Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған Қызылжар өңірінің делегациясы Ресей Федерациясының Омбы облысында жұмыс сапарымен болып, шекаралық аймақтың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын, ғылыми және мәдени орталықтарын аралады.
Қазақтың ағартушы ғалымы Шоқан Уәлихановтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, мемориалдық кешенде екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарға тағзым етілді. Сондай-ақ осындағы қазақ ұлттық мәдени ұйымының өкілдерімен жылы жүзді кездесу өтті.
Ғауез Нұрмұхамбетов пен Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценконың екіжақты кездесуі барысында әртүрлі салалар бойынша шекаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Қос тарап арасында сауда-экономикалық байланыстарды нығайтудың мол мүкіндіктерін тиімді пайдалану жолдары айтылды.
“ОмЗИТ”, “Планет-Центр” серіктестіктері мен “Qyzyljar” АЭА арасында ынтымақтастыққа негізделген меморандумдарға қол қойылды. Оның аясында өңірімізде жылу-энергетикалық қондырғылар шығару және орау материалдарын өндіру инвест жобалары жүзеге асатын болады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.