«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЮДЖЕТТІ ИГЕРУДЕ ІРКІЛІС ЖОҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық қоғамдық кеңесте қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант 2023 жылғы облыс бюджетінің орындалуы туралы есеп берді. Маманның айтуынша, ол 99,9 пайызға орындалған. Бұл – республика бойынша жақсы көрсеткіш. Басқарма басшысы әр саланы қаржыландыруға егжей-тегжейлі тоқталды.

Мәселен, былтыр денсаулық сақтау саласына 11,7 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаражаттың 5,9 млрд. теңгесі емдеу мекемелерінің материалдық базасын нығайтуға жұмсалыпты.

“Қызмет сапасын арттыру мақсатында 250-ден астам медициналық техника, оның ішінде қазіргі заманғы магнитті-резонанстық және компьютерлік томографтар, ультрадыбыстық зерттеу аппараттары, маммографтар, рентгендиагностикалық және бейнеэндоскопиялық жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар емдеу мекемелерінің автокөлік паркі 19 санитарлық машинамен толықты”, – дейді Наталья Дышкант.

Былтыр облыс бойынша 27 емдеу мекемесінде жалпы сомасы 1,9 млрд. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген. Ал жаңа нысандардың құрылысына 4,6 млрд. теңге жұмсалыпты.

“Петропавлдағы “Береке” және “Жас өркен” шағынаудандарында 250 адамды қабылдайтын емханалар құрылысы аяқталды. “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында ауыл тұрғындарын алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қамтуды ұлғайту мақсатында 2025 жылға дейін ауылдарда 46 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары салынады. Былтыр осы мақсатқа 3 млрд. теңге бөлініп, Лобаново, Якорь, Прибрежное, Қарақоға, Возвышенка елді мекендерінде дәрігерлік амбулатория, Тахтаброд, Привольное, Кладбинка елді мекендерінде фельдшерлік-акушерлік пункттер құрылысы аяқталды”, – дейді Наталья Дышкант.

Ал білім беру саласына келер болсақ, өңірде балабақшалар, мектептер және жатақханалар көптеп салынып жатыр. Былтыр осы мақсатқа 18 млрд. теңге жұмсалған. Білім беру нысандарының көптеп тұрғызылуы өңірдегі қордаланған бірқатар мәселені шешпек. Яғни 2025 жылға қарай үш ауысымды оқыту мәселесін шешіп қана қоймай, қазіргі апатты мектептерден толық арылуға, сондай-ақ 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы 2023 жылы осы салаға 147 млрд. 341 млн. теңге бөлінген, оның ішінде: білім беру нысандарын күрделі жөндеуге 4 млрд. 142 млн., материалдық-техникалық базаны нығайтуға 3 млрд. 958 млн., жаңа нысандардың құрылысына 4 млрд. 664 млн. теңге жұмсалыпты.

Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы 1200 орындық 2 мектептің құрылысы басталған, биыл олар қолданысқа берілуі қажет. Олар – Петропавлдағы “Орман” және “Береке” шағынаудандарында салынып жатқан 600 орындық мектептер. Осы мақсатқа Ұлттық қордан 4,1 млрд. теңгеден астам нысаналы трансферттер бөлінді.

Биыл Тайынша ауданының Драгомировка ауылында апатты жағдайда тұрған мектептің орнына 120 орындық жаңа білім ошағының құрылысы басталады. Осылайша апаттық мектептер мәселесі толық шешіледі. Жатақханалардағы орын тапшылығын шешу, сондай-ақ студенттерге неғұрлым қолайлы жағдай жасау үшін Петропавлдағы қызмет көрсету саласы колледжінің 244 орындық жатақханасының құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, 1 444 орындық 2 студенттер жатақханасының құрылысы жүріп жатыр.

“Қазіргі уақытта облыста студенттік жатақханалардан 3 129 орын қажет, оның 2 318-і университет үшін, 811-і колледждер үшін керек. Былтыр республикалық бюджеттен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне 600 орындық екі ғимараттан тұратын жатақхана салуға 2 млрд. 262 млн. теңге бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша қаражат толық игерілді. Жатақханалар 2024-2025 оқу жылының басында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Биыл құрылысты аяқтауға 1 млрд. 708 млн. теңге бөлінді”, – деді Наталья Дышкант.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp