Қызылжарда түркі әлемінің мақтанышы, Алаш арысы Мағжан Жұмабаевқа арналған оқушылар арасындағы республикалық “Мағжан оқулары” ғылыми-шығармашылық конкурсының ашылуы өтті. Байқауға 3 аталым бойынша еліміздің 19 өңірінен 52 қатысушы жиналған.
Жас дарындарды дүбірлі доданың ашылуымен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Анафина құттықтады.
– Сіздерді Мағжан Жұмабаевтың туған өлкесінде көргенімізге қуаныштымыз. Мағжан – әдебиетіміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан дарынды ақын, Алаш қайраткері, елінің ертеңі үшін қызмет еткен күрескер. Оның шығармашылығы терең мағынаға толы. Ол – біздің мақтанышымыз. Қазақтың асыл перзенті кейінгі буын жастарға үміт артып, сеніп кетті. Бүгінде елімізде дарынды жастардың дамуына жағдай жасалуда. Бүгінгі барша қатысушыға шығармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тілеймін, – деді Динара Анафина.
Салтанатты ашылудан кейін қатысушылар өз бағыттары бойынша өнер-білім жарыстырды. “Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім” номинациясында оқушылар ақын өлеңдерін жатқа оқыды, “Жасынан оқу оқып, өнер қуған…” аталымында Алаш арысының өмірі мен шығармашылығына қатысты ғылыми жұмыстарын қорғады, ал “Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған” номинациясында жас ақындар сынға түсті. Қатысушыларды құрамына ақындар, университет ұстаздары мен өнер адамдары кіретін қазылар алқасы бағалады. Тартысты сайыстан бөлек жас дарындар үшін экскурсия мен еске алу шарасы жоспарланған. Бірнеше күнге ұласатын дәстүрлі республикалық байқаудың қорытындысы алдағы күндері мәлім болады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.