«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қызылжардың мәдени орталығы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада руханият ордасының 90 жылдығына орай мерейтойлық шара өтті. Шараға елордалық меймандар мен өңір кітапханашылары қатысты. Олар ХХІ ғасырдағы кітапханалардың жұмыс бағыттарын талқылап, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру туралы сөз қозғады.

Кітапхананы тоқсан жылды­ғы­мен құттықтаған Қазақстан мәдениетін ғылыми-зерттеу ор­талығының директоры Үмітхан Мұңалбаева бүгінде дамыған әлем елдерінің бәрі кітапқа бет бұрғанын, еліміздің де рухани әлеуетін дамыту үшін кітапхана ісін қолдау керек екенін жеткізді. Профессор Зарқын Тайшыбай бол­са, кітапхана тарихының тым тереңде жатқанын, өткен ғасыр­дың басында Қызылжарда кітап­хана болғанын, онда Міржақып Дулатұлы қызмет еткенін айта келіп, өзінің сиясы кеппеген жаңа еңбектерін сыйға тартты. Оқу-ағарту министрлігінің республи­калық ғылыми-педагогикалық кі­тапханасының директоры Әлия Сайдембаева “Балалар кітап­ха­насы” бағдарламасы туралы баян­дады. Бағдарлама аясында арнайы портал іске қосылған. Онда балалар мен ересектер, кі­тапхана қызметкері кітаптармен танысып, каталог қарай алады. Порталда жас дарындардың тыр­нақалды туындылары тегін жа­рияланады.

Қазақстан мәдениетін ғылы­ми-зерттеу институтының қыз­мет­кері Бекзат Смағұлов қызыл­жарлықтарға ақын Олжас Сүлей­меновтің құттықтау хатын жет­кізді.

“Барша кітапхана ұжымына өз құттықтауымды білдіріп, ал­ғыс айтамын. Мен ұлттың күші ар­сеналында емес, кітапхана­лар­да екенін үнемі айтып келе­мін. Кі­тапхана адамзаттың интеллек­туал­ды өмірінің ажыра­мас бөлі­гі­не айналды. “Артық білім – кі­тап­та” деп дана Абай айтқан­дай, кі­тапхана мәдени мұраның бір бө­лі­гі ретінде ғылым­ның да­муы­на оң әсер етіп келеді. Мұн­дағы бар­лық қызметкерге өз ісіне адал­дығы мен төзімділігі, ең­бегі үшін ал­ғыс білдіремін. Сіз­дерге шын жү­ректен өңір да­муы­на оң әсер ете­тін жаңа шығарма­шы­лық же­тістіктер мен табысты жо­балар ті­леймін”, – делінген құт­тық­тауда.

Кітапхана басшысы Бей­біт­гүл Әбілмәжінова жиылған мей­мандарға алғысын білдіріп, мә­дени орынның ғасырға жуық уақыт ішінде жеткен жетістіктері туралы баяндады.

– Бұл – өткенімізді сарапқа салып, алдағы бағытымызды ай­қындайтын жауапты кезең. Кі­тапхана тарихы 1934 жылдан бас­талады. Осы жылдың сәуі­рінде Қарағанды облыстық пар­тия комитетінің шешімімен Пет­ропавл орталық қалалық кітап­ханасының базасында облыстық кітапхана құрылды. 1936 жылы бұл орын Солтүстік Қазақстан об­лыстық кітапханасы деп атала бастады. 1973 жылдың сәуірінде кітапхана Сәбит Мұқановтың қолдауымен салынған қазіргі ғи­маратқа көшірілді. Мұнда жазу­шының аты берілгеніне де жарты ғасырдан асып барады, – дейді Бейбігүл Мағжанқызы.

1996 жылы кітапхана 5 грант жеңіп алып, жұмыс барысы ав­томаттандырыла бастаған. Об­лыста алғашқылардың бірі бо­лып ғаламтор, электронды пошта, электронды каталог т.б. игі­ліктерді жұмысқа жаратқан ме­кеме де осы. Осы уақытқа дейін кітапхана 27 халықаралық бай­қау­дың грантын иеленіп, рес­пуб­ликада бюджеттен тыс қа­ражат тарту бойынша үздік атан­ған. 2000 жылдардың ба­сын­да мұн­да елдегі облыстық кітапха­на­лардың ішінде алғаш болып электронды кітапхана іске қо­сыл­ған. Бүгінде өлкета­нуға қатысты 140 мыңнан астам мате­риал цифрландырылған. “Мағ­жан” порталы мен Сәбит Мұ­қа­новтың өміріне қатысты хроно­граф, өлкетанушылар мен жа­зушылардың цифрландырылған архиві, “Qyzyljar kitaphanasy” қосымшасы өңір тарихын тани­мын дегендерге көмек берері анық.

Мерейтойлық конференция екі күнге ұласып, қатысушылар түрлі тақырыптарда талқылау жүр­гізді. Келген меймандарға арнап көрме мен экскурсия ұйым­дастырылды.

Бір өкініштісі, ауқымды іс-шараның басым бөлігі орыс тілінде жүргізілді. Бүгінгі күн үшін маңыз­ды жастардың кітап оқуы, Қы­зылжар қаламгерлерінің әде­биет­ке қосқан үлесі, ауыл кітап­ханасы, әдеби өлкетану туралы негізгі баяндамалардың мемле­кеттік тілде жасалмауы, өңірде тіл саясатының кенжелеп қалға­нын көрсеткендей болды. Меке­менің тіркеу орнының өзін­де мем­лекеттік тілде қызмет алу қиын екені де жасырын емес.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp