НЕ ҮШІН ДЕПУТАТ БОЛДЫМ?
Мені қала тұрғындары мүмкіндігі шектеулі жандардың мүдделерін қорғап жүрген адам ретінде таниды. 2009 жылдан бері депутат ретінде түрлі іс-шараларға қатысып, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсартуға қатысты көптеген ұсыныстар айтып келемін. Сайлауға түсер алдында біраз ойланып, маған өтініш-тілектерін жеткізген жандарға көмектесу үшін депутат болуға бел будым. Мен әлеуметтік желілерде де белсендімін, сол жерде тұрғындар тарапынан өтініш-тілектер көп түседі. Олар көтерген мәселелерді ұдайы назарда ұстаймын.
2018 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен елімізде бірінші болып мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автомектеп аштым. Сондықтан маған өзге өңірлерден де ақыл-кеңес сұрап, не болмаса өтініш-тілектерін айтып хабарласатын жандар көп. Депутат ретінде оларды қолдауға, жағдайларын аз да болсын жақсартуға мүмкіндік ашылады деп ұйғардым. “AMANAT” партиясының “Кедергісіз келешек” бағдарламасы аясында көптеген іс-шаралар өткізіп жатырмыз.
Мүгедектердің мәселесі маған етене таныс. Себебі өзім де Ш.Шақшақбаев атындағы қимыл-тірек аппараты зақымданған балаларға арналған ТМД-дағы алғашқы инклюзивті мектеп-интернаттың түлегімін. Бұл оқу орны өзіне артылған міндетті ақтады, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін түрлі жетістіктерге жетуге мүмкіндік ашты. Қазір енді өзім сияқты жандарға мүмкіндігімше көмек қолын созуға даярмын. Себебі олар қоғам тарапынан қолдау бар екенін үнемі сезініп жүруі тиіс.
САЙЛАУШЫЛАРҒА ҚАНДАЙ УӘДЕ БЕРДІМ?
Мен сайлаушыларға уәде берген жоқпын. Тек екі мәселеге тоқталдым. Оның бірі – еліміз бойынша ұшақпен ұшатын мүмкіндігі шектеулі жандарға 50 пайыздық жеңілдік не болмаса үш жылдың ішінде бір рет болсын тегін ұшу мәселесін қарастыру. Еліміздің табиғаты өте керемет. Мысалы біздің өңірдің кейбір тұрғындарында еліміздің күнгей жағына, шығысы мен батысына барып, түрлі тарихи-мәдени нысандарды, көрікті жерлерді аралауға мүмкіндігі жоқ. Ол жақтың тұрғындары да елдің солтүстігін көргісі келетін шығар. Мен жұмыс барысымен еліміздің көп өңірлерін араладым. Біздің елде тау да, жазық дала да бар. Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалын, не болмаса көршілес Ақмола облысындағы Бурабайды өз көзіңмен көргенге не жетсін?! Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандардың қалаған жеріне баруына жеңілдік жасалуы қажет.
Екінші мәселе – өзімнің сайлау учаскеме жататын Жұмысшы кентінде жастарға арналған орталық жоқ. Тұрғындармен кездескен кезде олар осы мәселені көтерді. Аға буынның айтуынша, 1990 жылдары бұл жақта Родина деген кинотеатр болыпты. Сол маң жастардың бос уақыттарын тиімді өткізетін орынға айналған. Алайда ол жекеменшікке өтіп кеткен, қазіргі таңда жастар жиналып, бас қосатын орын жоқ. Бұл мәселе қала басшылығының алдында айтылды. Олардың тарапынан қолдау бар. Бірақ көктемгі су тасқыны салдарынан кейбір жоспарларды кейінге қалдырдық. Қазір зардап шеккендердің жағдайын жасау – күн суымай шешілуі тиіс мәселе. Билік осы шаруаны тындырғаннан кейін ойда жүрген жоспарларымызға қайта ораларымыз анық. Қазіргі таңда шағынауданда орталық ашуға ыңғайлы ғимарат қарастырып жүрмін. Мысалы Заречный кентінде жастарға арналған “Көктем” деген екі қабатты орталық бар. Бірінші қабатында жаттығу залы, биге, үстел ойындарына арналған орын бар. Менің ойымша, Жұмысшы кентіне де осындай екі қабатты орталық қажет. Жұмысшы кенті үш сайлау округіне бөлінген, сәйкесінше ол жерде үш депутат бар. Осы депутаттармен бірлесе отырып, осы мәселені шешуге атсалысатын боламыз.
Еңбек кодексіне сәйкес мүмкіндігі шектеулі жандар сау адамдарға қарағанда 1 сағат аз жұмыс істейді, бірақ толық еңбекақысын алады. Сонымен қатар заңға сәйкес 1, 2 топтағылар салықтан, зейнетақы аударымынан босатылған. Алайда олар тұрмыстық жағдайға байланысты несие ала алмайды. Себебі банктер алдымен ай сайынғы зейнетақы аударымына қарайды. Осы мәселені өңірімізге келген Мәжіліс депутаттарына да айттық.
Қоғам тарапынан әлі күнге дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты немқұрайлылық бар. Мәселен, ойын-сауық орталықтарының, әлеуметтік-мәдени нысандардың жанындағы автотұрақтарда мүмкіндігі шектеулі жандар көліктерін қоятын арнайы орындар жоқ емес бар. Бірақ сау адамдар сол орындарға әлі күнге дейін таласады. Бұл – ішкі мәдениеттің төмендігі. Дені сау адам автотұрақта орын болмаса сәл алыстау жерге қойып, жаяу келе алады ғой. Ал мүмкіндігі шектеулі жан үшін артық жүріп-тұру оңай шаруа емес. Тағы бір аңғарғаным, біздің халық шыдамсыз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автомектеп ашқан кезде осыған тағы бір мәрте көз жеткіздім. Көлік рөлінде келе жатқан курсантқа жолды босат деп дабыл басады. Көлік оқу-жаттығуға арналғандығы және рөлде мүмкіндігі шектеулі жан келе жатқандығы туралы белгі барына да қарамайды.
Сонымен қатар біз “Инвотакси” деген әлеуметтік жобаны жандандыру мәселесін көтеріп жатырмыз. Бұрын жоба аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға 4 көлік қызмет көрсететін. Оны көп жағдайда жасы келген адамдар пайдаланатын. Өкінішке қарай, бұл әлеуметтік жобаның жұмысы бір жылдан бері тоқтап тұр.
ҚАЙ УӘДЕМДІ ОРЫНДАДЫМ?
Сайлаудан кейін Астана қаласында “AMANAT” партиясының мүшелеріне арналған үлкен форумға қатыстым. Сол шарада ұлттық экономика министрлігінің өкіліне сайлаушыларға берген уәдем – мүмкіндігі шектеулі жандардың ұшақпен ұшуына үш жылда бір рет не болмаса билетті 50 пайыз жеңілдікпен алу туралы өтінішімді қарастыруды ұсындым. Осы ұсынысты партияның өзге өңірлердегі мүшелері де түсініп, әрі қарай қарастырып, жарты жыл өтпей өтінішіміз орындалды. “FlyArystan” әуе компаниясы жекелеген санаттағы адамдар үшін жеңілдік ұсынды. Яғни Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне (және оларға теңестірілген тұлғаларға) +1 еріп жүруші адамға – 100 пайыз, мүмкіндігі шектеулі жандар (1 топ) +1 еріп жүруші адамға – 50 пайыз жеңілдік және 20 келі жол жүгін (бір жолаушыға), 80 жастан асқан қарт адамдарға – 50 пайыз жеңілдік қарастырылды.
Мен “AMANAT” партиясының “Кедергісіз келешек” бағдарламасы аясында рейдтерге жиі шығып тұрамын. Сол кезде аэропорт, темір жол вокзалына барғанымда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жақсы жағдай жасалғанын, олардың қажеттілігі ескерілгеніне көз жеткіздім. Мәселен, пойыз белгіленген уақытынан кешіккен кезде қоларбада отыратын мүмкіндігі шектеулі жандарға қиын. “Сол кісілерге қандай жағдай жасалған?” – деген сауалымызға демалыс бөлмесін көрсетті. Сонымен қатар билет сатып алуларына да ыңғайлы жағдай жасалыпты. Ол жерден қоларбада отырған адам билет ала алмайтын. Қазір сол жандар үшін терезесі төмен касса ашылыпты.
ХАЛЫҚ МАҒАН СЕНЕ МЕ?
Мен бұрын ешқашан депутат боламын деп ойламаппын. Жоғарыда атап өткенімдей, қоғамдық жұмыстарға араласқан кезде мүмкіндігі шектеулі жандардың маған сенетінін көріп, олардың мүдделерін қорғауға, өтініш-тілектерін жоғары жаққа жеткізуге бел будым. Яғни мен халықтың сеніміне ие болғандықтан депутат болып сайландым. Менің ойымша, сенімге ие болған адам ғана депутат болуы тиіс.
2013 жылы Ақжан Кәрім екеуіміз мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Ардос-жүрек” деген қоғамдық бірлестік ашқан едік. Сол кезде облыс аудандарын аралап, мүгедектерге қатысты қандай мәселелер барын қарастырдық. Бұрын мүмкіндігі шектеулі жандар кейбір қызмет түрлерін алу үшін облыс орталығына келетін. Жақын аудандардың тұрғындары үшін бұл аса қиындық тудыра қоймас. Бірақ шалғай аудандарда тұратын мүмкіндігі шектеулі жандар бір жапырақ қағаз үшін Петропавлға келуге мәжбүр. Қазіргі таңда “электрондық үкімет” порталы арқылы бұл қағазбастылық машақаты анағұрлым жеңілдеді.
Мемлекеттік қолдаудың тағы бір түрі – жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, еңбекті қорғау органдарының мамандары аудандарға барып, тұрғындармен кездеседі. Бұл да – ауылдағы ағайынға көп жеңілдік. Жалпы бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырсақ, қазір мүмкіндігі шектеулі жандар үйде қамалып отырған жоқ, қоғаммен араласудан қорықпайды. Бүгінгі күні елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамда емін-еркін жүріп-тұруына барынша жағдай жасалуда. Менімен интернатта, жоғары оқу орнында оқыған достарым – осы сөзімнің дәлелі.
Дайындаған
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.