Биыл елде волонтерлік бастамаларды жүзеге асыруға 70 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Аталған қаражатқа жастар бастамаларын іске асыру үшін 240 грант тағайындалып отыр. Жуырда аталған грант иегерлері жария болды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мемлекеттік гранты аясында 8 үкіметтік емес ұйым өтініштер қабылдап, үздіктерді анықтады. Осылайша елдегі 8 үкіметтік емес ұйым 8 бағыт бойынша грант іріктеуін ұйымдастырды. Биыл ауқымды жобаға ел бойынша 1000-ға жуық өтініш түскен.
“Birgemiz” жалпыұлттық жобасының гранттары “Вirgemiz: Вilim”, “Вirgemiz: Saýlyq”, “Вirgemiz: Sabaqtastyq”, “Вirgemiz: Asyl mura” сияқты 8 бағытты қамтиды. Қатысушылар білім беру, денсаулық сақтау, мәдени мұраны сақтау, қоршаған ортаға қамқорлық, жануарларға жауапкершілікпен қарау, жоғалған адамдарды іздестіру, қиын жағдайда қалған жастарға жәрдемдесу, қарттар үйіне көмек бағыттары бойынша өз жобаларын ұсынған. Нәтижесінде әр бағыт бойынша үздік 30 жоба іріктеліп, 300 мың теңгенің грантына ие болып отыр.
Еріктілік бастамаларға арналған қаржы бөлінген жобалардың қатарында өңірде жүзеге асырылатын іс-шаралар да бар. Мәселен, Есіл ауданында Абылай Қайроллаевтың “Ауыл балаларына ағылшын тілінен олимпиада” жобасы, Николаевка ауылында “Med.volunter” жобасы, Тауағашта Александра Оттың “Ауылды жердегі цифрлық сауаттылық” жобасы, “Вirgemiz: Úmit” бағыты бойынша облыс орталығында “Күшіміз-бірлікте” және су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесуге арналған “Көмек қолы” жобалары жүзеге асады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.