«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАҒЫ МӘДЕНИ-САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Тимирязев ауданында болып, ауыл шаруашылығы, өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралады. 500-ден астам адам тұратын Дмитриевка ауылында бой көтерген жаңа мәдени-сауықтыру орталығының ашылу салтанатына қатысты.

Нысан “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша 79 млн. 540 мың теңгеге салынған. Мұнда конференция, тренажер залдары, мұражай, кітапхана, шахмат, дойбы үйірмелері жұмыс істейді. Мұндай нысандар Ақсуат және Степное ауылдарында да тұрғызылуда.

“Қуанышбек және К” ЖШС Ақсуат елді мекенінде ұн және кебек өндіретін кешенді іске қосқан. Жылдық қуаттылығы 5 мың тоннадан асады. 20 жергілікті тұрғын еңбек етеді. “Райт-А.А” серіктестігі Ақжан ауылында сүт фермасын салуды жоспарлап отыр, оған құйылатын инвестиция көлемі 1,7 млрд. теңгеге жуық. Серіктестік директоры Шарқан Қоңыратбаевтың айтынша, тауарлы-сүт кешені 600 басқа жобаланған. Голштин тұқымды сиырлар шетелден сатып алынбақ. Құрылыс жұмыстарына 10 адам, 6 техника тартылған. Шаруашылық еділбай қойы және жабы жылқысын өсірумен де айналысады.

Өңір басшысы диқандармен кездесіп, “Москворецкое” серіктестігінің қызметімен танысты.

Аудан орталығында биыл 8,9 шақырым жол жөнделеді. Екі жылда 20-дан астам көше қалпына келтірілмек. Сондай-ақ Хмельницкое, Дружба ауылдарына апаратын жолдар да жөнделеді. Тимирязево-Целинное-Докучаево, Ишимский-Ақсуат ауылдары арасындағы жолдар жаңартылады.

Ауданда мемлекет қолдауына сүйеніп, озық бағдарламаға қатысушылар аз емес. Солардың бірі – Назгүл Көбеева “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында азық-түлік дүкенін ашқан. Ол өз ісін одан әрі өрістетпек.

Сапар барысында Ғауез Торсанұлы аудан тұрғындарымен кездесіп, ауылдықтарды толғандыратын бірқатар өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады. Тимирязево мен Сарыкөл арасындағы республикалық жолдың сапасыздығы, күрделі жөндеуден өткізу қажеттігі айтылды.

Қазір аудандық аурухана мен 5 білім нысаны күрделі жөндеуден өтуде. Орталық қазандықтың құрылысы басталады.

Ғауез Нұрмағамбетов “Таза Қазақстан” акциясы шеңберінде ардагерлермен және жастармен бірге саябаққа ағаш көшеттерін отырғызды.

Әсем ТАСМАҒАНБЕТОВА.

Тимирязев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp