Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асырып, асқақтату. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметші болу – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы.
Мемлекеттік қызмет – бұл мемлекеттік биліктің міндеттері мен функцияларын жүзеге асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттіктерді орындау бойынша мемлекеттік органдардағы мемлекеттік қызметшілердің қызметі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғамдық үрдістерді реттеуге, мемлекеттің біртұтастығын қамтамасыз етуге және ел азаматтарының мүдделерін жүзеге асыруға икемделген. Мемлекеттік қызмет үшін беделдің маңызды функционалдық және мәртебелік маңызы бар. Ол халықтың басқарушылық қызметінің тиімділігін бағалау критерийлерінің сенімділік деңгейінің көрсеткіштері болып табылады. Мемлекеттік қызметшінің міндеттері Әдеп кодексінде анықталған.
2003 жылдың наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясы 23 маусымды – Мемлекеттік қызмет күні деп жариялаған қарар қабылдаған еді. Қазақстан бұл мерекені 10 жылдан кейін бекітті. Яғни 2013 жылы 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні деп аталды. Ал 2014 жылдан бастап бұл күн кәсіби мереке ретінде тойлана бастады.
Мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру – күрделі және ұзақ процесс. Бұл үрдіс атқарушы биліктің имидждік саясатымен тығыз байланысты. Мемлекеттік қызметші өз өкілеттіктерін дұрыс қолдана білуі және адал болуы керек. Кез келген орында, кез келген лауазымда қандай жағдай болса да халықтың, ел азаматтарының сенімін жоғалтпай жұмыс істеуі керек. Қазақстандық мемлекеттік қызметші әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі саналуы тиіс.
Бүгінгі таңда өңірде 3 813 мемлекеттік қызметші бар екенін айта кеткен жөн. Олар біліктіліктерін үздіксіз арттырып отырады. Мәселен, биылғы жылы барлығы 1112 мемлекеттік қызметші оқуға жіберіледі, оның ішінде біліктіліктерін арттыру курсынан – 905, қайта даярлау курсынан 207 мемлекеттік қызметші өтпек.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 191 мемлекеттік қызметші оқытылды, біліктіліктерін 144 қызметші көтерді, 67 маман қайта даярлаудан өтті. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті мемлекеттік қызмет басқармасы мемлекеттік қызметшілер туралы жағымды пікір қалыптастыру және осы бағыттағы жұмыстарды нығайту барысын қадағалап отырады.
Мемлекеттік қызметші қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруға, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға, сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарға жол бермеуге міндетті.
Гүлнәр ЖУСАЛИНА,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы.