Бір ғасыр өмір кешу көп пе, аз ба оны ғалымдардың өздері де біле қоймас. Дегенмен, Крәмша ағамыз торқалы тойын өзінің отбасында, балалары, немере, шөберелерінің, туған-туыстарының, жерлестерінің, талай жыл бірге қызмет атқарған жолдастарының, іні-қарындастарының ортасында қарсы алып отыр. Бұл үлкен бақыт, үлкен қуаныш дер едім. Өзінің соңынан ілескендерге ағамыздың айтары да көп, берері де көп, себебі осы өмір ол кісіге де, ол кісімен етене жақын адамдарға да маңызды, мағыналы өтіп жатқандай. Крәмша Мұқанұлын ертеден ауыл жастары, қызметтес жолдастары “аға” деп кеткеннен кейін мен де осы сөзді кеңінен пайдаланып отырмын. Ал егер шынына келсек ол кісі мен сияқтыларға әкедей деп айтар едім.
Крәмша Мұқанұлы Жалтыр ауылының Лекі қонысында “Байсаң” деген қалың орман ағаштың бауырында дүниеге келген екен. Ескі қоныс деп сол кезде әр ағаштың бауырында орналасқан он-он бес шағын үйлерден құрылған ауылдарды атаған. Жалтыр ауылының маңайында ондаған ескі қыстаулардың орындары әлі бүгінге дейін сақталған. Мысалы “Шиелі”, “Төрт ата”, “Бөпен”, “Кәрі қыстау”, “Ыбытай”, “Байсаң”, “Аққұсақ”, “Қайралап” сияқты ескі қоныстардың аттары бүгінге дейін ауылдың адамдарына белгілі.
Ағамыздың әкесі Мұқан деген кісі дінге берілген адам болған. Ертеректе байлардың малын бағып күн көрсе, кейін отызыншы жылдары көппен бірге жаңа құрылған ұжымда еңбек еткен, кейін Жалтыр ауылының негізінде құрылған колхоздың мүшесі болып адал жұмыс істеген.
Мен өзім Крәмша ағайдың әкесі Мұқанды көрген емеспін. Ол кісі туралы менің әкемнің үлкен ағасы Шегір айтып отыратын. Ол ағам Мұқанмен замандас, құрдас болса керек.
Мен ағамның қолында орыс мектебіне барған болатынмын, бастауыш сыныпта оқимын. Ол кезде Тимирязев ауданы ашылған жоқ. Бүгінгі ол ауданның жері 1963 жылға дейін Октябрь ауданына (кейін Сергеевка қазір Шал ақын) қарайтын.
Крәмша ағамыз сол кезде аудан орталығында аудандық партия комитетінің бөлім басшысы. Әрдайым ауданның совхоздарын, ауылдарын аралап тұратын. Крәмша ағамыз “Интернациональный” совхозына жұмыс барысымен келгенде, кешке қонуға екі қазақ отбасының бірі біздің үйге тоқтайтын. Ол кісі келгенде Шегір әкем де, Сағила шешем де, ағам Мейрам мен жеңгем Бижамал да қуанып қалатын.
Крәмша Мұқанов алғашқы білімін Жалтыр ауылының жеті жылдық мектебінде алған. Білімге деген зейіні өте жоғары болған. Крәмша ағайдың мектепте қалай оқығаны туралы ол кісінің замандасы, жерлесіміз, академик Евней Бөкетовтің айтып отырғанын естіп едім.
Евней Арыстанұлы өзінің туған ауылы Бағанатыға әкесінің інісі Маутай ақсақалдың үйіне келгенде кездесіп қалатынбыз. Сол кездескенде жерлесіміз біздің ауылдың азаматтарын, соның ішінде Крәмша ағайды сұрап отыратын.
Ақсақалдың айтуы бойынша, соғыстың қайнап тұрған кезінде, оны әскер қатарына шақырады. Әрине, ең алдымен шақырылғандарды оқытады, үйретеді. Ағамыз парашютшілер батольонында ұшақтан парашютпен секіруді үйренеді. Курсты бітіргеннен кейін Крәмша Мұқановты әскери жұмыстарға алып қалады.
Елуінші жылдардың бас кезінде жас офицерге жоғарыдағылар көңіл аударып саяси-насихат жұмысына тартады. Сол кезде кейіпкеріміз Солтүстік Қазақстан облысының Комсомол ұйымына нұсқаушы ретінде жұмысқа алынады. Ағамыз бойындағы жастық жігерін, білімін, азды-көпті өмірлік тәжірибесін жастарды тәрбиелеуге, жастардың алдарында тұрған көп мәселелерді шешуге арнайды. Комсомол ұйымының басты және жауапты жұмыстарында жүріп Крәмша ағай мол тәжірибе жинады, сол кездегі облыс басшыларымен бірге жұмыс істеді. Солардың бірі белгілі мемлекет қайраткері, қазақ халқының жанашыры, ұлт рухының жаршысы Жұмабек Тәшенов еді. Ол кісі аға ретінде Крәмша ағайға ақыл-кеңесін айтып бағыт-бағдар беріп отырған. Жұмабек Тәшенов отызыншы жылдардың басынан елуінші жылдың басына дейін жиырма жылдай облыс басшыларының бірі болды.
Крәмша Мұқанов сол кездегі өмір жолын еске түсіргенде Тәшеновты жылы лебізбенен есіне алғанын өзім талай өз аузынан талай естідім. Ағамыз сол кезде, тың игеру науқаны кезіндегі еңбегі үшін, жастардың жаңа жетістіктерге қол жетуі үшін, өңірімізде ондаған жаңа кеңшарлардың бой көтергені үшін, комсомол мүшелеріне коммунистік тәлім тәрбие бергені үшін партия ұйымдарынан талай марапаттар алды. Сол кездерде ағамыз жұбайы Бәтилә тәтемізбен Петропавл қаласындағы шағын үйде тұратын.
Крәмша Мұқанов аудандық партия комитетінде де жұмыс істеді. Алпысыншы жылдары “Заря” совхозының партия ұйымының хатшысы жұмысын абыроймен атқарды, кейін аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөліміне басшылық жасады. Крәмша Мұқанов аудандық атқару комитетінің төрағасы Мусин Әміржанмен, аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары Ніл Болатпаевпен, кейін Жақсылық Ысқақовпен талай жыл бірге қызмет атқарды. Крәмша ағаның ерекше қасиетінің бірі әр адаммен тіл табыса білетіндігі еді.
Крәмша ағамыз ұзақ жыл бұрынғы Сергеевка аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Ауданда он екі совхоз болды, Сергеевка қаласының өзінде отыздан артық мекеме бар. Осылардың әрқайсысында кәсіподақ ұйымдары жұмыс істеді. Кәсіподақтың негізгі мақсаты еңбекші халықтың еңбек етулеріне, демалуларына, еңбек тәртібінің сақталуына жағдай жасау және оны бақылап қадағалау, еңбек заңдылығын бұлжытпай орындау, социалистік жарысты дамытып, шығарылатын өнімдердің сапасын жақсарту және өнімін молайту болатын. Азамат осы жұмысты аудан бойынша жақсы басқарып үлкен нәтижелерге қол жеткізе білді. Сол кездерде ағамызды мекеме бастықтарының кабинеттерінде емес, егіс даласынан, фермаларда малшылар мен сауыншылар арасында, кәсіпорындарда, цехтарда жұмысшылар арасында көретінбіз. Қарамағындағы бірге істеген азаматтар осы қасиеті үшін Крәмша Мұқановты қатты сыйлайтын. Бірге істеген қатарлас замандастары Уәп Латанов, Қайролла Мұқанов, Қыдыр Ескендіров, інілері Сәбит Рамазанов, Жангелді Тәжин, Василий Ерофеев, Қапез Байгутдиновтар айтып отыратын.
Крәмша Мұқановтың еңбек өтілі алпыс жылдың шамасында. Осы адал еңбек жолында ағамыз кімдерменен қызметтес болмады десеңізші.Тіпті кейінгі кездерде облыс орталығында, не болмаса басқа аудан орталықтарында жасы үлкен ақсақалдармен әңгімелесіп қалсаң олар міндетті түрде Крәмша ағамызды сұрап жатқаны. “Бірі бірге қызмет атқарған едік” десе, енді бірі “тыңды бірге көтердік”, – дейді. Ал біреулері “Кәсіподақ саласында бірге істедік”, – деп жатады.
Крәмша Мұқанов ағамыздың ғасыр жасқа келуінің бір себебі – оның халық алдында ары таза, өмірі шынайы болуында. Осы күні де ақсақалдың бар тілегі халқының амандығы, елінің берекесі. Өмірлік жолдасы Бәтилә жеңгемізбен жұптары жарасып, балаларына білім мен тәрбиені қатар сіңірді. Олардың бауырынан өнген ұрпағы да ардақты әке, дана аталарын үлгі тұтып жүр.
Ғабит ҚОҢЫРБАЕВ,
еңбек ардагері.