Мемлекет басшысы отбасылық зорлық-зомбылық мәселесіне үнемі алаңдаушылық білдіріп, принципті түрде баға беріп келеді. “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында Үкімет алдына бірқатар міндеттер қойды. Соның бірі – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалана отырып, адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізін бала кезден қалыптастыру, осылайша жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді тапсырды.
“Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатал тосқауыл қою қажет. Өкінішке қарай, құқық қорғау мекемелері және аймақ басшылары осы жұмысты дұрыс атқармай отыр. Басқа сөзбен айтқанда, заң үстемдігін қамтамасыз етпейді. Соның салдарынан қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиғалар болып жатады. Мысалы, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болады. Негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету”,– деп ерекше атап көрсетті. Шынында да, өркениетті елдерге теңесеміз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтарымыздың ниеті өзгеруі керек. Бүгінде ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру айрықша маңызға ие болып отырғаны сондықтан. Ең ізгілікті қасиеттерді отбасы, ошақ қасында балғындардың бойына сіңіре білсек, отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал ұрпақтың өсіп шығары күмәнсіз.
Азаматтардың құқықтарын қорғау әркез Президенттің басты назарында. Елімізде құқық қорғау институттарын күшейту бағытында атқарылған кешенді шаралар аз емес. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігі берілді. Азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу ісіне жүйелі ұстанымды қалыптастыру мақсатымен бұл құзырет Бас прокуратураға жүктелді. Жұртшылық тарапынан қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігі, әсіресе, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы тиімді қарсы тұру, әйелдер мен балаларға қатыгездік көрсеткендердің жазасын қатайту жайы жиі айтылатын. Осыған орай Мемлекет басшысы мұндай құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызудың орынды-орынсыздығын анықтау туралы нұсқау беріп, мәселенің жан-жақты зерделенуінің нәтижесінде “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы” және “Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республиксының заңдарына қол қойылды. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы ізгілікті қадам болып табылары сөзсіз.
Президент Әкімшілігінің 2022 жылғы 16 маусымдағы хатына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша балалар, отбасы және әйелдер құқығы жөніндегі уәкіл лауазымы енгізіліп, білім басқармасы уәкілмен өзара іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган болып айқындалды. Ресми ақпараттарға жүгінсек, Қазақстанда жылына орта есеппен алғанда 20 мыңға жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналатын көрінеді. Жасыратыны жоқ, көбіне ер азаматтар ішімдікке тәуелділік, жұмыссыздық, тағы басқа жаман әдеттер салдарынан шаңырақтың берекесін кетіріп, зардабын шиеттей балалар тартып, оның соңы ауыр қылмыстарға ұласып, адам жанын түршіктіретін небір оқиғаларға соқтырып жатады. Соңғы төрт жыл ішінде елімізде зорлық-зомбылықтан 870 адамның көз жұмып, 2 мыңдай адамның түрлі дене жарақатын алуы, жыл сайын балаларға қарсы екі мыңнан астам қылмыстың жасалатыны ойландырмай қоймайды. Сондықтан үлкен дертке айналған бұл мәселемен жалпы қоғам болып күресудің мәні айрықша. Біз өз тарапымыздан түрлі қылмыстарды еңсеруге бағытталған “Тұрмыс”, “Қадағалау”, “Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!” сияқты республикалық акцияларға үзбей қатысамыз. Ондағы мақсат – кез келген зорлық-зомбылық әрекеттерінің алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, отбасы құндылықтарын, отағасы, отанасы рөлін, тәрбиенің тал бесіктен басталатынын түсіндіру. Десек те, республикада екі аптаға созылған профилактикалық шаралар мен акциялар барысы зорлық-зомбылықтың әлі тыйылмай отырғанын аңғартты. Осы уақыт аралығында 4 мыңнан астам хабарлама түсіп, 675 отбасындағы балалардың ата-анасы мен туыстарынан зәбір көргені, отбасылық жанжалдардың негізгі себебі – маскүнемдік, лудомания, адамгершілік құндылықтардың төмендеуі екені анықталды. Былтыр өңір бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 1874 факт орын алып, әкімшілік қамауға алу жөнінде 500 хаттама толтырылды. 300 адамға ескерту жасалып, 6 адамға айыппұл салынды. Жақындарынан қолдау таппаған әйелдер Петропавл қаласында орналасқан “Аналар үйін” паналайды. Оларға мамандар құқықтық, психологиялық көмектер көрсетеді.Жыл басынан бері асырауында балалары бар 80 әйел қамқорлыққа алынды. Қолдау орталығы жүргізген сауалнамаға қатысқан әйелдердің 90 пайызы психологиялық қысымдарға ұшырайтынын жасырмаған.
Бұдан былай, жоғарыдағы заңдарда көзделгендей, отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары қылмыстық факт ретінде сипатталады. Және де денсаулыққа қасақана ауыр не орташа зиян келтіру көрінісіне қатысты жауапкершілік те күшейтілді. Бір сөзбен айтқанда, енгізілген нормалар мен бірқатар түзетулер әйелдер мен балалардың құқығын қорғап, қауіпсіздігін нығайтуды көздейді. Бұдан бөлек, тұрмыстық зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құру және олардың жұмысын жандандыру заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Қазіргі уақытта Қазақстанда 68 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. 2026 жылға таман олардың саны 231-ге жеткізілмек. Шалғай аудандарда да ашу белгіленген. Кризистік орталықтардан айырмашылығы, келеңсіз жайттардың алдын алуға бағытталған. Заңнамалардың тағы бір ерекшелігі, кәмелетке толмағандарды жәбірлегені, яғни буллинг үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту бірінші рет енгізілді. Білім беру ұйымдары жасөспірімдер жасаған немесе олар зардап шеккен әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті. Агрессияға бой алдырып, үйдің берекесін кетіріп, отбасы мүшелерінің құтын қашырған адам 20 күнге қамауға алынады. Бір таңғалдыратыны, жұбайынан қанша қорлық, қоқан-лоққы көрсе де, шыдап отыра беретін, үнсіз көндігетін әйелдер әлі де баршылық. Тіпті кейбірінің күйеуі әйелін ұруға құқығы бар деп санайтынын қайтерсің? Менің пікірімше, жәбірленуші ешнәрседен қорықпай, өзін батыл ұстауы қажет. Әйтпесе, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін, сынған кесенің жамауға келмейтіні сияқты, отбасы бірлігін сақтап қалу қиынға түседі. Ұсынылған түзетулер бойынша зардап шегушілердің өтінішінсіз, яғни зорлық-зомбылық жасау фактісі негізінде, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғай алады. Хаттама толтыру үшін оқиға болған жерді қарап, тексеру хаттамасын толтырып, жәбірленушіден түсініктеме алса, куәлардың айғақтары болса, жеткілікті. Бір жылдың ішінде қайталап татуластыру рәсімі алынып тасталды. Петропавлдың бір тұрғыны полицияға хабарласып, үйде жанжал шығарған күйеуінен қорғауды сұраған. Сот отырысында әйелі күйеуінің түзелемін деген уәдесіне сеніп, кешірім жасаған. Алайда отағасы сөзінде тұрмаған. Отанасының қайтадан полицияға жүгінуіне тура келген. Әкімшілік өндіріс жүргізу кезінде ер адамның мас күйде жанжал шығарғаны анықталған. Бір қызығы, әйелі бұл жолы да татуласқысы келген. Бірақ сот қаулысына сәйкес, отбасылық жанжал үшін ер адам әкімшілік қамауға алынды. Заңды қатаңдату отбасындағы зорлық-зомбылық фактілерін айтарлықтай төмендетуге игі әсерін тигізеді деген үміт мол
Қоғамның басты дертіне айналған бұл мәселемен жұртшылық болып күрескенде ғана еңсере аларымыз анық.
Сәуле СҰРАҒАНОВА,
облыс бойынша балалар, отбасы және әйелдер құқығы жөніндегі уәкіл.