Тоғызқұмалақ – әлемдік интеллектуалдық ойындардың озық үлгілерімен бой теңестіре алатын зияткерлік ойын, логикалық ойлау өнері. Бұл ойынның басты қасиеті – адам санасын жетілдіруге ерекше күш салады. Сан ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасап келе жатқан ұлттық ойын шахмат, дойбымен деңгейлес болса да әлі күнге халықаралық дәрежеге көтеріле қойған жоқ. Оның үстіне елімізде де тоғызқұмалақ ойнай білетіндердің саны аса көп емес. Ұлттық ойынды барша қазақ баласы білуі керек. Бұл жөнінде тоғызқұмалақтан Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аға жаттықтырушы Мейрамбек Утеновті әңгімеге тартқан едік.
– Тоғызқұмалақ – жеңіл ойын емес, сіз оны неше жаста үйрендіңіз?
– Жамбыл ауданындағы Қожаберген жырау атындағы қазақ мектебінде интернатта жатып оқыдым. Қателеспесем төртінші сынып оқып жүрген шағым болса керек, мектепте дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ сынды үстел ойындарына көп көңіл бөлінді. Оқушылар бос уақытын пайдалы өткізуі үшін тәрбиешілер түстен кейін түрлі ойындар ойнататын. Алғашында тоғызқұмалақ ойынына қатты қызығушылық таныта қойған жоқпын. Бірақ ережелері мен әдіс-тәсілдерін бірден ұғындым.
– Тоғызқұмалақ – шахмат, дойбы ойындары сияқты адамнан шыдамдылықты, салқынқандылықты, терең және логикалық ойлауды қажет ететін ақыл-ой спорты. Күрделілігі жағынан тоғызқұмалақ аталған ойындардан кем соқпайды. Алайда неге тоғызқұмалақ шахмат ойыны сияқты халықаралық дәрежеге көтерілген жоқ?
– Бұл өте күрделі сұрақ. Шахматты күллі әлем жұртшылығы ойнайды. Ал тоғызқұмалақ енді ғана таныла бастады. Еліміздің тоғызқұмалақ федерациясы ұлттық ойын түрін әлемге насихаттау мақсатында осы жылдың қыркүйек айында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынының бағдарламасына қосты. Оған 50-ден астам ел қатысады деп жоспарланып отыр.
Бұл бір адамның немесе белгілі бір ұйымның ғана атқаратын ісі емес. Ұлттық ойын болғандықтан ұлт болып атсалысып, ел ішінде де, шетелде де кеңінен насихаттауымыз керек. Алдымен өзің түсініп білмеген істі, өзгеге неге ұғынбайсың деп өкпе артқан бос әурешілік. Өзімізден бастауымыз керек.
– Ұлттық ойынды балалар қызығатындай етудің қандай жолдары бар?
– Қазіргі балалардың көбі тоғызқұмалақтың атауын білгені болмаса, қызығып ойнай қояды деп айта алмаймын. Өйткені ол көп ойлануды, ұзақ отыруды талап етеді. Ал қазіргі оқушылардың оған төзімдері жетпейді, оның үстіне қолдарындағы телефон оларға қызығырақ.
Балаларға алдымен тоғызқұмалақтың тарихын баяндап, ата-бабаларымыздың осы ойынды ойнау арқылы көсем, дана болғанын айтып барып олардың қызығушылығын оятқан жөн. Тоғызқұмалақтың балаларға арналған “Бестік”деген түрі бар, кішкентай балаларға алдымен соны үйрету керек. “Бестікте” бес қазандық, бес құмалақтан болатындықтан ойлауға жеңіл, есептеуге ыңғайлы. Соны жетік білгеннен кейін барып балаға тоғызқұмалақты үйреткен абзал. Алдағы уақытта тоғызқұмалақ федерациясының басшылығы осы “Бестікті” балабақшаларға енгізіп, алты жасқа дейінгі балалар арасында ел чемпионатын өткізуді жоспарлап отыр.
– Жақында депутаттар тоғызқұмалақтың атауын өзгертуді ұсынды. Бұл ұсыныспен келісесіз бе?
– Әлеуметтік желіден бұл ұсыныс жайлы көрдім де қайран қалдым. Депутаттың орынсыз ұсынысына жауап берген тоғызқұмалақ федерацияларының президенті Әлихан Бәйменов былай деді: “Мәжілістің бірнеше депутаты ұлттық мәдени мұрамыз тоғызқұмалақтың атын өзгерту қажет деп Үкіметке сауал жолдапты. Ғасырлар бойы халық пайдаланып келген төл атаудан жирену, қасиетті ұғымдарға немқұрайлы қарау – ұлттық құндылықтар аясында қоғамды ұйыстыруға бастамайтын іс екені сөзсіз. Көзі қарақты кез келген адам “бұлар басқаны қойғанда Абайды танымай, Әуезовті оқымағандар ма?” – деп қайран қалған шығар. Бастамашылардың кімді оқитынын білмейміз, бірақ қағидалы ақиқатты түсінбейтіні анық. Тоғызқұмалақ – ұлттың мың жылдық тарихы бар зияткерлік ойыны”. Мен бұл жауаппен толықтай келісемін.
– Мектеп қабырғасында ұлттық ойынды насихаттау, оқушылардың қызығушылығын ояту үшін қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?
– Қазір мектепте оқушылар оқитын сабақ саны айтарлықтай көп. Содықтан да тоғызқұмалақ ойынын мектеп бағдарламасына енгізіп, балаларға жаппай сабақ ретінде беруден еш нәтиже шықпайды. Менің ойымша, арнайы үйірмелер ашып, осы ойынға бейімі бар, қызығушылығы басым шәкірттерді тәрбиелеуді басты назарға алған жөн. Біз де соны істеп жүрміз.
Жасөспірімдер, жастар, ересектер және ардагерлер деген төрт буын бар, солардың арасында жеке-жеке жарыстар ұйымдастырылады. Мектеп лигасының жеке чемпионаты бар. Онда да жас айырмашылықтарына қарай 3-5, 6-8, 9-11 сынып болып бөлінеді. Ал облыстық деңгейде жасөспірімдер арасында екі, жастар арасында үш, ересектер арасында төрт жарыс және жылына бір рет ардагерлер арасында өтетін турнирді қосқанда шамамен он шақты жарыс ұйымдастырылады. Облыстық іріктеуде чемпион атанған 3 ұл мен 3 қыз республикалық додаларға қатысуға мүмкіндік алады.
– Тоғызқұмалақты дамыту жөніндегі жоспарыңыз қандай?
– Осы жылдың қаңтар айынан бастап тоғызқұмалақтан Солтүстік Қазақстан облысының аға жаттықтырушысы болып тағайындалған болатынмын. Содан бері ересектер арасындағы екі жарысқа барып қайттық. Алғашқысы Алматы қаласында өтті, Дүниежүзілік көшпенділер ойынына іріктеу болды. Екіншісі, мамыр айында Ақтау қаласында өткен командалық чемпионат. Енді кіші жасөспірімдер арасында өтетін жарысқа 10 бала жібермек ойдамыз. Барған жарыстың бәрінен қоржынымызды медальға толтырып қайтып жүрміз деп айта алмаймын. 1995-97 жылдары біздің облыс тоғызқұмалақ бойынша үздік үштікте болатын, кейін қаражат бөлінбеуіне байланысты үйірмелер жабылып, сабақтастық үзіліп қалды. Алдағы уақытта сол деңгейге қайта көтерілу мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз, талантты ойыншыларды мейлінше қанаттандыруға күш жігерімізді салсақ деген ойдамыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ.