«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әлеуметтік қызмет талапқа сай ма?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің негізгі мақсаттарының бірі – мүгедектерді әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу.

Ведомство мүгедектердің медициналық-әлеуметтік мекемелерде және әлеуметтік қызметтер көрсететін басқа да ұйымдарда арнаулы әлеуметтік қызметтерді сапалы, толық және уақтылы алуын бақылауды жүзеге асырады. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік инспекторлары профилактикалық бақылау тізімі негізінде медициналық-әлеуметтік мекемелерде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында заңнаманың сақталуын тексерді. Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік қорғау жүйесінде барлығы 9 медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс істейді. Оның 2-уі – жалпы үлгідегі қарттар мен мүгедектерге арналған үйлер, 4-уі – әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, сондай-ақ әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығы, тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларға арналған интернат және мүгедектерді оңалту орталығы (жартылай стационар).

Қызметтер Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №165 бұйрығымен бекітілген стационар жағдайында халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартында көзделген көлемдерде және түрлерде көрсетіледі. Стационарлық үлгідегі ұйымның әрбір маманы лауазымдық нұсқаулыққа және жеке жоспарға сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге қатысады. Барлық әлеуметтік жұмыс мамандары біліктілік талаптарына сай жоспарға сәйкес аттестаттаудан және біліктілікті арттыру курстарынан өткен.

Барлық мекемелерде ас блогының қызметіне сәйкестік сертификаты бар. Биылғы жылы ас блогына микробиологиялық зерттеулер жүргізу үшін Ұлттық экономика министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ұлттық сараптама орталығының филиалымен шарттар жасалды. Ас үй блоктарында тағамды өңдеуге және дайындауға арналған қажетті ас үй жабдықтары бар. Сүт, ет және балық өнімдерін сақтауға арналған тоңазытқышпен қамтамасыз етілген. Қызмет алушыларға тамақ маусымға байланысты бекітілген мәзірге (перспективалы, ағымдағы, жеті күндік, диеталық) сәйкес ұсынылған. Ыстық тамақ жақсы өнімдерден дайындалып, тағамдардың калория мөлшері сақталуда. Күзгі-көктемгі кезеңдерде тағамдарды дәрумендермен байыту жұмыстары жүргізіледі. Қойма үй-жайларында, көкөніс қоймаларында барлық азық-түлік және көкөніс өнімдері сөрелерде, паллеттерде сақталады.

Барлық медициналық-әлеуметтік мекемелер санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келеді, тұрғын бөлмелер жиһазбен жабдықталған (бөлмелерде кереуеттер, тумбочкалар, шкафтар, үстелдер бар). Қызмет алушылар денсаулық жағдайы, жасы, жынысы және психологиялық үйлесімділігі ескеріле отырып, бөлмелер бойынша орналастырылған. Арнайы жабдықталған кабинетте шаштараз қызметтері көрсетіледі.

Күн сайын санитарлар жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, тұрғын бөлмелерді жинау бойынша іс-шаралар өткізіп тұрады. Үй-жайларды желдету және кварцтау режімі сақталған.

Гигиеналық рәсімдерді жүргізу үшін әрбір блокта санитарлық-тұрмыстық бөлмелер, монша-кір жуу кешендері бар. Сатып алынатын тауарлар (бірінші кезекте қажетті заттар және т.б.) қоймаларда сақталады, барлық тауарлар таңбаланады.

Денсаулық жағдайы ауыр адамдарды бақылаудың үздіксіздігі мақсатында паллиативтік палаталар қарастырылған қызмет алушылардың мінез-құлқы өзгерген кезде шұғыл медициналық көмек көрсету үшін дағдарыстық палаталар құрылды.

Сондай-ақ тексеру барысында бірқатар заң бұзушылықтар да анықталды. Мәселен, жеке жұмыс жоспарларында қызмет алушыларды бақылау кезеңі көрсетілмеген және байқау мерзімдері сақталмаған. Жоспарды бекіту күні, тағайындауды жүзеге асырған мамандардың қолдары қойылмай келген. Көрсетілетін қызметті алушылардың кейбір жеке жоспарларында қызметтердің 8 түрі жоспарланған, алайда жеке жұмыс жоспарын орындау жөніндегі журналда қызметтер толық көлемде орындалмайды. Сондай-ақ қызмет алушылардың жеке жоспарларында қызметтердің көлемі немесе жеке өткізілетін іс-шаралардың атауы бірдей толтырылып, зейнеткердің жасы және мүгедектің диагнозы ескерілмеген.

Жеке жұмыс жоспарын орындау жөніндегі журналдарда қызмет алушының жай-күйі туралы белгілерде баған дұрыс толтырылмаған. Сондай-ақ кейбір журналдарда негізгі диагнозға байланысты әлеуметтік-еңбек қызметі көрсетілмейтіні жазылған, алайда қызметтің бұл түрі жеке жоспарларда көрсетіледі.

Гаухар ГАБДУЛЛИНА,

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp