Еліміздің бас құжаты – Конституцияның 77-бабында “судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады” деп айқын жазылған. Демек, сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады, нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді деген сөз.
Судьялар заңды қолданған кезде мына принциптерді басшылыққа алады: адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі; бір құқық бұзушылық үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға болмайды; өзіне заңмен көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуіне болмайды: сотта әркім өз сөзін тыңдатуға құқылы; жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттемелер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейін ол үшін жауапкершілік заңмен алынып тасталса немесе жеңілдетілсе, жаңа заң қолданылады; айыпталушы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес; адамның кінәлі екендігі жөніндегі кез келген күдік айыпталушының пайдасына қарастырылады. “Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы” Конституциялық заңында сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылатыны және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Республика Конституциясының, заңдарының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет ететіні атап көрсетілген. Әркімге мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды және өзге де адамдардың Республиканың Конституциясында және заңдарында көзделген құқықтарға, бостандықтар мен заңды мүдделерге нұқсан келтіретін немесе оларды шектейтін кез келген заңсыз шешімдері мен іс-қимылдарынан сот арқылы қорғалуға кепілдік беріледі.
Егемендігіміздің алғашқы күндерінен бастап тәуелсіз сот құру демократиялық, құқықтық мемлекет орнатуды басты мақсат еткен еліміздің басты бағыты ретінде белгіленіп, сот-құқықтық жүйе түбегейлі жетілдірілді. Атап айтқанда, соттар мен судьялардың мәртебесі айқындалып, сот құрылысы мен сот ісін жүргізудің тиімді тәсілдері анықталды. Судьялардың әлеуметтік жағдайы, соттардың материалдық-техникалық базасы жақсарды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауларында қойылған әділ сот төрелігін орнықтыру, қоғамның соттарға деген сенімін нығайту, судья мен сот қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін жетілдіру, білікті мамандар даярлау міндеттерін бұлжытпай орындауды басты мақсат еткен Петропавл қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты кәсіби мерекелерін толымды тартулармен атап өтуді дәстүр еткен. Сөз арасында 1992 жылы 24 маусымда “Қазақ КСР-ның сот жүйесі туралы” Заңға түзетулер енгізіліп, соған орай Үкіметтің қаулысымен осы күн “судья және сот қызметкері” күні ретінде белгіленгенін айта кеткен жөн.
Бүгінде қазақстандықтардың күнделікті өмірінде әкімшілік-құқықтық нормалар негізінде туындайтын қатынастар үлкен рөл атқарады. Бұл орайда, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына заңды басымдықтар берудің маңызы зор. Осы себепті мемлекеттік органдар мүдделерінің емес, заңдардың қолданылуының мәні айрықша. Ал мемлекеттік билік аппараты заңның мүлтіксіз орындалуына, оның тиімді іске асырылуына қызмет етуі тиіс. “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодекс әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізу тәртібін жетілдіруге қатысты бірқатар жаңа ережелерді белгілеп берді. Бұдан былай соттардан басқа бірқатар уәкілетті органдар әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға құқылы. Бұл ретте аталған органдар қозғаған әкімшілік істерді жүргізу тәртібі тиісті ведомстволық нұсқаулықтармен реттеледі. Жыл басынан бері әкімшілік құқық бұзушылық туралы 2335 іс қаралып, 1961 адамға жаза қолданылды. 358 іс тоқтатылды.
“Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодексіне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойылғаны белгілі. Түзетулер мемлекеттік отбасылық саясаттың құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге, олардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылықты қатаңдатуға, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққан әрекет қылмыстық кодекске ауыстырылып, жауапкершілік күшейтілді. Мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары белгілі бір мақсаттарға қолданылып, оның тәртібі белгілі бір принциптерге негізделеді. Бұл шаралар негізінде іс жүргізу нормалары жетілдіріліп, адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін нақты қорғай отырып, толыққанды әкімшілік іс жүргізу қамтамасыз етіледі.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, халықтың денсаулығын, санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын, қоршаған ортаны, қоғамдық имандылықты, меншікті, мемлекеттік басқаруды жүзеге асырудың белгіленген тәртібін, ұйымдардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерін әкімшілік құқық бұзушылықтардан қорғау, сондай-ақ олардың жасалуының алдын алу міндеттеріне сәйкес осы қағидаттарды жүзеге асыру үшін әкімшілік жауаптылық негіздері белгіленген. Бұл орайда әкімшілік жаза әділ, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетін болуы тиіс. Жеке тұлғаға әкімшілік жаза қолдану кезінде жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипаты, кінәлінің жеке басы, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, мүліктік жағдайы, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескеріледі. Әкімшілік жаза қолдану адамды орындамағаны үшін көрсетілген жаза қолданылған міндеттерді орындаудан, жол берілген бұзушылықтарды жоюдан және залалды өтеуден босатпайды. Қандай іс-әрекеттердің әкімшілік құқық бұзушылықтар болып табылатынын және оларды жасағаны үшін қолданылатын жаза түрлерін, сондай-ақ құқық бұзушылық жасаған адамға қандай әкімшілік жаза көрілетіні, қай мемлекеттік органның (лауазымды адамның) және қандай тәртіппен жазалануы мүмкін екені айқындалады. Бұл шаралардың іс жүргізу нормаларын жетілдіруге, толыққанды әкімшілік іс жүргізуді қамтамасыз етуге ықпалы айтарлықтай екенін тәжірибе айғақтап отыр. Десек те, әлі де толықтыратын тұстар жоқ емес. Мәселен, кодекстің 786-бабында құқық бұзушылықтар мен оларды жеткізуге тиісті заңды тұлғалардың тізімі келтірілгенмен, нақты мерзімі нақтыланбауы немесе 55-бапта әкімшілік жаза тағайындаудың төменгі шектік деңгейінің айқындалмауы процесті рәсімдеуде бірқатар қиындықтар тудырады. Аудандық және оған теңестірілген сот судьяларына әкімшілік құқық бұзушылық квалификациясын неғұрлым қатаң әкімшілік жазамен алмастыратын құқық көзделмеген.
Біздің ойымызша, іс жүргізу кодексін қабылдау қажет, өйткені ондағы құқық бұзушылықтардың барлық аспектілері әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс негізінде реттеледі. Сонда азаматтық тең құқықтың конституциялық талабы сақталып, сот төрелігі нығая түсері анық.
Дамир ШАМҰРАТОВ,
Петропавл қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соттың төрағасы.