Кітап күйзелісті жазады. Бұл мәлімдемені нейрофизиолог Дэвид Льюис бастаған ғалымдар тобы дәлелдеді. Ғалымдар алдымен адамдарды әртүрлі стрестерге ұшыратты, содан кейін оны әртүрлі әдістермен емдеуге тырысты. Нәтижесінде стресті жеңудің ең тиімді тәсілі кітап оқу екендігін анықтады. Роберт Уилсон кітапты көп оқыған адамдардың есте сақтау қабілеті өзгелерге қарағанда жақсырақ болатындығын және кітап оқымайтын адамдар көрген-білгенін 48 пайызға тезірек жоғалтатынын анықтады.
Кітаптар бізді уақыт пен кеңістікте алға қарай жылжытуға қабілетті. Оксфорд профессоры Джон Стейн біздің қазіргі заманауи қоғамға “үйреніп алғанымызды” дәлелдеді. Демек, “кітап адамдар арасында мыңдаған жыл өмір сүре береді” деп сеніммен айтуға болады.
Оқу мен әдебиеттің жалпы адамға жағымды әсеріне қарамастан, жастар оқуда қиындықтарға жиі тап болады. Бұл ретте ең маңызды мәселе – әдебиетке арналған мектеп бағдарламасы. Өкінішке қарай, қазіргі таңда баспадан шығып жатқан кітаптардың көпшілігі түсініксіз әрі күрделі. Осының салдарынан кітап оқуға деген қызығушылық төмендейді.
Біз жастарды көп жағдайда кітапханада оқуға мәжбүрлейміз. Алайда жаңа заманның мүмкіндіктерін ескере бермейміз. Электрондық кітаптар бар, кітап оқуға арналған сайттар бар, соларды пайдалану керек. Қолы босаған кезде кез келген кітаптың электрондық нұсқасын алып оқи беруіне болады.
Әдебиет – әлемді, адамзатты және өзін танудың бір тәсілі. Оқу – бұл автордың өмірі мен шындыққа деген көзқарасын білдірудің ең жақсы жолы. Әр жазушы өзінің көркемдік әлемін жасайды, оны оқырман қабылдайды.
Көркем әдебиет – бұл сөз өнері. Өнер әлемімен байланыс бізге қуаныш пен рахат сезімін сыйлайды. Сондықтан көптеген адамдар жазушылардың, композиторлардың, суретшілердің шығармаларын жағымды ойын-сауық құралы ретінде қабылдайды. Әрине, біз киноға жиі барамыз, демалу немесе тіпті көңіл көтеру үшін теледидар немесе компьютер алдында отырамыз. Суретшілер, композиторлар, бағдарламашылар мен жазушылардың өздері өнер заңдылықтарын біліп, өз туындыларын жасайды, көрермендер мен тыңдаушылардың қызығушылығын тудырады. Өнердің адам өміріндегі маңызы ерекше.
Оқу жастар үшін өте маңызды қабілеттер мен қасиеттерді дамытатыны анықталды. Соның ішінде оқу эмпатиясының маңыздылығы жоғары. Көркем әдебиеттің эмпатияға әсері туралы көптеген зерттеулер жүргізілді. Көркем әдебиет қызығушылықты оятады. Қызығушылық – оқытудың маңызды компоненттерінің бірі. Адам бір нәрсеге қызығушылық танытқан кезде, ол бұл туралы бәрін білуге тырысады. Оқу өз ойларын дұрыс және әдемі жеткізуге үйретеді. Біз бәріміз әңгімелер айтамыз, олардың көмегімен әлемді білеміз. Көптеген жағдайларда, бұл әңгімелер арқылы адамдар өз тәжірибелерімен бөліседі. Көркем әдебиет оқу адамдардың сөздік қорын арттырады, бұл кез келген жерде дұрыс әрі әдемі сөйлеуге көмектеседі.
Көркем әдебиет оқу – әр адамның жеке дамуының міндетті құрамдас бөлігі. Романдар, өлеңдер немесе пьесалар болсын, кітаптан оқырмандар өмірді үйренеді, сабақ алады, шабыт алады. Көркем әдебиет – бұл тарихи фактілердің, алдыңғы ұрпақтардың тәжірибесінің, өткен және қазіргі заманның негізгі философтарының ойларының қоймасы. Әдебиет қарапайым сөздердің көмегімен санаға әсер ететін өнер деп саналатыны таңғаларлық емес.
Кітаптардың тағы бір маңызды функциясы – әлеуметтенуге көмектесу. Бірақ бұл мақсатқа жету үшін әдеттегі дәстүрлі әдістер қазір қолайлы емес. Кітап көрмелерін, библиографиялық шолуларды, сүйікті кітаптарыңыздың беттеріне саяхаттарды, ең жақсы оқырманға арналған конкурстарды, викториналарды, театрландырылған қойылымдарды, түрлі жас топтарына арналған мерекелерді, оқу белсенділігін ынталандыратын психологиялық тренингтердің циклдерін және басқа да көптеген іс-шараларды ұйымдастыру арқылы қиял мен тапқырлықты арттыру керек. Осылайша біздің бойымызда айналадағы оқиғаларға деген алаңдаушылық, қоршаған ортаға жанашырлық, қоғамдық жауапкершілік пайда болады.
Кітап – қазіргі біз өмір сүріп жатқан қоғамда көлеңкеде қалған, ескерусіз және аса маңызға ие емес құралдардың бірі болып қалды. Бұл жағдай тек әдеби қауымды ғана емес, барша адамзатты алаңдатуы керек. “Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана”, – деп жазушы Әбіш Кекілбаев айтпақшы, біздің қандай адам болып қалыптасуымыз, адамдығымызды сақтап қала алуымыз, барлығы да оқыған кітаптарымызға байланысты. Яғни, кітап оқу – адам өмірінің маңызды бөліктерінің бірі деген сөз.
“Кітап оқуды қойған адам – ойлауды да қояды”, – деп француз жазушысы Дени Дидро айтқандай, кітап оқи алмайтын адам, ойлай алмайтын адам десек те қателеспейміз. Қазіргі таңдағы кітап оқитын адамдардың азаюы – ойлы адамдардың азаюы деген сөз. Бұл жалпы адамзат қауымына қауіп төніп тұрғандығын аңғартады.
Жалпы адамзат, соның ішінде, әсіресе, жастардың кітапқа деген қызығушылығы күрт төмендеп кеткені жасырын дүние емес. Оған себеп те бар, біз оны анықтап көруге тырыстық. “Жақсы кітап оқымайтын адамның кітап оқи алмайтын адамнан еш артықшылығы жоқ”, – деген америкалық жазушы Марк Твеннің сөзімен толықтай келісуге болады. Яғни, кітап оқуға деген қызығушылықтың жоғалуы – жақсы кітап таңдай алмаудың зардабы болуы әбден мүмкін. Сондықтан біз бұл мәселелердің басын ашып алу үшін жоғары сынып оқушыларынан сауалнама алған едік.
Біз алдымен оқушылардың қанша пайызы кітап оқитындығын анықтадық. Көпшілігі кітаптан алыс емес екен, дегенмен жиі оқитындар аз. Оқушылардың 70 пайызы шамамен кітап оқиды немесе бұрын оқыған. Өздерінен бөлек отбасында кемінде бір адам тұрақты түрде кітап оқиды. Сондай-ақ біз “оқушылар кітап оқитын сайттармен қаншалықты таныс?” деген сұраққа да жауап ала алдық. Оқушылардың барлығы дерлік кітап оқитын сайттарды жақсы біледі. Және бір мәлімет – оқушылар көбіне электрондық нұсқада емес, қағаз кітаптан оқығанды құп көреді екен. Демек оқушылардың кітап оқуына барлық жағдай жасалған, олар кітапты қайдан және қалай оқу керектігін жақсы біледі. Оларға кітап оқуға жалғыз кедергі – қызығушылықтың жоқтығы деген қорытындыға келдік. Ал енді сол қызығушылықты қалай оятса болады? Міне, осы басты сұрақ. Біз бұл жайды былай тарқатып көрейік.
Бүгінде кітап оқуға қатысты түрлі байқаулар өтіп жатады. Ондағы жүлде қоры да қомақты. Бұл жақсы бастама дер едік. Алғашында жүлде үшін қанаттанып шағын шығарманы бірнеше күнде оқитын жастар кейін өз бойында жақсы әдет қалыптастырады. Әдебиетке деген іңкәрі оянып, одан да күрделі туындыларды парақтайтын болады.
“Рухани азып-тозу – өліммен тең, күйреген рухты қайта көтеру – міне, қазіргі таңдағы басты мақсат осы!”, – деген Шерхан Мұртазаның сөзі ойыма оралып отыр. Еліміз азып-тозбас үшін біз кітап оқуды әдетке айналдыруымыз керек.
Қорытындылай келе, жастардың кітап оқу дағдысын қалай қалыптастырсақ болады деген сұраққа жауап іздедік. Алдағы уақытта біз кітап оқу дағдыларын қалыптастыруға көмектесетін тағы да осындай бірнеше әдістерді анықтап көрмекпіз. Әзірге кітап оқуға деген қызығушылықты қалыптастырудың ең тиімді тәсілі – конкурстар, сайыстар мен ірі көлемдегі кітап оқу жарыстарын ұйымдастыру және оған барынша мектеп оқушыларының көптеп қатысуына әрекет қылу деген қорытындыға келіп отырмыз.
Ақәділ ТАЛАПБЕКОВ,
Тілеген ФАЗЫЛ.
Айыртау ауданы.