Облыс орталығының 34 жастағы тұрғыны өзіне тиесілі қойманы арақ-шарап құятын цехқа айналдырған. Заңсыз әрі қауіпті өнім тәркіленді.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлеріне акцизсіз алкогольді заңсыз сақтау фактісі туралы ақпарат келіп түскен. Тәртіп сақшылары облыстық экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлерімен бірге Петропавл тұрғынының үйін тексерді. Нәтижесінде оған тиесілі қоймадан құрамында спирті бар контрафактілі өнім шығаратын цех анықталды.
Үй-жайдан жалған акциздік маркалары бар құюға дайындалған 660 бөтелке, қолдан жасалған құрамында спирті бар өнім құйылған 44 бес литрлік пластикалық бөтелке, таза спирт құйылған 11 бес литрлік бөтелке, акциздік маркалар, шыны ыдыстар, 200 литрлік бөшке, спиртометр және басқа да жабдықтар тәркіленді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.