үй-үйді аралап, жұмыссыз азаматтар жұмысқа орналастырылып, шетелге кеткен жандар анықталып жатыр.
– Бұл – негізінен 38-44 жас аралығындағы адамдар. Олар бейресми жұмыс істейді, жарна төлемейді. Жұмыссыз азаматтар да бар. Олар Жұмыспен қамту орталығына ресми тіркеле алады, содан кейін олар үшін мемлекет жарна төлейді, – дейді филиал директоры Айнагүл Дәулетшина.
Сақтандырылған солтүстікқазақстандықтар міндетті медициналық сақтандыру пакетінде медициналық көмек ала алады, оған мамандандырылған дәрігерлердің консультациялары, әртүрлі зерттеулер мен диагностикалық тексерулер (рентген, УДЗ, КТ, МРТ және т.б.), жоспарлы емделуге жатқызу, медициналық оңалту, жоғары медициналық көмекті пайдалана отырып емдеу, технологиялық медициналық көмек, аурулардың алдын алу және диагностикасы кіреді.
МӘМС жүйесі медициналық көмекті қаржыландыру үшін белгілі бір қолайлы жағдай жасағанымен медициналық көмекті ұйымдастыру, клиникалардағы менеджмент деңгейі, пациенттерді дұрыс бағыттау аса маңызды.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.