Қала шетіндегі жаңадан бой көтеріп келе жатқан “Бірлік” шағынауданында тағы да қуаныш. Бұл жолы құрылысы аяқталған 47 баспана өз иелерін тапты. Осыған дейін су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 53 үйдің кілті берілген еді. Тұрғындарды қоныстойымен Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов, сондай-ақ демеушілер мен тұрғын үй құрылысына жауапты тұлғалар арнайы құттықтап келді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен келіп отырмын. Су тасқынынан келген зардаптың салдары толығымен қалпына келтіріліп жатыр. Өңірде бүгіндері қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның бір көрінісі – жаңа шағынауданда тұрғызылған 100 баспана. Небәрі аз уақытта салынған үйлердің сапасымен танысып шықтым. Ескеретін тұстары жауапты мамандарға айтылды. Солтүстік аймаққа күз ерте келеді, сондықтан да қалған баспаналар биылғы тамыз айының соңына дейін аяқталмақ. Ал бүгінгі жаңа баспана иелерін шын жүректен құттықтаймын. Жаңа шаңырақ ішінде өткізетін күндеріңіз жақсылыққа толы болсын! Жаңа үй құтты болсын! – деді Қанат Алдабергенұлы.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, “Бірлік” шағынауданында бой көтеріп жатқан 700 үй демеушілердің қаржысына тұрғызылмақ. Тағы 1300 баспана сатып алынбақ. Қазірдің өзінде 300-ден астам отбасы өздері таңдаған пәтерге қоныстаныпты.
Бұл істі атқару үшін облыстық әкімдіктің қоры мен меценаттар бөлген қаражат жеткілікті. 1 шілдеге дейін жергілікті әкімдік баспана сатып алуға қатысты жұмысты аяқтайды. Ал құрылысы жүріп жатқан үйлер 1 қыркүйекке дейін салынып болмақ. Баспаналардың сапасын бақылауда ұстау үшін арнайы комиссия құрылған.
Жаңа шағынауданда тасқын судан зардап шеккендер үшін салынып жатқан алғашқы 100 үйдің құрылысы 24 сәуір күні басталған болатын. “Бірлік” шағынауданында салынып жатқан 200 үйдің құрылысына “Қазақстан халқына” қорынан 5 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Аталған қор еліміздің 6 облысында баспана салу жұмыстарын қаржыландырған. Қоныстой иелерін қор төрағасының орынбасары да құттықтап, ізгі ниетін білдірді.
– Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға берілетін үйлер сапалы болуы керек. Алғашқы үйлер беріле бастады. Енді қалған баспаналардың да құрылысы тез арада аяқталып, тасқыннан зардап шеккен барлық тұрғындар баспаналы болса екен деп тілейміз, – деді “Қазақстан халқына” қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.
Жаңа баспанаға ие болғандардың бірі – Ғалия Хамзина. Ол отбасымен бірге 16 жыл бойы Былғары зауыты шағынауданында тұрған. Тасқын су салдарынан баспанасы тұруға жарамсыз деп танылған.
“Үйіміздің бір қабырғасы толықтай опырылып түсті. Мамандар баспанамызды апатты деп танып, жөндеуге болмайтынын айтты. Енді қайда барамыз, деп уайымдап едік. Әкімдік мамандары қуаныш сыйлап, жаңа үй беріп жатыр. Отбасымда алты адам бар. Жұбайым осы айдың соңында зейнетке шығады. Жаңа шаңырақта үлкен той жасаймыз деп ниеттеніп отырмыз”, – дейді қала тұрғыны Ғалия Хамзина.
Бүгінде “Бірлік” шағынауданы қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген. Жолдар салынып, серуендеуге және демалуға арналған аймақтарды абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Салынып жатқан балабақша да кыркүйек айында қолданысқа берілмек. Ал жақын арада жаңа шағынауданға қоғамдық көліктер де қатынай бастайды.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltustik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Аяжан НҰРАХМЕТ.