Қазақстан полициясының кәсіби мерекесіне арналған жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов тәртіп сақшыларын өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің атынан құттықтады.
Ғауез Торсанұлы су тасқынымен күресте зор көмек көрсеткен жергілікті полицейлерге алғысын білдірді. “Тұрғындарды эвакуациялау барысында облыс полицейлері ауқымды жұмыстар атқарды. Ең қиын күндерде экипаждар су тасқынында кезекшілік атқарып, өмірлеріне қауіп төнгеніне қарамастан құрлықта да, суда да қызмет етті. Күн сайын қиындыққа тап болған адамдарға көмекке келіп, қылмысты ашып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін жандардың еңбегі ұлықтауға лайық. Азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде полиция қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Сіздерге адал еңбек, кәсіби шеберлік, жоғары жауапкершілік тән. Алдағы уақытта да өздеріңізге жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, тұрғындардың заңды құқықтары мен ел мүдделерін қорғауға берік болатындарыңызға сенімдімін”, – делінген жүрекжарды құттықтауда.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында полицейлердің автокөлік паркі үзбей толығып, материалдық-техникалық базасы жаңарып келеді. Кәсіби мереке күні Марат Иманбайұлы полиция бөлімшелеріне 41 қызметтік және арнайы көліктің кілтін салтанатты түрде табыс етті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.