Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқаруда жанқиярлығы, сондай-ақ су тасқыны кезінде көрсеткен ерлігі үшін Бауыржан Жаулетбаев Рахымжан Қошқарбаев атындағы үшінші дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды.
Аға сержант Бауыржан Жаулетбаев азаматтық қорғау органдарында 2018 жылдан бастап қызмет етуде. Бірнеше рет ірі және күрделі өрттерді сөндіруге, сондай-ақ су тасқынына қатысты іс-шараларға атсалысқан.
Ол 2024 жылдың 28 наурызы мен 15 сәуірі аралығында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері тобының құрамында тұрғын үйлердің аумақтарынан еріген қар суын сорып алу бойынша жұмыстарды ат-қарған, Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандарында бөгеттерді нығайту бойынша жұмыстарға қатысқан. Петропавл қаласының Ойқала шағынауданында тек адамдарды ғана емес, үй жануарларын да су басқан үйлерден эвакуациялау бойынша іс-шаралардың ортасында болған.
13 сәуірде Петропавл қаласының Ойқала шағынауданында төтенше жағдайда, ерекше ерлік пен батылдық танытып, қарт әйелді, содан кейін су басқан үйден өз бетінше шыға алмаған ер адамды құтқарып, оларды қауіпсіз жерге эвакуа-циялаған.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.