«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМНЫҢ ТАМЫРШЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Озық техноло­гия­лар­дың, оның ішінде интер­неттің қарыштап дамып, күнде­лікті тұрмысымыз бен тіршілі­гімізге, қолданысымызға ден­деп енгенімен, талай ға­сыр­­дан бері қойындасып, өмі­ріміздің бөлінбес бір бөлшегіне айналған газет-журнал, теле­ди­дар, радио сияқты бұқара­лық ақпарат құ­ралдарының рө­лі төмендемек емес.

АҚШ, Жапония, Германия сияқты экономикасы өркенде­ген өр­кениетті мемлекеттер таң­дай қақ­тырып, көз жанарын тұн­ды­ра­­тын нешеме әлем-жәлем әлеу­меттік желілерге шырма­уық­ша шырматылса да, мерзім­ді басы­лымдардан қол үзген жоқ. Бұ­лардың қайсыбірінде күніне жүз­деген мың тиражбен тарайтын үнжарияларға оқыр­мандар қы­зы­ғушылығы басым. Демек, ұлт көсемі Ахмет Бай­тұр­сынның “газет – халықтың кө­зі, құлағы hәм тілі” деген пайымы өз ма­ңызын әлі жойған жоқ де­ген сөз. Олай дейтініміз, елі­міз­де атқа­ры­лып жатқан сан-са­­ла­лы сая­си, экономикалық ре­фор­малар, өміршең бастама­лар­мен қатар шешімін табуы тиіс күр­меуі мол проблемалар, елең ет­кізетін жаңалықтар, жақ­сы тәжі­ри­белер, мемлекеттік мә­селе­лер, жеке адамның тағды­ры, от­ба­сындағы жанайқайға толы мұң мен келешекке жете­лей­тін үміт сәулесі – осының бә­рін же­ріне жеткізіп, иінін қанды­рып жа­затын да, қалың жұртшы­лыққа жеткізе­тін де, түсіндіретін де бұ­қаралық ақпарат құралда­ры. Қа­шан да қоғамның алдын­да жү­руді басты мақсат санай­тын жур­налистер армиясын “қа­ру­сыз майдан жа­уынгеріне” те­ңеу көп жайтты аңғартып тұр. Көк­темде топан су еліміздің бір­қатар өңір­леріне жайылып, қиын­­шылық ту­дыр­ғанда БАҚ-тың салмағы мен беделі анық білінді.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұ­хам­­­бетов Бұқаралық ақпарат құ­рал­да­ры қызметкерлері күні мере­кесі қар­саңында жергілікті жур­на­лис­тердің қатысуымен өткен жиын­да олардың еңбегіне “би­лік пен халық арасындағы ал­тын көпір” деген баға беріп, әр­кез қоғамдық өмірдің қайнаған ортасында жүретінін, маман­дық­тың қызығы мен қиындығы мол, зор жауап­кершілікті талап ететінін атап көрсетті.

“Байланыс пен коммуникация құралдарының қарқынды дамуына қарамастан, сіздердің мамандығыңыз ерекше қызық­ты және күрделі болып қала бе­реді. Бұрынғыдай оқырмандардың, тыңдаушылар мен көрер­мен­дердің сенімін ақтаған үздік дәстүрлер сақталып, жаңаша иірімдермен толығып келеді. Аза­маттық ұстаным және әділдікке ұмтылу, халықтың мүдде­лері­не адалдық қасиеттеріңіз – құрметке әбден лайық.

Мемле­кет бас­шысы атап өт­кендей, өз міндетін абырой­мен атқару үшін әрбір журна­лист мақсатқа ұм­ты­лу, ізде­нім­паздық пен жауап­кершілік танытуы қажет. Кәсіби ма­ман ешқашан шындықты бұр­ма­ламайды. Басқаша айтқанда, медиа өріс әділеттілік аума­ғына айналуы керек. Өңір журна­лис­терінің солтүстік­қазақстандық тұрғындарды су тасқынына қар­сы іс-шаралар туралы жан-жақ­ты құлағдар етіп, әр жа­рия­ланым­ға жедел­ділік пен шы­найылық бергенін айрықша атап өткім келеді”, – дей келіп, 26 ақпан­дағы кез­десу барысын­да БАҚ өкілдері тарапынан айтыл­ған ұсыныс-пікірлердің ба­қылау­да ұста­лы­натынын, жалпы журна­лис­терді ұлықтау кәсі­би мере­кемен шек­телмейтінін, жыл сайын өткізі­летін конкурс­тар­дың ереже­лері пысық­тал­ған­нан кейін ар­найы қаражат бөлінетінін, “Қы­зылжар жас­та­­ры” жеңіл­дікті ипо­текалық кре­диттеу бағдарла­ма­сына БАҚ қызмет­керлерін қосу мә­селесі ескері­летінін жеткізді.

Құттықтау рәсімінен кейін Ға­уез Торсанұлы республи­калық және облыстық басы­лымдар мен электронды ақ­па­рат құралдарында жемісті еңбек етіп жүр­ген бір топ жур­налиске Құрмет грамоталары мен Алғыс хатта­рын және ақ­шалай сыйақы тапсырды. Әріптесіміз, “Қызылжар-Ақпа­­рат” жауап­кершілігі шектеулі се­ріктес­тігінің бас редакторы Нұргүл Оқашеваға өңір бас­шысы­ның Құрмет грамотасы табыс­талғанын зор сүйініш­пен айта кеткен жөн.

Салтанатты шарада жур­на­листика саласының ардагері, жа­зушы-публицист Жа­расбай Сү­лей­менов, рес­пуб­ликалық “Еге­мен Қазақ­стан” газетінің өңір­дегі меншікті тіл­шісі Жақсы­бай Сам­рат, “Қы­зылжар-Ақпарат” ЖШС-ның директоры Ер­ба­қыт Аман­­тайұлы, тағы басқалары әріп­тесте­рін төл мерекемен құт­тықтап, жылы тілектерін арна­ды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp