М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да құжат қабылдау комиссиясы жұмысын бастады. Талапкерлер шығармашылық емтихан тапсыратын мамандықтарға, атап айтқанда журналистика, дизайнерлік, дене шынықтыру мұғалімі және бастапқы әскери дайындық мамандықтарына құжат өткізеді. Аталған мамандықтарға түсу үшін түлектерге ҰБТ-дан 10 ұпай алса жеткілікті.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ қабылдау департаментінің директоры Гүлмира Оспанованың айтуынша, өңір түлектері үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, талапкер төрт рет ҰБТ тапсыратыны белгілі, барлық сертификаттары жарамды және ең жоғары нәтижемен гранттар байқауына қатыса алады.
Биыл жергілікті университетке 2 мыңға жуық грант бөлініп отыр. Солтүстік өңір биыл тасқыннан зардап шеккен облыс болғандықтан гранттың саны артқан. Демек, солтүстікқазақстандық түлектердің тегін оқу бөліміне түсуге мүмкіндіктері бар.
Жалпы университетте 86 мамандық бойынша білім беріледі. Білім ордасы Аризона университетімен әріптестік аясында кейбір мамандықтар бойынша қос дипломдық білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс істейді.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.