«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қаламды қару еткен

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгіндері ғасырдан астам тарихы бар өңіріміздегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы саналатын “Soltústik Qazaqstan” газетіне өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бері Алаш арыстары Мағжан Жұмабаев, Әбілқайыр Досов, Мұқан Әйтпенов, Смағұл Сәдуақасов бастаған отыздан астам адам редакторлық жасады. Солардың арасында биыл туғанына 95 жыл болатын Уәп Рақымжановтың да өз орны бар. Аталған мерейтойға орай Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында еске алу шарасы өтті.

Бұрынғы Көкшетау облысындағы Көкшетау ауданына қарасты Елтай ауылының тумасы Уәп Әшімұлы “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) газеті редакциясының табалдырығынан аттағанда қырыққа жаңа толған кезі болатын. Ол 1969 жылдың күзінде Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің шешімімен Солтүстік Қазақстан облыстық газетінің редакторлығына тағайындалғанға дейін журналистік қызметтің барлық баспалдақтарынан өткен.

Шарада Уәп Рақымжановтың қамқорлығын көрген әріптестері Жарасбай Сүлейменов, Айтбибі Қарменова, Өмір Есқали, өзге де азаматтар естеліктерімен бөлісті. “Мен Уәкеңнің көп жақсылығын көрген адаммын. Ол жас журналистерге ерекше қамқор болды. Іс-сапарларға ертіп жүретін, саналы ғұмырын қазақ баспасөзіне арнады. Газетке адал болды. Бізге де соны үйретті”, – деді Жарасбай Қабдоллаұлы.

Кеште Диас Серікбай, Гауһар Сартай сынды жас дарындар өз өнерлерін ортаға салды. Қаламгердің ұрпақтары ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, әке тәрбиесі туралы әсерлі сөз сабақтады.

Дамира ЖҮСІПОВА,

Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp