Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жер және оның жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Ал меншік құқығын халық атынан мемлекет жүзеге асырады. Жер сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттарда және шектерде жеке меншікте болуы мүмкін.
Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар жерді оның нысаналы мақсатына немесе елді мекендердің жерлеріндегі функционалдық аймағына сәйкес, уақытша жер пайдалану кезінде оның ішінде жалдау шартына сәйкес пайдалануға міндетті. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған пайдаланылмайтын жер учаскесі мақсатына қарай пайдаланылмау фактісі алғаш анықталған кезден бастап бір жыл ішінде жер кодексінің 94-бабында көзделген тәртіппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
Мемлекет басшысы тиісті ведомстволар алдына пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алып қою міндетін қойды. Тапсырманы орындау шеңберінде өңірде ведомствоаралық кіші топ құрылып, осы бағыттағы жұмысты жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. 2022-2024 жылдар аралығында кіші топтың 30 отырысы өткізіліп, барлығы 564,8 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекетке қайтарылды, оның ішінде егістік алқап – 94,6 мың, жайылым – 433,8 мың гектар. Бұл бағыттағы шаралар қарқынды түрде жалғасын тауып келеді. Пайдаланылмаған жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша сотқа (жалпы ауданы 49,6 мың гектар) 14 талап-арыз берілді, 131,3 мың гектар алқапқа қатысты 11 талап-арыз дайындалуда.
Мәжбүрлі түрде алынған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер халықтың жайылымдық жерлерге деген қажеттіліктерін өтеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысқысы келетіндерге жалға беріледі. Жыл басынан бері 228,4 мың гектар жер (барлық қайтарылған жер телімдерінің 40 пайызы) қайта бөлініп, жайылымдық жерлерге – 113,7 мың, ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысқысы келетіндерде 114,7 мың гектары үлестірілді. Тайынша, Ақжар, Мамлют аудандарында жайылымдармен қамтамасыз етуге үлкен мән берілуде, бұларда қайтарылған жайылымдардың жартысынан астамы ауыл тұрғындарына бөлінді. Мысалы, Ақжар ауданында 14 елді мекенде 42 мың, Тайынша ауданында 18 елді мекенде 30,6 мың, Мамлют ауданында 15 елді мекенде 11,2 мың гектарға ұлғайтылды. Ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысқысы келетіндер үшін 2022-2024 жылдар кезеңінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жалдау құқығын беру бойынша 44 конкурс өткізіліп, 114,7 мың гектер жер берілді.
Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алу және оларды халық арасында одан әрі бөлу мәселелері облыстық әкімдіктің тұрақты бақылауында.
Мейрам МЕҢДІБАЕВ,
облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы.