Өңірімізде жыл сайын қазақ тілін дамыту және оның қолданыс аясын кеңейту мақсатында “Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары” атты байқау ұйымдастырылады. Биылғы дәстүрлі шараға 8 қатысушы өз туындыларын жіберіпті.
– Бұл байқауға қатысушылардың арасында аудандарда қызмет ететін тілшілердің көбейіп отырғаны қуантады. Алдағы уақытта оның ауқымын кеңейтуді, талапкерлер қатарын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, – дейді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Ернияз Сұлтан.
Марапат иесі атанғандардың бірі – “МТРК” телеарнасының тілшісі Ақжүніс Мұқатай. Жас журналист өткен жылы 2-ші орын иеленсе, биыл Алғыс хатпен марапатталды.
“Өткен жылы қазақ тілін үйрету курсы туралы материал әзірлеген едім. Биыл қазылар алқасына оқушылардың қазақ тілінде тапсыратын емтиханы жайлы сюжетімді ұсындым. Мұндай байқаулардың жиі өткізілгені дұрыс деп ойлаймын”, – дейді Ақжүніс Мұқатай.
Байқауға қатысқан жүлдегер мен жеңімпаз атанғандардың ешқайсысы құр қол кеткен жоқ. Барлығына бағалы сыйлықтар табыс етілді. “Үздік мақала” номинациясы бойынша І орын Болат Амринге бұйырса, ІІ орынды Қайрат Дүйсенбі алды. “Үздік теле және радиобағдарлама” аталымы бойынша І орынды Сәлима Базарбекова жеңіп алса, ІІ орынға Нұрасыл Ахмет қол жеткізді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.