«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫНЫШТЫҚ САҚШЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл өңірімізде болған су тасқыны солтүстікқазақстандықтар үшін оңайға соққан жоқ. Тілсіз жаумен күресуде Петропавл стансасындағы желілік полиция бөлімі қызметкерлері де аянып қалмады, ел басына қиын күн туғанда тәртіп сақшылары су тасқыны қауіп төндірген шағынаудандарды, учаскелер мен ауылдарды патрульдеуді күшейтті.

Су тасқынына қарсы іс-шаралар кезінде Петропавл стансасындағы желілік полиция бөлімі қызметкерлері облыстық полиция департаментінің қызметкерлерімен бірге тәулік бойғы рейдтік шараларға қатысты, қауіпті аймақтардан адамдарды, үй жануарларын эвакуациялауға көмектесті.

Өңірде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап, полиция капитаны Саят Баранбаев, полиция лейтенанты Мәди Төлебай және полиция майоры Дәурен Баяхметов басқа әріптестері секілді өз өмірлерін қатерге тігіп, қауіп төнген аймақтардан адамдарды, жануарларды құтқарумен айналысты. Олар су басқан үйлерінен шыға алмай қалған Ойқала шағынауданының бес тұрғынын қауіпсіз жерге жеткізген. Бүгін біз полиция майоры Дәурен Баяхметов жөнінде әңгімелеуді жөн көрдік.

Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын тамамдаған полиция майоры Дәурен Баяхметовтің Петропавл қаласындағы желілік полиция бөлімінде қызмет атқарып келе жатқанына 13 жылдың көлемі болған.

Кейіпкеріміз мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ішкі істер органында қызмет етуді армандаған екен.

Үлкен жауапкершілікті талап ететін жедел уәкілдің жұмысы – қылмысты ашу, әсіресе, қылмыстық істерді әрі қарай сапалы түрде жүргізу үшін қажетті дәлелдермен қамтамасыз ету. Полиция майоры Дәурен Баяхметов мамандық таңдауда қателеспеді. Қызмет барысында әртүрлі азаматтарға бірнеше рет көмек қолын созып, қызметінде оң көрсеткіштерге ие болды. Ұжымдастары Дәуренді тек жақсы жағынан сипаттайды.

Демалыс, мейрам күндері болсын, кез келген уақытта отағасын қызметке шақыртып алатынына отбасы мүшелері әбден үйреніп алған. Себебі жұмыс уақыты аяқталғанымен, полиция қызметкерлерінің міндеті аяқтала қоймайтынын олар жақсы түсінеді.

– Жұмысым өзіме ұнайды. Біз тәуліктің әр кезеңінде қызметке сақадай сай дайын болуымыз керек. Жалпы адам өзі таңдаған мамандығын жан-тәнімен жақсы көрсе, жұмысы нәтижелі болады ғой. Менің жұмысым – өмірімнің бір бөлшегі, – дейді ол.

Отбасында екі ұл өсіріп, оларға патриоттық рухта тәлім-тәрбие беріп отырған кейіпкеріміз зайыбы Зарифамен бірге бақытты ғұмыр кешіп келеді.

Теңдік МАЛДЫНОВА,

Петропавл стансасындағы желілік полиция бөлімінің қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp