Ақын мұрасын ақтарып, төңкеріп отырған күнде Мағжан ақындығының қалай қалыптасқанына көз жүгіртіп, ой топшылауға болады. Ол – ақын болып туған еді, ақын болып өлді. Мағжанның бақыты ма, соры ма, әрбір өлеңі оқырман назарынан тыс қалмағаны байқалады. Оқырман дегенде мен оның өлеңдерінен сән іздеген, ән іздеген, рухани нәр алған, осындай отандасы бар екеніне қуанған ақ жүрек адал оқырманды да, ақынның табиғи дарынын көре алмаған, күншілді, әр өлеңнің астарынан қылмыс іздеген тыңшы, тіміскіні де айтып тұрмын.
Мағжантанудың шешілмеген мәселелері әлі де көп. Уақыт өтеді, ұрпақ алмасады. Ал біздің арымыз таза болу үшін, көзіміз тіріде жастарға ақиқатын айтатын кез келді деп есептеймін. “Жұмабаев Мағжан шығармалары: Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер”. Мағжан есімі туған халқына толық қайтарылған шақта, 1989 жылы жарық көрген, біршама толық жинақ, осы сүйінші кітап төңірегінде қазақ зиялылары арасында қалыптасқан кейбір ұшқары пікірлер туралы айтарымыз да бар.
Тағдырдың тәлкегін тағы бір қайталап, осы жинақтың алғысөзін Әбділдә Тәжібаевқа жаздырған білімпаздардың көздегені не? Сонау 1925 жылы Мағжанды жазықсыз жазалап, қорлық пен кекесінге толы өлең жазып, қарғап-сілеген осы Тәжібаев болатын. Заман желі қалай соқса, солай жығылғаны туралы қарт ақын: “Бұл менің де, мені тәрбиелей сөйлеткен ағаларымның да тарих алдындағы кешірілмейтін күнәсі еді” – деп жазыпты. Яғни, құлағын қалай бұраса, солай сөйлеген патефон деген аспап болғанын мойындағанына да шүкір. Бірақ қазақ халқын өлшеусіз ауыр қасіретке ұшыратқан саяси қуғын-сүргін заманында бұл “патефондардың” жай ғана сайрап қоймағанын, өз әріптестері мен қандастарының өліміне тікелей қатысты екенін бүгінгі ұрпақ білуге тиіс.
Мына Тәуелсіздік заманында, рухани тіріліп, ортамызға қайта оралған Мағжанның осы жинағына жазылған алғысөздің мазмұны да жас ұрпақты мейлінше адастырып, онсыз да қорлық көріп, жадымыздан өше бастаған ұлы қайраткер азаматтың бейнесін көлеңкелеп, тіпті тұмандатып жібергенін көре тұра айтпасақ, әруақ алдында біз жазықтымыз. Әлбетте, Ә.Тәжібаевтың бұл “алғысөзі” мағжантанудағы ақырғы сөз емес. Бірақ халыққа тарап кеткен кітаптағы теріс қағидаларды көрсету парыз.
Демек, “…Мұндай ғажайып дәуірге жеткізген партия басшылығына біз мың-мың алғысымызды ғана арнамау керек” деген Әбділдә Тәжібаевтың “нұсқауы” Мағжан және Мағжан сияқты мерт болған жүздеген ұлт қайраткерлерінің әруағын қорлау. “Мың алғысын” компартияның май шелпегіне тойған насихат бұлбұлдары әлі айтып келеді. Бірақ жазықсыз жапа шеккендердің, атылып-асылғандардың ұрпақтары алдында ақ сөйлеп, туған халқының тәуелсіздігі, бақыты жолына барын арнаған Алаш қайраткерлерінің кешкен қорлығына, өліміне кім жауапты екенін бүкпесіз айта алатын ауыз да керек.
Біріншіден, Мағжанның Мағжандығын “Сүй, жан сәулем, тағы да сүй” деген ынтық сезімдермен бағалау да – шындықтан мүлде алыс. “Сүйдім, күйдім…” деп әндеткен ақындарда сан жоқ. Махаббат тақырыбын Мағжаннан да артық жырлаған ақындар болуы мүмкін. Демек “Бұл жаңалық поэзиямыздың оқырман достарын бұрынғыдан әлдеқайда қанаттандырады”, – деу жеткіліксіз. Мағжанның жаңалығы бұл емес. Оның шығармаларының сара тақырыбы – қазақ ұлтының мүддесі, жырлағаны – қазақ мұңы. Ол бұл тақырыпты жырлап қана қойған жоқ, бүкіл дарыны мен өнерін салып сол тәуелсіздік үшін күресті. Міне, осыны айту керек.
Бұдан әрі: “Мағжанның ұлттық санасы сол халықтың Россиядағы Қазан революциясы толқынымен ояна бастаған кезінде туып, қалыптаса бастады”, – деген көпірме сөздер түбірімен қате. Мағжанның санасы, саяси көзқарасы Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың ұлтшылдық күресінің әсерімен Қазан революциясынан көп бұрын қалыптасты.
Алғысөз осындай болса, соңғы сөз ретінде берілген Мағжанның қысқаша өмірбаяны да сол баяғы ескі көзқарас, таптық ұстаным тұрғысында жазылған және соны дерек ретінде қабылдау өкінішті-ақ.
Бәз біреулердің “1920 жылы жазған “Жан сөзі” Мағжан әкесінен қарғыс алған соң, қаражат бермей қойған соң туған” – дегені де білместік. Бұл – ақынның өз тағдырына, өзінің алау жүрегіне деген нала сезімі. Өлеңді оқыған адам бұл жолдардың Мағжанның әкесі Бекмұхаметке ешқандай қатысы жоқ екенін көреді. Жиырма жеті жастағы атағы жер жарған ақын, жоғары білімді азамат әкесінен қаражат сұрап қайғыра ма?
“Мұғалімдер семинариясын алтын медальмен бітірді” – деп ойдан шығармаса да, Мағжанның беделі биік. Ондай медаль болмаған. Осындай ойдан шығарылған қисынсыз сөздер ақын атына ұпай қоспайды.
“Өмірбаянды” жазғандар “Алашорда” атты партия құрылып”, – деп “Алаш” партиясының, тәуелсіз “Алашорда” үкіметінің тарихи орнын көргісі келмейді. “Алашорда” – біздің ардағымыз. Мағжандар – біздің рухани көсеміміз. Бүгінгі Тәуелсіздік, сол Мағжандар қолымен құрған Алашорда идеясының жемісі.
1919 жылы коммунистік кеңес үкіметі кешірім беріп, ақтаған Алашордашыларға қайта жазылған айыптау қорытынды екені даусыз, бірақ тағы да “анау-мынау” деп жақауратып жүрген “Тар жол, тайғақ кешудің” беттерінде Алаш көсемдеріне жабылған жала және оның зардаптары қандай қырғынға себеп болғаны тарих бетінде қара таңба болып қалды.
Мағжан бір кезде “Бостандық туы” газетіне бас редактор болған дейтіндерді де түсіну қиын. Рас, бұл газетті, тіпті оның алғашқы нұсқасы “Кедей сөзін” де Мағжан өз қолымен құрды. Қазақ халқын бай-кедей деп тапқа бөле-жармау керектігін насихаттап, көптеген мақалалар жазды. Бірақ бас редактор болған жоқ. Рас, түрмеде отырғанда “редактор болдым” деп Мағжанның өзінің жазғаны бар. Бірақ ол “бір шарапаты тиер ме екен?” деген тұрғыда, тергеушілерді сендіру мақсатында шарасыздықтан жазылған. Архивте мұндай дерек жоқ.
1922 жылы Мағжанның Ташкентке келуі де трагедия. Бас сауғалап, жанынан қорқып, пана іздеп, қашып барды. Алаш қайраткерлерінің арасына барды. “Ташкенттегі кезі – ақын ретіндегі ең өнімді жылдар деген Ш. Елеукеновтің: “1922-23 жылдар Мағжан үшін Пушкиннің Болдино күзіндей болды” – деуі мүлде ұшқары айтылған. Қуғын көріп, қан жұтып, қайғырып жүрген Мағжан тағдырын түсінбегендік. Ол шабыты шалқып, көңілі көтеріліп, қалам тербеген жоқ. Асықты. Берерін беріп кетуге ұмтылды. Аз күн еркіндіктің мезгілі ұзақ емесін білді.
Бәзбіреулер жазып жүргендей, Ташкентке Мағжанды Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов, Мәскеуге де Луначарский шақырған жоқ, білім іздеп барған жоқ. Қазақтың кең даласына сыймай, “Сайында саяқ құрлы сая таппай”, үкімет атынан қолына түсірген жолдама-стипендия түріндегі мүмкіндікті пайдаланып, уақытша бой тасалады. Мұхтар мен Мағжан екеуі де Ленинградқа жолдама алып, кейін онда орын болмай, Мағжанның қағазы Мәскеуге ауыстырылды. Бірақ өз қандастары оған Мәскеуде де тыныштық таптырмады. Қазақстаннан арызды қардай боратып, жапқан жаланың негізінде 1924 жылы 24 қараша күні “әдеби сын” дегенді ұйымдастырып, жазықсыз жанды “итке талатқандай” етті. Соның нәтижесінде 1925 жылы Мағжан кітаптары да тұтқындалды.
“Мәскеуде аударма жұмыстарымен көп шұғылданды” дегенде ақынды аудармашылық таланты тасып немесе саяси шабыты қысып бара жатпаған. Ол жан сақтау үшін, қаламақы табу үшін “Шығыс” баспасының жоспарындағы шығармаларды алып, аударды. Лениннің кітапшалары мен мақалаларын да идеясына немесе көркемдігіне тәнті болып аударғандай етіп көрсету – мүлде теріс. 1989 жылы шыққан жинақта сонымен қатар, ақынның кейбір өлеңдеріне қол тигізіп, көпе-көрнеу мәтіннің саяси “тігісін жаттықтыру” ниеті де байқалады.
Мағжантанудың басында Әлихан Бөкейханов, жуан ортасында Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Сәдуақасов, Қошмұхаммет Кемеңгеров, Нәзір Төреқұлов, Ғаббас Тоқжанов, әрине, Сәбит Мұқанов тұр. Осы тізімнің өзі-ақ, аталған адамдардың қазақ тарихынан, қазақ әдебиетінен, ұлттық ақыл-ойдың тарихынан алатын орнына қарап-ақ Мағжанның бейнесіне, ақындығына деген ықыластың және қарсылықтың қаншалықты күшті болғанын шамалауға болады.
“Қазақта ондай ақын жоқ!” деп сұқ саусағын профессор А.Жовтистің маңдайына тіреген сол кездегі халық ағарту министрі Қали Біләлов, Республика КГБ бастығы Арыстанбеков те 1960 жылдары Мағжанды ақтамау туралы шешім қабылдағанда Жазушылар одағының пікіріне сүйенген. Бұл пікірге Одақтың сол кездегі хатшысы Әбділдә Тәжібаев 1960 жылғы 16 мамырда қол қойған. Қылмысы болмағандықтан, мемлекеттің заңымен ақталғаннан кейін, Мағжанға 30 жыл бойы неге қолымыз жетпеген”, – деген замандастың сұрағына жалғыз ауыз жауап осы.
КГБ тергеушісі Уәлихан Мұқаев обалы қанша, Мағжан Жұмабаевқа қатысты барлық құжаттар мен деректерді тексеріп болғаннан кейін, Мағжан өлеңдерін жолма-жол орысшалап, қорытынды дайындау үшін, ақын шығармашылығына әділ баға беретін бірден-бір беделді ұйым саналатын Жазушылар одағынан “…оның (Мағжанның) ақындық мұрасы тұтас алғанда, идеялық ұстанымы жағынан ұлтшыл-буржуазияшыл, олай болса, контрреволюциялық сипатта…” , – деген жауап алады. Осы пікірдің негізінде, өз тарапынан “(Жұмабаев)…шетел барлау қызметімен байланысы болды деген 1938 жылғы айып қайта тексеруде бекітілмесе де, совет өкіметіне қарсы бұрынғы белсенді қызметі үшін оның үстінен қозғалған қылмыстық істі қысқартуға болмайды деп есептеймін”, – деген қорытынды шығаруға мәжбүр болған.
Бірақ Түркістан әскери округінің прокуроры Пастревич Жазушылар одағының пікірінен гөрі заңға жүгінуді артық санаған. “ (Жұмабаев)…шетел барлау қызметімен байланысы болды деген 1938 жылғы айып қайта тексеруде бекітілмеді, ал советке қарсы, ұлтшылдық қызметтері үшін 1930 жылы 4 сәуірде 10 жылға сотталып, жазасын өтеп келген. Сондықтан СССР НКВД мен Бас прокурордың М.Жұмабаев туралы 1938 жылғы 11 ақпандағы шешімі жойылсын, қылмыстық іс қысқартылсын”, – деп Түркістан әскери трибуналына наразылық түсірді. Әскери трибуналдың төрағасы генерал-майор Приймак 8-шілдеде алқа отырысында қарап, прокурордың наразылығымен келісіп, Мағжан есімін орынсыз жаладан арашалап алды. Қылмыстық іс кеш болса да қысқарды.
Ақталған Мағжан Жұмабаев сонда да қазақ ортасына оралған жоқ, әруақтың ғазиз атын атау – қылмыс саналды, шығармалары қайта басылған жоқ. 1988 жылдың аяғына дейін…. Бірақ адал ниетті оқырмандары, жоқтаушылары да ұмытқан жоқ. Мағжанды іздеп, сол оқиғалардың бел ортасында болған, марқұм академик Рымғали Нұрғали былай деген еді: “Қазақ мемлекеттік университетінде 1966 жылы бір жиналыс өтті. Ұйымдастырған – профессор Бейсенбай Кенжебаев пен профессор Хайролла Махмудов. Сөйлегендер – профессор Темірғали Нұртазин, доцент Александр Жовтис, жазушы Тахауи Ахтанов. Әңгіме Мажан, оның поэзиясы, кітабын бастыру туралы болды. Қауіпсіздік комитеті қызметкерлері жиналысқа келген адамдардың бәрін тізімдепті. Сөйленген сөздердің бәрі магнитофонға жазылыпты. Кейін білдік, сол жиын туралы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюросы арнайы мәселе қараған. Татар Хайролла Махмудов, еврей Александр Жовтис партияда жоқ екен, ал коммунист қазақ Бейсенбай Кенжебаевқа партиялық қатаң сөгіс берілген. Мағжан өлеңдерін орыс тіліне аударып, енді басқалы жатқан “Простор” журналының бас редакторы, жазушы Иван Шухов, осы әрекетті қолдаған мәдениет министрі Ілияс Омаров қызметтерінен босатылды. “Жастық шақты бойлап” естелік кітабында башқұрт жазушысы Сайфи Құдаш Мағжан Жұмабаевты ұлы ақын деп мадақтады. Сол кітап СССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылғанда біздің ағайындар башқұрттың “ұлтшылын” әшкерелеп, арыз түсірді. Сыйлық берілмей қалды. Тағы да сол Сайфи Құдаш Мағжанның өмірі мен шығармашылығы туралы, оны ақтау керектігін дәлелдеп, Қонаевқа жүз беттік хат-зерттеу жіберді. Бірақ одан ештеңе өнген жоқ”.
Мағжанның қамқоршылары көп еді. Солардың бірі – Казақстанның алғашқы жер-су халық комиссары Әшімбек Бектасов есімді бекзада. Партияның үстем билігі, қатаң цензураның кезінде де 1965-1968 жылдары зейнеткер бірінші басшысы Д.Қонаев, Мәскеудегі патша Л. Брежневтің атына, олар болмаған соң Қазақстан Компартиясының кезекті сьезіне, партияның 25-сьезіне дейін хат жазып, Мағжан Жұмабайұлы сияқты ардақты қазақтың жоғын жоқтап, адал есімін халқына қайтару туралы бірнеше мәрте жазған хаттары, сол үшін алған партиялық сөгісі туралы құжаттар қолымызда.
Мұндай ренішті қазіргі жас ұрпаққа құлаққағыс етіп айтып отырмын. Енді мұндай заңсыздық, саяси қуғын-сүргін болмасын, бола қалса, қол ұстасып, бірге шығыңдар. Қазақтың жоғын бірге жоқтаңдар, жұмсақ орындық, жайлы орын, майлы тамаққа сатылмаңдар дегім келеді. Надандықтың тереңі – сатқындық.
Зарқын Тайшыбай,
Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор.