«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚОҒАМДА МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА ҚАТЫСТЫ НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚ БАР”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

НЕ ҮШІН ДЕПУТАТ БОЛДЫМ?

Мені қала тұрғындары мүм­кіндігі шектеулі жандардың мүд­де­лерін қорғап жүрген адам ре­тінде таниды. 2009 жылдан бері депутат ретінде түрлі іс-шаралар­ға қа­ты­сып, мүмкіндігі шек­теулі жан­дардың жағдайын жақ­сартуға қатысты көптеген ұсы­ныстар айтып келемін. Сайлау­­­ға түсер алдында біраз ой­ла­нып, маған өтініш-тілектерін жет­­кізген жан­дарға көмектесу үшін депутат болуға бел будым. Мен әлеу­мет­тік желілерде де бел­сенді­мін, сол жерде тұр­ғындар тара­пынан өтініш-тілектер көп тү­се­ді. Олар көтерген мә­се­ле­лерді ұдайы назарда ұстай­мын.

2018 жылдан бастап Қазақ­стан халқы Ассамблеясының қол­дауымен елімізде бірінші бо­лып мүмкіндігі шектеулі жан­дарға арналған автомектеп аш­тым. Сондықтан маған өзге өңір­лерден де ақыл-кеңес сұ­рап, не болмаса өтініш-тілекте­рін айтып хабарласатын жан­дар көп. Депутат ретінде олар­ды қолдауға, жағдайларын аз да болсын жақсартуға мүмкін­дік ашылады деп ұйғардым. “AMANAT” партиясының “Ке­дергісіз келешек” бағдарла­масы аясында көптеген іс-шаралар өткізіп жатырмыз.

Мүгедектердің мәселесі маған етене таныс. Себебі өзім де Ш.Шақшақбаев атындағы қи­мыл-тірек аппараты зақымдан­ған балаларға арналған ТМД-дағы алғашқы инклюзивті мек­теп-интернаттың түлегімін. Бұл оқу орны өзіне артылған мін­дет­ті ақтады, мүмкіндігі шектеу­лі жандар үшін түрлі жетістік­тер­ге жетуге мүмкіндік ашты. Қазір енді өзім сияқты жандарға мүм­кіндігімше көмек қолын созуға даярмын. Себебі олар қоғам тарапынан қолдау бар екенін үнемі сезініп жүруі тиіс.

САЙЛАУШЫЛАРҒА ҚАНДАЙ УӘДЕ БЕРДІМ?

Мен сайлаушыларға уәде бер­ген жоқпын. Тек екі мәселе­ге тоқталдым. Оның бірі – еліміз бойынша ұшақпен ұшатын мүм­кіндігі шектеулі жандарға 50 пайыздық жеңілдік не болма­са үш жылдың ішінде бір рет бол­сын тегін ұшу мәселесін қарас­тыру. Еліміздің табиғаты өте ке­ре­мет. Мысалы біздің өңірдің кей­бір тұрғындарында еліміздің күнгей жағына, шығысы мен ба­тысына барып, түрлі тарихи-мә­дени нысандарды, көрікті жер­лерді аралауға мүмкіндігі жоқ. Ол жақтың тұрғындары да елдің солтүстігін көргісі келетін шығар. Мен жұмыс барысымен еліміздің көп өңірлерін арала­дым. Біздің елде тау да, жазық дала да бар. Маңғыстаудағы Боз­жыра шатқалын, не болма­са көршілес Ақмола облысын­да­ғы Бурабайды өз көзіңмен көргенге не жетсін?! Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандардың қалаған жеріне баруына жеңіл­дік жасалуы қажет.

Екінші мәселе – өзімнің сай­лау учаскеме жататын Жұмыс­шы кентінде жастарға арналған орталық жоқ. Тұрғындармен кез­дескен кезде олар осы мәсе­ле­ні көтерді. Аға буынның айтуын­ша, 1990 жылдары бұл жақта Ро­дина деген кинотеатр болып­ты. Сол маң жастардың бос уа­қыттарын тиімді өткізетін орын­ға айналған. Алайда ол жеке­мен­шікке өтіп кеткен, қазіргі таң­да жастар жиналып, бас қоса­тын орын жоқ. Бұл мәселе қала басшылығы­ның алдында ай­тыл­ды. Олар­дың тарапынан қол­дау бар. Бі­рақ көктемгі су тасқыны салда­рынан кейбір жоспарларды ке­йінге қалдыр­дық. Қазір зардап шеккендердің жағдайын жасау – күн суымай шешілуі тиіс мәсе­ле. Билік осы шаруаны тындыр­ғаннан кейін ойда жүрген жос­парларымызға қайта оралары­мыз анық. Қазіргі таңда шағын­ау­данда орталық ашуға ыңғай­лы ғимарат қарас­тырып жүр­мін. Мысалы Зареч­ный кентін­де жастарға арнал­ған “Көктем” деген екі қабатты орталық бар. Бір­інші қабатында жаттығу за­лы, биге, үстел ойындарына ар­налған орын бар. Ме­нің ойым­ша, Жұмысшы кентіне де осын­дай екі қабатты орта­лық қажет. Жұмысшы кенті үш сай­лау ок­ругіне бөлінген, сәй­ке­сін­ше ол жерде үш депутат бар. Осы де­путаттармен бірлесе отырып, осы мәселені шешу­ге атсалы­сатын боламыз.

Еңбек кодексіне сәйкес мүм­кіндігі шектеулі жандар сау адам­дарға қарағанда 1 сағат аз жұмыс істейді, бірақ толық ең­бекақысын алады. Сонымен қа­тар заңға сәйкес 1, 2 топтағы­лар салықтан, зейнетақы ауда­рымынан босатылған. Алайда олар тұрмыстық жағдайға бай­ланысты несие ала алмайды. Се­бебі банктер алдымен ай са­йынғы зейнетақы аударымына қарайды. Осы мәселені өңірі­мізге келген Мәжіліс депутат­тарына да айттық.

Қоғам тарапынан әлі күнге де­йін мүмкіндігі шектеулі жан­дарға қатысты немқұрайлылық бар. Мәселен, ойын-сауық ор­та­лықтарының, әлеуметтік-мә­дени нысандардың жанындағы автотұрақтарда мүмкіндігі шек­теулі жандар көліктерін қоятын арнайы орындар жоқ емес бар. Бі­рақ сау адамдар сол орын­дарға әлі күнге дейін таласады. Бұл – ішкі мәдениеттің төмен­дігі. Дені сау адам автотұрақта орын болмаса сәл алыстау жерге қойып, жаяу келе алады ғой. Ал мүмкіндігі шектеулі жан үшін артық жүріп-тұру оңай ша­руа емес. Тағы бір аңғарғаным, біздің халық шыдамсыз. Мүм­кін­дігі шектеулі жандарға ар­нал­ған автомектеп ашқан кезде осыған тағы бір мәрте көз жет­кіздім. Көлік рөлінде келе жат­қан курсантқа жолды босат деп дабыл басады. Көлік оқу-жат­тығуға арналғандығы және рөл­де мүмкіндігі шектеулі жан келе жатқандығы туралы белгі ба­рына да қарамайды.

Сонымен қатар біз “Инво­так­си” деген әлеуметтік жобаны жан­дандыру мәселесін көтеріп жа­тырмыз. Бұрын жоба аясын­да мүмкіндігі шектеулі жандар­ға 4 көлік қызмет көрсететін. Оны көп жағдайда жасы келген адамдар пайдаланатын. Өкі­ніш­ке қарай, бұл әлеуметтік жо­баның жұмысы бір жылдан бері тоқтап тұр.

ҚАЙ УӘДЕМДІ ОРЫНДАДЫМ?

Сайлаудан кейін Астана қа­ласында “AMANAT” партиясы­ның мүшелеріне арналған үл­кен форумға қатыстым. Сол ша­рада ұлттық экономика ми­нистр­лі­­гінің өкіліне сайлаушы­ларға берген уәдем – мүмкіндігі шектеулі жандардың ұшақпен ұш­уы­на үш жылда бір рет не бол­­маса билетті 50 пайыз же­ңілдік­пен алу туралы өтінішімді қарас­тыруды ұсындым. Осы ұсы­­нысты партияның өзге өңір­лер­дегі мүшелері де түсініп, әрі қарай қарастырып, жарты жыл өт­­пей өтінішіміз орындалды. “FlyArystan” әуе компаниясы жекелеген санаттағы адамдар үшін жеңілдік ұсынды. Яғни Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне (және оларға теңестірілген тұл­ғаларға) +1 еріп жүруші адамға – ​​100 пайыз, мүмкіндігі шектеулі жандар (1 топ) +1 еріп жүруші адамға – 50 пайыз жеңілдік жә­не 20 келі жол жүгін (бір жолау­шыға), 80 жастан асқан қарт адамдарға – ​​50 пайыз жеңілдік қарастырылды.

Мен “AMANAT” партиясы­ның “Кедергісіз келешек” бағдарламасы аясында рейдтерге жиі шығып тұрамын. Сол кезде аэропорт, темір жол вокзалына барғанымда мүмкіндігі шектеу­лі жандар үшін жақсы жағдай жа­салғанын, олардың қажетті­лігі ескерілгеніне көз жеткіздім. Мә­селен, пойыз белгіленген уа­қытынан кешіккен кезде қолар­ба­да отыратын мүмкіндігі шек­теу­лі жандарға қиын. “Сол кісі­лер­ге қандай жағдай жасал­ған?” – деген сауалымызға де­ма­лыс бөлмесін көрсетті. Со­ны­мен қатар билет сатып алу­ларына да ың­ғай­лы жағдай жасалыпты. Ол жерден қолар­ба­да отырған адам билет ала ал­майтын. Қа­зір сол жандар үшін те­резесі тө­мен касса ашы­лыпты.

ХАЛЫҚ МАҒАН СЕНЕ МЕ?

Мен бұрын ешқашан депу­тат боламын деп ойламаппын. Жо­ғарыда атап өткенімдей, қо­ғам­дық жұмыстарға араласқан кез­де мүмкіндігі шектеулі жан­дар­­дың маған сенетінін көріп, олар­дың мүдделерін қорғауға, өтініш-тілектерін жоғары жаққа жет­кі­зуге бел будым. Яғни мен ха­лық­­тың сеніміне ие болған­дық­тан депутат болып сайлан­дым. Ме­­­нің ойымша, сенімге ие бол­ған адам ғана депутат бо­луы тиіс.

2013 жылы Ақжан Кәрім еке­уіміз мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Ардос-жүрек” деген қоғамдық бірлестік ашқан едік. Сол кезде облыс аудан­да­рын аралап, мүгедектерге қа­тыс­ты қандай мәселелер ба­рын қарастырдық. Бұрын мүм­кіндігі шектеулі жандар кейбір қызмет түрлерін алу үшін облыс орталы­ғына келетін. Жақын ау­дандар­дың тұрғындары үшін бұл аса қиындық тудыра қой­мас. Бі­рақ шалғай аудандарда тұ­ра­тын мүмкіндігі шектеулі жандар бір жапырақ қағаз үшін Петро­павл­ға келуге мәжбүр. Қа­зіргі таң­да “электрондық үкімет” пор­талы арқылы бұл қағазбас­ты­лық ма­шақаты анағұрлым жеңілдеді.

Мемлекеттік қолдаудың та­ғы бір түрі – жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, еңбекті қорғау ор­гандарының мамандары аудан­дарға барып, тұрғындармен кез­деседі. Бұл да – ауылдағы аға­йынға көп жеңілдік. Жалпы бес жыл бұрынғы жағдаймен са­лыс­тырсақ, қазір мүмкіндігі шек­теулі жандар үйде қамалып отыр­ған жоқ, қоғаммен араласудан қорықпайды. Бүгінгі күні елі­мізде мүмкіндігі шектеулі жан­дардың қоғамда емін-еркін жү­ріп-тұруына барынша жағдай жа­салуда. Менімен интернатта, жо­ғары оқу орнында оқыған достарым – осы сөзімнің дәлелі.

Дайындаған

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp